Жанар Оспанова: «Халықтың медициналық сауатын арттырмай өлім-жітім азаймайды»

Oinet.kz 21-12-2018 773

Screenshot_34.jpg

Жанар Оспанова, Шардара аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері

– Жанар Мықтыбекқызы, еліміздің ұлық мерекесі Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасымыздың Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталғаныңыз құтты болсын!

– Рақмет! Елбасы марапатына ие болу мен үшін үлкен бақыт! Осындай республикалық деңгейдегі медалға лайық деп ұсынған ел тізгінін ұстап отырған азаматтарға, соның ішінде Түркістан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Кеңесбекұлына алғысым шексіз. Дегенмен, біз – медицина мамандары мемлекеттік дәрежедегі наградаларға қол жеткізу үшін жұмыс істемейміз. Басты мақсатымыз – дәрігер антын бұзбай, елге адал қызмет ету.

Мұндай марапаттың көңілімізді көкке көтеріп, жұмысымызды алға сүйреуге жаңа серпін берері сөзсіз. Сонымен бірге бізге еселеп жауапкершілік те жүктейді. Соған лайық болуымыз керек. Сол сенімге селкеу түсірмей еңбек ету – азаматтық парыз.

– Толқып тұрғаныңыз байқалады. Бірақ, бұл алғашқы марапатыңыз емес шығар...

– Бұл Мемлекет басшысының Жарлығымен маған табысталған алғашқы награда. Бірақ, бұған дейін «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталғанмын. Ел алғысына бөленіп, елеусіз қалған емеспін. Меніңше маған табысталған марапаттар жеке басыма емес, ұжым болып еткен еңбегімізге берілген баға. Әйтпесе, адамның жалғыз өзі мұндай жетістіктерді бағындыра алмасы анық. 

– Өзіңіз айтқандай үлкен жауапкершілік жүктейтін марапат ұжымыңызбен атқарған жұмыстарыңыздың көрсеткіші болуы да мүмкін. Дегенмен, дұрыс ұйымдастыру білікті басшының ғана қолынан келеді...

– Сіз асыра мақтап жібердіңіз. Ұжымның еңбегі дегеніме дәлелдер келтірейін. Мен 2013 жылдың 27 желтоқсанында Шардара аудандық емханасына бас дәрігер болып тағайындалдым. Оған дейін осы ұжымда жұмысымды терапевт болып істегенмін. Бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары лауазымын үш жыл атқарсам да қыруар тірліктің ортасында қаламын деп ойламаппын. Арада екі ай өтпей жатып-ақ өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс орталығына шақырылдық. Облыс әкімі орынбасарының төрағалығымен өткен есеп беру жиынында жер болдық. Өйткені «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша барлық көрсеткіштерде аудан ең соңғы орындарды иеленеді екен. Аталған бағдарламаның орындалуындағы 6 индикатордың 5-еуі қызыл, көрсеткіштерге жетпейді. Біреуі ғана сары – орташа. Қатқыл-қатқыл сөз естідік. Әрине, басқарма басшысы жылдың бітуіне үш-ақ күн қалғанда бас дәрігер болғанымды айтып арашалады... Дегенмен, Шардарадағы жағдай неге төмен? Соңынан санағанда екінші орында екенбіз. Жалпы, облыс басшыларынан ауыр сөз есту менің жігерімді жаныды десем де болады. Жұмысқа қайтып келген соң зерделеу жұмыстарын бастадық. Әр бөлімшеге өздерінің кем-кетіктерін, қиындықтарын тізіп жазып шығуды тапсырдық. «Бізді ешкім тексеріп жатқан жоқ, шындықты жасырмай айтыңыздар. Бұл біреуді кінәлау үшін емес, жоқ-жітігімізді түгендеп, индикаторлар бойынша көрсеткіштерімізді реттеуге қажет. Не себепті бұлай болғанын анықтай отырып, талқылап, жұмысымызды жандандыру, үйлестіру үшін керек» дедім. Орынбасарларымнан бастап қатардағы маманға дейін кірістік.

Сөйтсек, ең бірінші кезектегі мәселе – маман тапшы. 46 дәрігер жетпейді! Екіншіден, аудандық емхана материалдық-техникалық қамтылу жағынан ең төменгі жағдайда екен. Медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталу – бар-жоғы 36 пайыз! Үшіншіден, дәрігерлік көмек көрсететін ғимараттардың тозығы жеткен. Төртіншіден, санитарлық көліктердің 80 пайызы ескірген. Бұдан басқа проблемалар да жетерлік. Мамандардың біліктіліктері жетпейді... Ең бастысы – тұрғындар уақытылы дәрігерге қаралмайды. Мерзімін өткізіп, ауруын асқындырып барып келеді. Скринингтік тексерулерге шақыртып келтіре алмайсыз. Сол себепті аурудан болатын өлім-жітім көп...

Проблемаларымызды анықтап алған соң оның себеп-салдарына үңілдік. Не себепті маман тапшы? Өйткені аудан шалғайда болған соң мамандар келгісі келмейді. Мамандарға жағдай жасалмаған, айлық жалақы төмен. Қажетті тәжірибе алмасуға мүмкіншілік жоқ. Әр мәселені талдағанда осылай 10-15 кедергі шығып жатты. Соның бәрін сараптап, сол кездегі аудан әкімі Марғұлан Зұлқарнайұлына бардым. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының орындалу көрсеткіштерін тізіп хат жаздым. Оған тек аудандық емхананың бас дәрігері ғана емес, сонымен қатар осындағы барлық ведомство басшылары жауапты екенін атап көрсеттім. Ең алдымен әкімге «маман тапшылығы мәселесін шешіп беріңіз» деп кірдім. Әкім көмектесемін дегенімен ол кезде ешқандай нәтиже болмады. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасына да «резервте тұрған мамандарыңызды жіберіңіздерші» деп өтніш хат тастадым. Облыстағы мамандар жәрмеңкелеріне қатыстық. Жұмысымызды жарнамаладық, барлық жағдай жасалады дедік.

Ұзын сөздің қысқасы, 2014 жылы жазда бізге бірден 16 маман келді. Бәрі жалпы тәжірибелі дәрігер, ауылдарда тапшы мамандар. Қуана қарсы алып, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен бөліп-бөліп жайғастырдық. Үй-жайын шешу қиындау болды. Аудан әкіміне кіріп жүріп, ауылдық округ әкімдеріне міндеттетіп, баспана мәселесін шешіп бердік. Алғашқыда алтауын қоныстандырдық. Әрбіріне үй әпергенде өзім алғандай қуандым. Оларға 0 пайыздық көрсеткішпен кредит беріледі екен, соның есебінен әрқайсысына барған жерлерінен үй алып бердік. Бастысы – қажет маман тұрақтады. Осылай ынталандыру арқылы маман тарту бізге жыл сайынғы үрдіске айналды. Бірақ, тағы да қайталап айтамын, мен ешнәрсе ойлап тапқан жоқпын. Мемлекет қамқорлығын, жасалып жатқан қолдауды дұрыс пайдаландық. Болды, бары осы ғана. Бірақ, мұның бәрін мен жалғыз өзім атқара аламын ба, мәселе осында.

– Ұжымыңызды мақтан тұтады екенсіз. Десек те, қызметкерлеріне көңілі толмайтын басшыларды аз кездестірмейміз...

– Ұжымдағы әріптестерім, қызметтестеріммен мақтанатынымды жасырмаймын. Орынбасарларымнан бастап барлығы жұмылып, берілген тапсырманы шапшаң орындауға кіріседі. Бір-бірін қолдау кетуге дайын тұрады. Сол себепті де әріптестеріме рақмет айтқым келеді. Бірақ, бәрі сіз ойлағандай емес. Бізге сенім тапсырылған қызмет болған соң оның мүлтіксіз орындалу жолында аракідік болса да келіспеушіліктеріміз болып тұрады. Қандай жағдай болмасын ондай мәселелерді бір-бірімізді құрметтеу арқылы дау-дамайсыз өзара шешіп үйренгенбіз.

Жаңағы 16 маман ауылды жерлерде жетіспейтін дәрігерлердің орындарын толтырды. Арада бір жыл өткенде Шардара қаласында да маман тапшылығы байқалды. 40 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсететін 14 жеке бейінді дәрігер қажет болды. Оның ішінде хирург, травматолог, онколог, лор мамандары жетіспейді. Гинеколог тіпті тапшы. Талқылап, мұны да зерделедік. Мықты мамандарды шақырсақ келмейді. Не істеу керек? Тағы да жас мамандарды шақырдық. Жыл 12 ай «Қазақстан-Шымкент», «Отырар», «КТК» телеарналарынан жарнама бердік. Маман шақыру тегін емес, ай сайын табыс қорымызға түскен қаржыдан бөліп төлеп тұрдық. Нәтижесінде 5 маман – хирургтар келді. 2011-2012 жылдары мемлекет тарапынан салынған дәрігерлік амбулаториялардың жандарында тұрғын үй кешендері бар еді. Оларды резервімізде тұрған сол баспаналарға жайғастырдық. Сосын сол кездегі аудан әкімі Қамытбек Айтөреевке мамандарымызға баспана сұрап қайта-қайта хат жаздық. Аппараттық жиындарда айттым. Әкім «бұл мәселені аудандық мәслихат сессиясында көтер. Әйтпесе көмектесе алмаймыз» деді. Сессияның күн тәртібіне енгізуге көмектесті. Сосын сессияда баяндама жасап, мәселенің өзекті екенін депутаттарға түсіндіріп, дәлелдедік. Өйткені бағанағы бесеуден басқа шақырып қойған қажетті мамандарымыз бір күнде келе қалса, оларды да тұрғын үймен қамту қиындайды. Депкорпус қолдап, ауданда жаңадан салынған көпқабатты үйлер пайдалануға берілгенде ең алдымен медицина мамандарын баспанамен қамту қажеттігі туралы мәслихат шешімін шығарып берді. Сол сессияда риза болғаным, көпсалалы колледждің директоры, депутат Зәкір Табылдинов деген азамат орнынан атып тұрып, «Қатты ұялып тұрмын. Ауданда денсаулық сақтау саласында осындай мәселе бар екенін біз білмеппіз. Бірақ, бізде колледж жатақханасы бар. Бюджет есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Құрылыс аяқталған соң заңға қайшы келмесе сол жатақханадан 8 бөлмені медицина мамандарына бөлейін» деді. Жұрттың алдында уәде берді, мен рақметімді айттым. Көпсалалы колледж коммуналдық шаруашылыққа өтіп жатқан болатын. Оған аренда есебінен беруіне болатынын білетінмін. Айтқандай ол кісі уәдесінде тұрды. Әрине, алу оңай болған жоқ. Тиісті мекемелерге қайта-қайта сұраныс хаттар жаздық. Сөйтіп әрқайсысы 1 бөлмелі коммуналдық 8 пәтерге қол жеткіздік. Ол кезде аудандық орталық аурухана емханадан бөлек мекеме еді. Бірақ, мәселеміз ортақ болған соң оның бас дәрігеріне де «Баспана дайын, қажетті маманды шақыра берсеңіз болады» дедік. 2016 жылы ауданға келген 7 маманымыз – эндокринолог, хирургтар, статист дәрігер, Қарағандыдан көшіп келген уролог отбасымен сонда қоныстанды.

2017 жылы «Денсаулық» бағдарламасына сәйкес жаңа реформа бойынша аурухана мен емхана қосылып, бір мекемеге айналдық. Мен қайта құрылған аудандық орталық аурухананың бас дәрігері болып тағайындалдым. Сосын қайта зерделегенімізде әлі де маман тапшы екені анықталды. Ол кезде аудан әкімі Арман Айдарұлы болатын. Оған да тыным бермедік. Аппараттық жиын сайын сөз сұраймын. Сессиялардың күн тәртіптерінен түспеді, қаралатын мәселелердің қатарында медицина бір пункт болып тұрады.

– Ештеңе ойлап тапқан жоқпын дейсіз. Негізі барды ұқсата білу де үлкен өнер емес пе?

– Расы солай, біз тек мемлекет қамқорлығы мен қолдауын өз пайдамызға жарата білдік. Оның түк те құпиясы жоқ. Әркім өз жауапкершілігін дұрыс білсе, қызметін мүлтіксіз атқарса болғаны. Біз осы бағытта іздендік. Міндетіміздің маңыздылығына терең бойлаған сайын мәселелердің шешілу жолдары алдымыздан шыға берді. Мұқият қарап шықсақ, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасындағы да, оның алдындағы «Саламатты Қазақстандағы» да талаптар бізге – медициналық мекемелерге үлкен құзірет беріп қойған екен. Алты индикатор, бірінші – халықтың өмір сүру ұзақтығын 70 жастан асыру. Екінші – ана мен бала өлімін азайту. Үшінші – жалпы өлім-жітімді төмендету. Төртінші – туберкулезден болатын өлім-жітімді төмендету. Бесінші – жүре пайда болатын иммун тапшылығынан болатын өлім-жітімді төмендету. Алтыншы – жұмысқа қабілеттілік жас аралығын жоғарылату. Үкімет мұны бір емес, 8  министрлікке жүктеді. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы билік пен мемлекеттік мекемелерге теңестірілген ұйым басшылары да аталған бағдарламалардың толық іске асуына жауапты делінген. Сондықтан ортақ істе өз құзіретімізді пайдаланып, аудан әкіміне «Білімге сонша көп көңіл бөлесіздер. Ал, адамға ең қажетті денсаулық сақтау саласы жетім қыздың күйін кешіп жүр. Дегенмен, аудан әкімінің бет-бейнесі ең алдымен денсаулық. Ол сіздің визиттік карточкаңыз» деп назымды қайта-қайта айтып жүріп, барлық мемлекеттік мекеме басшыларына денсаулыққа баса көңіл бөлуді тапсыруды сұрадым. Бірақ, аудан әкімі болған азаматтардың қайсысы болса да бетімді қайтарған емес. Қолдап, қандай көмек қажеттігін өзімізден сұрайды. Бізге ауылдық округ әкімдерінен екі-ақ көмек керек. Біріншісі – дәрігерлерді баспанамен қамту. Екіншісі – жалпы өлім-жітімді азайту. Алғашқысы – материалдық көмек. Ал, өлім-жітімді азайтуды әбден зерделеп көргенімізде байқағанымыз – түпкі себебі халықтың медициналық сауаттылығының төмендігінде екенін анықтадық. Сосын барлық іш-шараны, күш-жігерімізді халықтың медициналық сауатын арттыруға жұмсадық. Соған лайықтап бір жылға оперативтік және стратегиялық жоспар жасадық. Орындалуы нәтижелі болуы үшін бір айлық, бір апталық жоспарларға бөліп-бөліп, жүйелеп алдық. Сөйтіп Қамытбек Айтөреев әкім болып тұрғанда әр тоқсан сайын үйлестіру кеңесін ұйымдастырып, оның орынбасары Бақтыбай Әліповтың көмегімен барлық ауылдық округтің әкімдерін жинадық. Оларға «Денсаулық» бағдарламасының орындалуын  бүге-шүгесіне дейін түсіндірдік. Облыс бойынша ең соңғы орында екенімізді, қызыл белгіден шығу үшін не істеу қажеттігін ұғындырдық. 13 ауылдық округтің әкімдерінің әрбіріне және елдімекендердегі дәрігерлік емханалардың аға дәрігерлеріне мемлекеттік бағдарлама бойынша қол жеткізуіміз тиіс межелерді белгілеп бердік. Орындалуын қадағалауға әкім орынбасары екеуміз қол қойдық. Тоқсан сайын жауап беріп отырдық.

«Халық – сіздердікі, олардың амандығына алдымен ауыл әкімдері, сіздер жауаптысыздар.  Біз – дәрігерлік көмек көрсетушілер ғанамыз. Сондықтан тұрғындарды жинап беріңіздер. Ақпараттандырып, уақытылы дәрігерге қаралу қажеттігін түсіндірейік» дедік. Сөйтіп елді мекендерді араладық, жұртпен жүздестік. Жұмыс күніміздің жартысын ауылдарға баруға арнадық. Ақсақалдардың, ауыл белсенділерінен тұратын қауымдастықтың  көмегімен жиындар өткіздік. Кардиолог, эндокринолог, гинеколог, травматолог, онколог, лор мамандардан мобильдік топтар құрып алып бардық, Әрбір жиын күні бұрын халыққа хабарланып, кездесу кестелері газет беттерінде жарияланды. Өзім бес маманымды бастап барып, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында біраз жыл оқытушы болғаным бар, лекторлық қабілетімді жұмылдырып, тұрғындарға денсаулық дәрістерін оқыдым.  Менің үшінші мамандығым – психотерапевт, әр кездесуге барған сайын халықтың жай-күйін біліп, көңілдерін көтеріп барып әңгіме бастаймын. Оларға әсіресе қатты ұнайтыны – Елбасының адамдардың ұзақ өмір сүру жасын ұзарту туралы тапсырмасы. Осыны айтқанда бәрі құлақ түріп, өмір сүруге талпынысы кәдімгідей артады. Соңынан алғыс айтып кетіп жатқандары қаншама. Дәрігерлерім де өз салалары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бірте-бірте халықтың қызығушылығы оянып, сұрап біле бастады. Сосын дәрігерлерге «пациенттеріңіздің ауырмауларын, проблеманың болмағанын қаласаңыздар, жұмыстарымыз жеңілдесін десеңіздер, жұма-сенбі күндері тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер» деп түсіндірдік. Кесте жасап, қолдарына бердік. Қарсы болғандар да табылды. Оларға «сізді мәжбүрлей алмаймыз. Сізде таңдау бар. Қаламасаңыз басқа емдеу мекемесіне ауысып қызметіңізді жалғастыра берсеңіз болады» дедік. Обалы не керек, әріптестерімнің көбісі қолдады. Қолдарына көтеріп алып кетуге болатын дәрі-дәрмек қобдишасын, медициналық құрылғыларын алып ел аралады. Сенбі күндері еткен еңбектеріне толық жұмыс күнінің ақысын төлей алмасақ та үнемделген қаржыдан, ақылы қызметтен түскен табыстан аз болса да беріп ынталандырып отырдық. 

Шақырып келтіре алмайтын адамдарды үйлеріне барып тексердік. Рентген, УДЗ аппараттарына дейін апардық. Бәрі тегін. Бұл бізге ерте кезеңдегі аурушаңдықты анықтауға көп көмектесті. Соның алдын алып, дер кезіндеу емдеу арқылы ғана жалпы өлім-жітімді азайтуға болады.  

Скринингтік тексерудің не екенін, қай уақытта дәрігерге қаралу қажеттігін, сол сияқты басқа да мәліметтер жазылған буклеттерді шығарып, әрбір мереке, жиын сайын тараттық. Онымен қоймай халықтың сауаттылығын арттыру үшін викториналық ойындар ұйымдастырып, қолындағы қағазға қараса да қай уақытта, қандай жағдайда дәрігерге қаралу қажеттігін көптің алдына шығып дұрыс айтып берген адамдарға түрлі ынталандыру сыйлықтарын тараттық. Оған бюджеттен қаржы қаралған емес, өзіміздің табыс қорымыздан жұмсап келеміз. Солай болса да скринингтік тексерулерден уақытылы өту керек деген ұғымдарды қалыптастырдық. Мұндай кездесулеріміздің барлығын фотоаппаратқа түсіртіп, бейнетаспаға жаздыртып архивімізге сақтап қойдық. Ол біздің кейінгілерге өнеге болар тарихымыз.

Арман Абдуллаев әкім болып тұрғанда қоғамдық кеңес шақырып, сол жерде денсаулыққа басымдық беру қажеттігін айтып, бастап беруді сұрадым. Тіпті басқаларға сабақ болуы үшін өлім-жітімі көп ауылдық округтің әкімі мен дәрігерлік амбулаторияның аға дәрігеріне де халқының медицицналық сауаттылығының төмендігі үшін сөгіс, ескерту беріп қоюды да сұрағанбыз. Бұл біреуді тұқырту үшін емес, денсаулықты жақсарту үшін жасалған қадам еді. Солай болды да. Расында да қолға алынып жатқан жұмыстардан бейхабар әкімдер бар екен, екі-үшеуі сөгіс алды. Дәрігерлердің де басынан сипаған жоқпыз. Сол күнгі сағат 15:00-де басталған жиын 17:00-де аяқтала салысымен ауыл округтерінің әкімдері емханаға бізді іздеп келді. Емдеу ісі жөніндегі орынбасарымның есігін күзетіп, ай сайын мемлекеттік бағдарламаның индикаторларын, өздерінің көрсеткіштерін, түсінбегендерін сұрап әлекке түсті. Сөгіс алып қалмауды ойлап келсе де бұл да бір жақсылықтың нышаны. Солай олармен тығыз байланыста жұмыс жасап кеттік. Орынбасарларыма, дәрігерлеріме «алдарыңызға әкімдер келіп мәлімет сұрап тұрса, көмектесіңіздер. Қандай адам болса да өзінің денсаулығы үшін келсе де арқасынан қағып, рақмет айтып жіберіңіздер» деймін.

Ақпаратандыру, түсіндіру жұмыстарының нәтижесі керемет болмаса да әйтеуір ілгерілеу байқалады. Оған соңғы екі жылда Шардара ауданында ана өлімінің тіркелмегені мысал бола алады. Нәрестелердің өлім-жітімі де азайды. Бұрын сәбилердің шетінеуі неге көп болды десек, олардың басым бөлігіне тұншығып ауа жетпей қалады екен. Жас аналар емізіп жатып ұйықтап кетіп тұншықтырып алады. Бесікте шетінеп кетеді. Негізі бесікке бөлеген баланы емізуге болмайды. Қолға алып қоректендіру керек. Сосын басын көтеріп, кекіртіп болғаннан кейін ғана жатқызуға болады. Әйтпесе, ішкен сүті кекіргенде тыныс алу жолдарына түсіп кетіп тұншығады. Соңы қайғылы жағдайларға апаруы мүмкін. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу үшін де жас аналарға дәріс оқыдық.

Өзім идея тастап бастап берген істі әріптестерім одан әрі дамытып алып кеткенде, нәтижесі мен күткенедегіден де жоғары болып жатады. Көбейіп кеткен онкологиялық ауруларды, туберкулезді төмендету, олардан болатын өлім-жітімді азайту үшін қайтсек болады деп бас қатырып жүргенде «Біздің Елена Малышевадан қай жеріміз кем?» деп эндокринолог дәрігерім келді. Оның ойы бізге 2015 жылы облыста алғаш болып денсаулық мектептерін ашуға түрткі болды. Идеямызды іске асыруға көмектескен Үрбибі Молданазарова деген кәсіпкер апамыз екіқабатты ғимаратын халық үшін тегін берді. Халықтың медициналық сауатын ашу үшін оқытпақ болғанбыз. Сонда қант диабетінің пайда болу жолдарын көрсетуіміз керек еді. Әлгі менің эндокринологым мөлдір түтікшелерге баклажкаларды жалғап, біріне кәдімгі Шардараның құмын толтырып, оның үстіне су құйды. Сол сұйықтықпен ағып барып құм қалдықтары түтікшенің қабырғаларына тұрып қалып жатты. Мұны ауру адамның қан айналым құрылысы деді. Ал екіншісіне құм қоспай таза суды құйды. Бұл дені қан тамырларындағы процесс екен. Солай жиылған жұртқа көрсеткенде әсері сұмдық болды. Адамдар қалай қант диабеті туындайтынын содан көріп, бірі-біріне айтып жүрді. Солай бастама көтеріп, денсаулық мектептерінің жобасын, бағыт-бағдарын айтып, аздап көмек бергенім болмаса, кейін олардың жұмысы жанданып кеткенде өзім де таң қалдым. Әр маман өздерінің бұрышын жасаған кезде олардың қарым-қабілеттері мен ойлағаннан да жоғары екенін анық байқадым. Тек оларды осылай жігерлендіріп отыру қажет.

– Ана өлімін болдырмау жәй ғана жетістік емес қой. Денсаулық мектептерін облыста алғаш болып Шардарада ашылғанын да екінің бірі білмейді. Барды ұқсатып, депутат болмасаңыз да билікті халыққа жақындатуға деген ұмтылысыңыз қуантады. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасымен меморандумға отырған әлемнің үздік клиникаларына барып, тәжірибе алмасып жүрсіздер ғой. Шет елдермен салыстырып айта аласыз ба, жалпы бізге бұл салада не жетіспейді?

– Біз тек өзімізге қатысты жұмыстарды атқарып келеміз. Елге қызмет ету үшін әкім не депутат болу міндетті емес. Біз жасасақ – бәрі өзіміз үшін.

Былтыр Денсаулық басқармасы бізді – аудандық ауруханалардың бас дәрігерлерін тәжірибе алмасуға Оңтүстік Кореяға жіберді. Олардан үйренеріміз көп екен. Клиникаларының жұмыстарымен танысу барысында геморрагиялық аурулардан болатын өлім-жітім 20 пайыздан аспайтыны айтылды. Ал бізде – 80 пайыз! Маған мүмкін еместей көрінген көрсеткіш түстенуге барсақ та ойымнан шықпай қойды. Солай болған күннің өзінде кореялық дәрігерлер мұндай жетістікке қалай жетті? Тамақтанып отырсақ та маған тыным бермеген сауалымды қойдым. Сөйтсек, бізге бәрін баяндап, таныстырып жүрген әріптесіміздің айтуынша, бұған олар халықтың медициналық сауатын арттыру арқылы қол жеткізіпті. Оңтүстік Кореяда меншік түріне қарамастан мекемелерінің барлығында басшының бір орынбасары медицина маманы не сол саладан хабары бар болуы тиіс екен. Сондай заңы бар болып шықты. Ал, олардың қызметіне не кіреді дейсіз ғой. Жұмысшыларының денсаулығына жауапты орынбасары ұжымда аптасына екі рет медицина сабақтарын өткізіп, бірінде дәріс берсе, басшының қатысуымен өтетін екіншісінде оқушыдан сабақ сұрағандай әріптестерінің медициналық сауатын тексереді. Қарапайым ғана ережелер – ауырмаудың жолдарын, ұзақ әрі сапалы өмір сүрудің сырларын үйретеді. Айлық жалақы төлегенде жұмысты жақсы істегенімен қатар медициналық сауатының деңгейі де ескеріледі. Қалған уақытта әлгі орынбасары жұмысшылардың денсаулықтарын бақылап, өздеріндегі күнделікті тексерулерден бөлек дәрігерге уақытылы қаралуларының мүлтіксіз орындалуын қадағалайды. Міне, сондықтан оларда біздегідей ел аралап тұрғындарға түсіндіру, скринингтік тексерулерге шақыру деген сияқты мәселелер жоқ. Ал, бізде басқаны айтпағанда аудан әкімі орынбасарларының бірі де медицина маманы емес. Мұндай жағдайда денсаулық сақтау саласына жауапты орынбасардың өзіне де қайта-қайта түсіндіру керек болады. Түсінбесе, өзі ауырмайынша сезінбесе, медицина сол ауданда жетім қыздың күйін кешіп қалуы ғажап емес. Маман ретінде айтарым, отандастарымыздың ұзақ әрі сапалы өмір сүргенін шын қаласақ, Елбасы тапсырмасын орындаудың жолы – бізге Оңтүстік Кореядағыдай еліміздегі барлық мекмемелерді меншік түріне қарамай жалпы міндеттейтін заң қажет.

– Орынды ұсыныс, жүзеге асады деп ойлаймын.  Жыл аяқталып келеді, қандай жетістіктермен қорытындыламақсыздар?

– Бұл жыл біз үшін табысты болды. Облыста Шардара аудандық ауруханасы 3Н жүйесін алғаш болып іске қосты. Аудан әкімі Болат Қыстауовтың көп қолдауын сезіндік. Нәтижесінде жұмысымыз кәдімгідей жүйеленіп, пациенттерге де ыңғайлы екені бірден аңғарылды. Ризашылығын білдірген Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Кеңесбекұлы басқа аудан-қалалардағы аурухана басшыларын жинап әкеп, оларға үлгі ретінде көрсетті. Шалғайдағы шағалалы Шардара тәжірибесін өздері басқаратын емдеу мекемелерінде ендіруді талап етті. Содан соң келген олардың орынбасарлары, бөлімше меңгерушілері, бас мейіргерлеріне дәрігерлеріміз өздеріне бекітіліп берілген қызметтік бөлмелерін таныстырып, қалай жұмыс істейтінін түсіндіргенде бұрынғыдан да белсіндірек бола бастады. Жұмысқа деген құлшыныстары кәдімгідей артты. Тіпті жүздері бал-бұл жайнаған қызметкерлер маған келіп, қызмет көрсету сапасын арттыру туралы ұсыныстарын, талаптарын айта бастағанда қуанышымда шек болмады. Ұйымдастыруды, оның нәтижесін ойласам да дәл бұлай болады деп күткен жоқ едім. Оларды көргенде менің де құлшынысым артып, жауапкершілігім еселенгенін жасырмаймын. Бұл қызметкер мен мекеме мақсатының үндескенінің жемісі!

Екінші жетістігіміз 13 елдімекенге модульді медпунктер орнаттық. Бұрын шалғайдағы ауылдарға дәрігерлеріміз қобдишасын арқалап барып қызмет көрсететін. Енді тұрғындар елді мекендердегі жаңа пункттер мамандарының қызметіне жүгінеді. Көмектескен облыс әкіміне, жұмысымызды осылай жеңілдеткен басқарма басшысына үлкен рақмет.  13-іне бірден қол жеткіземіз деп ойлаған да емес едік. Үшіншіден, 4 емдеу мекемесінің ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Аурухананың жан сақтау бөлімі толық жаңарып, заман талаптарына сай медициналық құрылғылармен жабдықталды. Перзантхана бөліміміз де толық жаңартылды.

Ең бастысы биыл облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлының тікелей тапсырмасымен үйлерден ұсынған 8 маманымыздың жетеуі баспанаға қол жеткізді. Енді бұдан артық не керек?! Әрі қарай дәрігерлерге білім-біліктілігін арттырып, жинақтаған тәжірибесін елдің денсаулығын жақсартуға жұмсауы ғана қалды.

– Уақыт бөліп, сыр бөліскеніңізге рақмет!

Әңгімелескен Ж.ТЕМІР

Тоқаев кімдердің жұмысқа шығатынын айтты
Жаңажылдық ойыншықтарды қалай таңдау керек?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу