Бердібек Сапарбаевтың беделі күрт төмендеп кетті
«Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы әдеттегіше саяси элитаның тоқсандық рейтингісін жария етті. Былтырдың төртінші тоқсанындағы жағдай бойынша рейтингте бірінші орынды президент Қасым-Жомарт Тоқаев иеленді. Сарапшылардың айтуынша, Тоқаев басқарудың жаңа жүйесін қалыптастырып жатыр. Екінші орында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов. Мәсімов аумалы-төкпелі заманда бірінші және екінші президенттік биліктің арасындағы тепе-теңдікті сақтап, өзінің ақылды, сұңғыла саясаткер екендігін тағы дәлелдеді. Ал үшінші орында жуырда ғана зейнеткерлікке кеткен Қазақстанның Ресейдегі экс-елшісі Иманғали Тасмағамбетов тұр. Тасмағамбетовтың ең басты артықшылығы -ол халықтың сүйіктісі, өте іскер шенеунік. Сенат төрайымы Дариға Назарбаева осыдан кейінгі төртінші орынға жайғасыпты.
Рейтингте кейбір шенеуніктердің ықпалдылығы, беделі күрт төмендеген. Мәселен, Премьер Асқар Мамин өткен тоқсанмен салыстырғанда 6-орыннан 9-орынға сырғыса, Алматының әкімі Бақытжан Сағынтаев 9- орыннан 18- орынға құлаған. Ал вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың рейтингісі 10-орыннан 24-орынға бірден құлдырапты. Сарапшылардың айтуынша, зейнет жасындағы Бердібек Сапарбаевтың басқару стилі жаңа заманға сәйкес келмейді.