Жамбыл облыстық ауруханасы

Oinet.kz 12-09-2018 1290

oblbolnica.jpg

Айта кетейік, бүгінгі әңгімемізге арқау болған Жамбыл облыстық ауруханасының ұжы¬мында кәсіби сауаттылығы, білік-параса¬тымен жұртшылықтың ықыласына бөленіп жүрген медицина саласының майталмандары еңбек етеді.

Аурухана 1873 жылы Әулиата өңірінде уездік шағын амбулатория және күндізгі ем қабылдау мекемесі (приемный покой)  есебінде ашылған. Медицина қызметкерлер саны саусақпен санарлық еді. Жұқпалы аурулар (оба, тырысқақ, іш сүзегі, дизентерия және т.б.) уезд тұрғындарын баудай жайпап жататын өте  ауыр, қасіретке толы  жылдар болатын. Ауыл тұрғындары бақсылар мен халық емшілеріне, тәуіптер мен балгерлерге қаранып, емді солардан іздейді екен. Өйткені, дәстүрлі медицина ауыл-аймақта олар үшін қолжетімсіз болатын.

Ал 1939 жылы Жамбыл облысы Оңтүстік өңірден бөлініп,  дербес облыс болған кезде облыстық ауруханасы болып өзгертілді. Жылдар өте оның құрамынан көптеген облыстық, қалалық  емдеу мекемелері бөлініп шығып, жеке ауруханаларға, диспансерлерге айналды.

Өзіңіз байқағандай, облыстық аурухана бір жарым ғасырға жуық халыққа тұрақты қызмет жасауда. Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң аурухана замана талабына сай жаңа диагностикалық және емдік жаңа үлгідегі қондырғылармен жабдықталды, бірнеше жаңа бөлімшелер (кардиохирургия, нейроинсульттік, рентгено-васкулярлық, МРТ  және т.б.) ашылды. Дәрігерлердің біліктілігі де артты. Зертхана жаңа апараттармен, аспаптармен жарақтандырылды. Рентгендік зерттеулер де заман талабына сай қызмет етуде.

Аурухана жанынан нейроинсульт бөлімшесі ашылғанына 4 жылдан астам уақыт болыпты. Бұрындары инсульт ауруы жазылу жолы қиын, ауыр дерт қатарына жатқызылып, неврология бөлімшелерінде ем-дом қабылдайтын. Қалпына келтіру (реабилитация) шаралары жоқтың қасы болатын. Жаңадан іске қосылған осы 40 төсектік бөлімнің жұмысы бүгінде қызу. Дертіне шипа тапқандар да жетерлік. Дәлірек айтсақ, тоғыз айдың ішінде осы бөлімшеден екі жүзден астам науқас оңалып шыққан.

Осы орайда, біз облыс көлемінде қан қысымы жоғары науқастарды емдеу барысы және оның алдын алудың жолдары туралы білгіміз келіп, облыстық аурухананың бас дәрігерінің емдеу жұмыстары жөніндегі орынбасары Гүлзира Абуевамен тілдескен едік:

– Бөлімшенің ашылғанына көп уақыт өтпегенімен жұмыс жүйелі де сапалы жүріп жатыр деп толық айтуға болады. Оған қоса облыста алғашқылардың бірі болып ашылған нейроинсульт орталығы. Нақты кезеңде облыс тұрғындарынан бөлек, қатар жатқан Қырғыстаннан да науқастар келіп ем алуда. Жыл басынан бері 9 айдың ішінде 220 науқас түсіп, оңалып шықты. Алдымен ауруханаға келген науқасқа компьютерлік томография жасалып, нақты диагноз қойылғаннан кейін қажет болса жан сақтау бөліміне жіберіледі. Жағдайы жақсарған соң жалпы бөлімге шығарылып, емін алады. Емдеу ұзақтығы науқастың жағдайына байла¬нысты он күннен жиырма тәулікке дейін созылуы мүмкін. Егер науқас толық айығып кетсе үйіне, ал әлі де емді қажет ететін болса, қайта қалпына келтіру бөліміне жібереміз. Медициналық көмектің барлығы тегін жүргізіледі. Ескеретін жайт тромблизис әдісі бойынша науқасты толық айықтырып жіберуге мүмкіндік бар. Ол үшін азамат ауырғаннан бастап үш сағаттың ішінде орталыққа келіп болуы тиіс. Тілі күрмеліп, қан қысымы көтеріле бастағанын сезсе, дереу жедел жәрдем көлігін шақыртып, орталыққа келуі керек. Олай дейтінім, алғашқы үш сағатта тромблизис әдісі арқылы, яғни арнайы дәрі жіберіп, ми қан тамырындағы тромбты ерітіп жіберуге болады. Бұл дегеніміз қан тамырларында ұйып, түйіршіктелген қанды ерітіп, науқастың жағдайын бұрынғы қалпына келтіру дегенді білдіреді. Осы уақытта жүргізілген емдеу әдісі ғана өз нәтижесін береді. Ал науқас кешігіп келсе, ми қан тамырларында қалпына келмейтін өзгерістер туындап, аталған әдісті қолдану тиімсіз болуы ықтимал. Аурудың алғашқы белгісі білінген сәттен дер кезінде бізге келіп көрінген (тілі күрметіліп, аяқ-қолының қозғалысы нашарлай бастаған) біраз науқасқа жоғарыда айтылған тромблизис жасалды. Соның нәтижесінде көптеген науқастар сауығып шығып, отбасына қауышты, – дейді Гүлзира Ауданбекқызы.

Тағы білгеніміз, осы бөлімшеден инсульт анықталған 16 науқастың басына сәтті операция жасалыныпты. Осылайша олардың миында ұйып қалған қан алынып, аман қалыпты. Өте қуантарлық жағдай. Сонымен қатар, бөлімшеге қарасты науқасты қалпына келтіру (реабилитация) кабинетінде 75 адам ем алған. Сүйсінерлігі, мұндағы дене шынықтыру бөлмесі соңғы үлгідегі спорт құрылғыларымен жасақталынған екен.

Аурухананың нейроинсульт бөлімше¬сінде емделуші Шамшагүл Беріктас есімді әжеймен тіл¬де¬скенімізде «Менің басыма қан қысы¬мымның көтерілуіне байла¬нысты осы жерде ота жасалынды. Шүкір, қазір сауығып келемін. Жағдайым да біршама жақсарып қалды. Емдеуші дәрігерлер менің жай-күйімді келіп қадағалап тұрады. Дәрі-дәрмектерді уақытылы аламын. Дәрігерлер мен мейірбикелерге аналық алғысым шексіз», – деген лебізін жеткізді.

Оқырмандарымызға түсінікті болуы үшін «Инсульт дегеніміз не? Оған адамдар қалай ұшырайды?» деген сұрақтарға жауап іздеген едік.

– Инсульт тез пайда болады, алдын ала сезу қиын. Сондықтан қан қысымы жоғары, жүрегі ауыратын, қант диабеті бар адамдар өз денсаулығын күтіп, жиі қан қысымын өлшеткендері жөн. Адамдардың жүйке жүйесіне түсетін салмақ көп. Әрі артериялық қан қысымы, қант диабеті, жүрек ауруымен ауыратындар саны ұлғайып кетті. Бұған қоса адамдардың көпшілігі спортпен шұғылданбайды, дұрыс тамақтанбайды. Соңғы жылдары сыраға құмарлардың қатары көбейіп кетті. Ал сыра семіздікке душар етеді. Бауырды зақымдап, бүйрек пен қуыққа кері әсерін тигізеді. Бұл өз кезегінде адамға салмақ қосып, қан қысымының көтерілуіне әкеледі. Сөйтіп, инсульттің қаупін күшейтеді. Қозғалыстың аздығы мен құнарсыз тамақ – барлық аурудың бастамасы. Қазір тұрғындардың көпшілігі жартылай дайын тағамдарды пайдаланады. Аурудың астан екенін ескерсек, газдалған сусындар мен түрлі қуырылған қытырлақтардың денсаулыққа тигізер зияны болмаса, пайдасы жоқ. Инсульттің алғашқы бастамасында адамның көңіл-күйі бұзылады, басы айналады, тілі күрмеледі, бір жақ аяқ-қолы жансызданады, – дейді дәрігер Айгүл Момынәлиева.

Аурухана оташылары лапароскпиялық операциялардың жаңа түрлерін енгізуде. Атап айтсақ, дәрігер-хирург Елгелді Сейтқасымов өңеш көктамырының кеңейіп, жарылып, қан ағуы кезінде лигатура арқылы қан тоқтату тәсілдерін меңгеріп, біраз тәжірибе жинақтады. Өт жолдарын өттас бітеп, науқастың денесі мен көздері сарғайып, дертті асқынған жағдайда дәстүрлі ашық лапаротомия жасамай-ақ, эндокопиялық аспаптар көмегімен папилосфинктеротомия жасап, арнайы аспап арқылы өт жолын тастан тазалау мүмкіншілі бар екенін іспен дәлелдеп берді. Қазіргі кезде аурухана хирургтары оталардың жаңа кіші инвазиялық түрлерін енгізуге батыл қадам жасап отыр.

Кардиохирургиялық бөлімше жұмысы да назар аударарлық. Ол 2009 жылы 20 төсектік бөлімше болып ашылып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген болатын. Б.Мырзакерім, М.Жайпанов, Ғ.Бүтінбаев, Н.Кезембаев, М.Бижанов сияқты дәрігерлер түгелдей шетелдерде білімдерін жетілдірді. Жыл сайын мүнда 200-ден астам науқастың жүрегіне әртүрлі ота жасалып, денсаулығын жақсартып отбасына оралып  жатады. Оның меңгерушісі Мұхамедияр Жайпанов өз ісінің білгірі, Мәскеу, Астана, Алматы, Вильнюс қалаларындағы белгілі кардиохируиялық клиникаларда тәжірибеден өтіп, жүрекке жасалатын оталарды жақсы меңгерген.

2013 жылы рентгеноэндоваскулярлық бөлімше қызмет ете бастады. Оны дәрігер Берікбек Керімқұлов басқарып келеді. Бұл бөлімшеде жүрек қантамырлары мен артерияларды, аорталарды рентгендік зерттеулер арқылы тексеруге, аурудың себебін анықтауға мүмкіндік арта түсті. Тіпті, жүрек инфаркті кезінде жедел коранарография жасап, тарылған, бітелген жүрек қан тамырын арнайы стент арқылы кеңейтуге мүмкіншілік туды. Жүрек қағысы нашарлап, экстросистолия болғанда қолдан электрокардиостимлятор қойып, жүрек қызметін (ритмын) орнықты қалыпқа келтіруге болады. Қан тамыры ауруларында, гинекологияда да жаңа технологиялар кеңінен қолданылуда.

Аурухана ұжымы 2017 жылдың күзінен бастап республикада алғашқылардың бірі болып арнайы ELSI Med медициналық информациялық  бағдарламасымен жұмыс істей бастады. Қабылдау бөлімінен бастап әр пацинет туралы барлық жиналған мәлімет  компьютер көмегімен медициналық картаға толтырылып, одан әрі диагностикалық және емдік  шаралар белгіленеді. Бүкіл зерттеу, тексеру нәтижесін, жүргізіліп жатқан ем-домды қажетті уақытта компьютер арқылы білуге болады. Ауру тарихы, жасалған ем, ота және де басқа мәліметтер бүкілдей компьютерге жүктеледі. Бұл қазіргі заманның талабына сай  келіп, информациялық ақпараттың дамуына мүмкіндік туғызып отыр. Таяу жылдары еліміздің әр тұрғынына жеке электрондық  «Денсаулық паспорты» енгізілетіні белгілі. Ол қазіргі емханаларда топ-топ болып жатқан медициналық карталардың орнын алмастырады деп күтілуде.

Талай жанның алғысын арқалаған мүмкіндігі мол денсаулық сақтау ұжымын біраз уақыттан бері Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина ғылымдарының кандидаты Сағи Бейсенбеков басқарады. Оның жетекшілігімен еңбек етіп жатқан ұжым дәрігерлерінің жаңалыққа жандары құмар, жаңа технологияларды батыл енгізіп, білімдерін үзбей жетілдіріп келеді.

Емдеу мекемесінің қызмекерлері алдағы уақытта да халық денсаулығын қорғауда жаңа жетістіктерге  жете беретініне сеніміміз мол. Оған барлық мүмкіншілік бар.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург.

Жамбыл облысы.

Мектеп түлектері ҰБТ тапсыра ма - Коронавирус пандемиясы
Қытайдағы қазақстандық: «Вирус қанша елге тараса да, қауіпсіз жер - Қытай болады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу