Тағы бір экс-президент сотталып жатыр
Арменияның Бас прокуратурасы мемлекет қаржысын талан-таражға салды деп айыпталған бұрынғы президент Серж Саргсянның үстінен қозғалған қылмыстық істі сотқа жіберді. Саргсянмен бірге төрт адам – бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Серго Карапетян және оның орынбасары болған Самвел Галстян, кәсіпкер Барсег Бегларян, өсімдік зерттеу басқармасының бұрынғы бастығы Геворг Арутюнянның айыпталған.
Азаттық радиосының хабарлауынша, Саргсянға мемлекет бюджетінен 1 миллион доллардан астам ақша жымқырды деген айып тағылған. Тергеуге сәйкес, Саргсян шаруаларға дизель отынын жеткізу үшін бөлінген субсидиядан ақша жымқырып қалуды жоспарлаған.
Саргсян бұл айыпты жоққа шығарады, ал оның адвокаты экс-президент саяси қуғындауға ұшырап жатыр деп мәлімдеді.
Серж Саргсян Армения президенттігіне екі рет сайланып, билікте 10 жылдан астам уақыт отырған. Армения Конституциясына сәйкес президент екі мерзімге ғана сайлана алады. Билікті сақтап қалу үшін Саргсян мен ол басқарған Республикалық партия 2015 жылы конституциялық реформа жасаған. Содан кейін елдегі барлық билік парламент тағайындайтын премьер-министрдің қолына өткен. Реформадан соң президент лауазымының ықпалы мүлде азайған.
Саргсян реформа жүріп жатқанда премьерлікке кандидатурасын ұсынбайтынын айтқан. Бірақ уәдесін бұзып, 2018 жылдың сәуірінде парламент Саргсянды премьер-министрі етіп бекіткен. Ал Армения президенті бірнеше сағаттан соң оны тағайындау туралы қаулыға қол қойған. Бұл Арменияда Барқыт революциясына ұласқан наразылықтың басталуына түрткі болды. Жаппай наразылықтан кейін Саргсян "қателескенін" айтып, премьер-министр қызметінен кеткен.
Жаңа сайлауда ол басқарып келген Республикалық партия парламентке өтпей қалып, Никол Пашинян жетекшілік ететін оппозиция жеңіске жетті. Пашинян премьерлікке келген соң Саргсянның серіктестері мен туыстарына қылмыстық іс қозғалды. Арменияның экс-президентінің жақын туыстарының үстінен де тергеу жүріп жатыр.
Қазір Қырғызстанда экс-президент Алмазбек Атамбаевтың да ісі сотта қаралып жатыр. Бұған дейін Грузияның экс-президенті М.Саакашвилиге сот үкімі шыққан болатын.