"15 құрсақ көтерген": Ақтөбеде 111 жастағы әжейдің қыздары жанайқайын айтты

Oinet.kz 30-03-2020 2333

Ақтөбе қаласында ғасырдан аса уақыт өмір сүрген Бақыт Абигова есімді әжей тұрады. 15 құрсақ көтерген 111 жастағы ана бүгінде 70 мың теңге ғана зейнетақыға күн көріп отыр деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі. 

image.png

111 жастағы Бақыт Абигованы 60 жастан асқан кіші қызы екі бөлмелі үйінде баласындай бағып отыр. Қарт кісі соңғы екі жылда төсек тартып жатып қалған.

"Анамның жұмыс істегені туралы құжаты жоқ. Сақталмаған. Қазір зейнетақысы 70 мың теңге. 111 жыл өмір сүрген, зейнетке шыққанына 55 жыл болған анама осындай көлемде зейнетақы төленеді. Оның өзінде кешегі қосқан ақшамен өсіп тұр. Бұрын одан да аз алатын. Анамызды көпбалалы ана ретінде де тіркете алмадық. Әкімдіктегілер тірілерді ғана есепке алатынын айтты. Бұл кісіде жағдай басқа емес пе? Балалары ер жетіп, ата-әже болып өмірден өткен" ,- дейді қызы Нұрсұлу. 

Фото: Әженің кіші қызы Нұрсұлудың жеке мұрағаты

Фото: Әженің кіші қызы Нұрсұлудың жеке мұрағаты 

Кейуана 15 құрсақ көтерген. Оның сегізі ғана ер жетіп, отбасылы болған. Қазір бес баласы бар. Олардың алдының өзі 80 жастан асқан. 15 жылдан бері Ақтөбе қаласындағы қызының қолында тұратын әжейдің шаңырағында осыған дейін жергілікті әкімдер болмаған. Атаулы мерекелерде құттықтаулар да жіберілмеген. Қария тек биыл 111-ші көктемінде алғаш рет министр Біржан Нұрымбетовтан құттықтау алған. 

"Осыған дейін мен анама памперс сұрап әкімдікке бірнеше рет барғанымда, үш рет қайтарып жіберді. Бізге тек Келдібай Есмағамбетов ағамыз көмектесті. Ол кісі қиналып жүргенімізде өз қаражатына памперс те алып берген. Сол кісінің ықпалымен мемлекет беретін памперс, қол арбаға қол жеткіздік. Биыл 8 наурыздан бастап анамды құттықтап үйге бір топ қыздар келді. Мәселе сыйлықта емес, көңілде", - дейді қызы анасына келген министрдің құттықтауын көрсетіп. 

Шөпшегінің қолынан су ішкен кейуана Орал қаласының Қаратөбе ауданында туып өскен. Кейін Башқұрстан жаққа көшіп, 1960 жылы елге келген екен. 

Фото: Әженің кіші қызы Нұрсұлудың жеке мұрағаты

Фото: Әженің кіші қызы Нұрсұлудың жеке мұрағаты

"Қыздарын таниды. Үлкен апам 82 жасқа толды. Ол кісінің аяғы ауыратын еді. Сол апам хабарласса "аяғы қалай екен" деп анамыз ұмытпай әлі сұрап отырады. Ақтаудағы апамның ауыратын белін сұрайды. Бәрін біледі, есі бар. Бұл кісілер ұзақ өмір сүрудің құпиясы деп шипажайға да барған емес. Жастайынан қиындық көрген анама Алланың берген өмірі", - дейді қызы. 

Әжейге көмек қолын созған өңірдің белсенді азаматы қарт кісінің жағдайын тиісті орындарға хабарлағанын айтады.

 "Өмірімде осындай ғасырдан аса жасаған адаммен жолығамын деп ойламаппын. Құдай кездестірген шығар. Күйеу баласы көмек сұрап келді. Сұрап қарасам, анамыздың жағдайын айтты. Қолымнан келгенінше көмегімді беріп, ол кісі туралы туралы тиісті орындарға хабар бердім. Қазір барлық сұрақ шешіліп жатыр. Бақыт апамыз секілді аналардың ортамызда жүруінің өзі бақыт. Осы аналарымыз арман еткен тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Олар әлі күнге дейін елдің тыныштығын, келешегі орнықты болуын тілеп жатқан жандар", - дейді ардагер Келдібай Есмағамбетов.

Алматы облысында коронавирус жұқтырған әйел Өзбекстаннан тойдан келген
Қытайлық дәрігерлер коронавирустың күн сайынғы белгілерін айтып берді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу