Елімізде «президент ауысады» деген қаңқу сөз тарап жатыр

Oinet.kz 12-03-2020 8431

Қазақстанның тұңғыш президенті, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 18 наурыз күні "Nur Otan" партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысын өткізетіні бұдан бір жарым ай бұрын жарияланған. Оған да санаулы күн қалды, деп хабарлайды zakon.kz порталына сілтеме берген Oinet.kz. 

2020031213071135941_4-kamentar-z-kazahstanu-1.png

Бұл отырыста қандай тақырып талқыға түседі? Партияның жай-жапсары, алдағы бағыты дейін десең, қисынға келмейді. "Nur Otan"-ның бағыты мен ұстанымы онсыз да белгілі. Сонда бұл кеңесте тігісі жатқызылып, өзекті болып өрілетін не болмақ? Әсіресе аяқ астынан бас санитар Бекшин мырзаның "наконец-то, 11-і мен 16-сы арасында Қазақстанға коронавирус келеді" деп мәлімдеме жасауы отқа май құя түскендей болды.

Көшеде де, әлеуметтік желіде де алып-қашпа, қаңқу әңгіме гуледі.

Көпшілігі мынадай болжам жасауда:

- "Келесі аптада үлкен саяси оқиға болып, президент ауысуы мүмкін. Елбасының өзі қайтадан таққа отырады, не оған жақын бір адам Тоқаевтың орнын баспақ. Вирус туралы әңгіме бекер емес. Халық көшеге шығып кетпесін деп, карантин жариялап жіберу үшін жасалған қулық болуы бек мүмкін" деседі.

Десек те, халық "Nur Otan"-ның кеңейтілген саяси кеңесінің жиынында бір үлкен өзгеріс, күтпеген оқиға болады деп күтуде. Ал саясаттанушылар бұл туралы не дейді?

Әзімбай Ғали, саясаттанушы:

– Бұл отырыста ешқандай экономикалық, әлеуметтік сала қаралмайды. Меніңше, саяси мұрагерлік мәселе талқыға түседі-ау. Бұған дейін болжам жасалғандай, халықтың наразылығын болдырмау үшін бейтарап адам – Тоқаев билікке келді. Ол бір жыл көлемінде президент болып, орнын Дариғаға босатуы тиіс. Бірақ олай болмайын деп тұр. Өйткені Тоқаев бір жылдың ішінде халықтың көңілінен шығатын біраз тірлік жасады. Саяси реформалар жасауға ұмтылды. Жұрттың қолдауына ие болды дегендей. Дариға Назарбаева жайында олай айта алмаймыз. Демек, Тоқаевтың мемлекетті ары қарай басқара беруіне осы отырыс жағдай жасауы мүмкін.

Дос Көшім, саясаттанушы:

– Бұл отырыста үлкен бір өзгеріс болады деп айта алмаймын. "Президент ауысады екен" деген бос сөз. Ондай қажеттілікті көріп тұрған жоқпын. Мұнай бағасы құлап, теңге теңселіп, экономикалық қиындыққа тап болған тұста ат ауыстырып міну мүмкін бе? Керісінше, бар күшті дағдарыстың алдын алуға жұмсау керек.

Тоғжан Қожалиева, саясаттанушы, "ХАҚ" қорының жетекшісі:

– Отырыста екі мәселе қаралуы тиіс. Біріншісі – партияның жаңа бағдарламасы, екіншісі – партияның жаңа басшысы. Ұсынылатындар: Дариға Назарбаева, Әсет Исекешев, Иманғали Тасмағамбетов, бәлкім, Нұрлан Нығматулиннің де аты аталуы мүмкін.

Автобустар әр рейс сайын тазартылады - Елжан Біртанов
Олимпиада биыл өтпеуі мүмкін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу