«Тәуекелге бел буды» Уханьдағы жастарды алып қайтуға қазақ ұшқышы ғана келіскен

Oinet.kz 03-02-2020 10173

Бүгінде ғаламды алаңдатып отырған коронавирус Қытайда 361 адамның өмірін алды. Ал қауіпті дертке шалдыққандар саны 17205 адамға жетті. Жаңа вирустан туындайтын пневмония ошағына айналған Уханьда отандастарымыз да бар еді. Күні кеше мемлекетіміз карантинге жабылған қаладан қазақстандықтарды эвакуациялады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталына сілтеме берген Oinet.kz.

вирус.jpg

Өлімге әкелетін вирус жайлаған қалаға баруға екінің бірі келісе қоймасы анық.

2 қаңтар күні Қытайдағы қазақстандық жастарды әкелуге ұшқыштар да жүрексінген көрінеді. Алайда қазақ ұшқышы Аслан Асхатұлы сол саптан суырылып шығып, Уханьға өжеттілікпен аттаныпты.

Бейбіт күнде ерлік көрсеткен қайсар қазақ жайлы Бейбіт Сапаралы өз Facebook парақшасында жазды.

"Ерлік күнделікті өмірде болып жатыр. Жеңіл атқарылған соң ерлік қарапайым іс сияқты көрініс табады. Күні кеше Уханьнан жүздеген жастарды алып қайту мәселесі тұрғанда өзге ұлт өкілдері тайсақтап бас тартқан.

Міне, сол кезде жас та болса халықаралық деңгейдегі тәжірибесі мол ұшқыш Аслан Асхатұлы бауырымыз нағыз қазаққа тән қайсар мінез танытып, қатерлі сапарға бірден тәуекел еткен", - деді ол.

Қоғам қайраткерінің сөзінше, ұшқыш бастаған арнайы топ 80 қазақстандықты елордаға аман-есен жеткізген.

"Осыдан бірнеше жыл бұрын Аслан үйленгенде алғашқы болып тілек-бата айту мәртебесі тиіп, Қазақ әуе жолдары негізін қалаған ұшқыш-генерал Амантай Жолдыбаев пен ҰҚК-нің генерал-майоры Бекет Байғазиевпен бірге жүрекжарды тілектерімізді айтып, үлкен өмір жолына ақ батамызды берген едік.

Енді, міне, соның орындалғандай бір көрінісі болып, 02.02.2020 жылы таңда Уханьнан 80 қазақстандық пен Беларусь, Әрмения және Қырғызстан азаматтары оралып, бас ұшқыш Аслан басқарған арнайы топ бір топ қауымды апатты аймақтан алып шығып, діттеген уақытында Нұр-Сұлтан қаласына жеткізді",- деді ұшқыштың ерлігін баяндаған Бейбіт Сапаралы.

Бүгінде бауыр еті баласының еліне қайтқанына қуанған ата-аналардың да көңілі жай. Алайда, коронавирус жұқтыруы мүмкін деген күдікпен бірнеше отандасымыз елге орала алмаған.

"Жүздеген ата-ана он шақты күн бойғы қатты үрей мен уайымнан серпіліп, көңілдері орныққандай болды. Қатерлі вирус жұқтыруы мүмкін деген бірнеше қазақ жасының қатал карантин аймағынан шығарылуына қатаң түрде рұқсат берілмеуі де амалсыз шара. Уханьдағы қандас бауырларымызға құдайдан жалбарынып шипа тілейміз! Үлкен апаттардан ел-жеріміз аман-сау болсын!",- деп түйіндеді қоғам қайраткері.

Бердібек Сапарбаевтың беделі күрт төмендеп кетті
Қазақстан коронавирусты анықтайтын препараттар алды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу