Түркістан облысында ер адам айыппұл тұрағындағы 8 көлікті өртеп жіберген
Түркістан облысында арам пиғылды азамат Сайрам ауданы Қарасу округіндегі айыппұл тұрағына қойылған көліктерді өртеп жіберді. Бұл туралы polisia.kz сайты хабарлайды.
Өртке қарсы қызмет пультіне өрт жайлы ақпарат таңғы 05:55 шамасында келіп түскен. Қабылданған шаралар арқылы 8 минуттан кейін өрт сөндірушілер өртті ауыздықтап, сағат 06:38-де сөндірген. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Төтенше жағдай салдарынан 38 көліктің 8-іне материалдық шығын келді.
Қаскөйдің әрекеті тұрақ аумағындағы бейнебақылау камерасы объективіне түсіп қалған. Бүгінде азаматтың тұлғасы анықталды. Ол жуырда полиция қызметкерлеріне мас күйінде құжатсыз көлік жүргізгені үшін ұсталған Сайрам ауданы Манкент ауылының тұрғыны болып шықты.
Тәртіп бұзушы әкімшілік жауапкершілікке бірінші рет тартылған, автокөлік айыппұл тұрағына қойылған. Ал түнде күдікті дуалдан секіріп кіріп, өз автокөлігін өртеген. Артынша оқиға орнынан таса болған.
Жедел-іздестіру жұмыстары барысында азамат ұсталып, аудандық полиция бөлімі уақытша ұстау изоляторына жіберілді. Ол өз кінәсін мойындаған.
Аталмыш факті бойынша сот алды тергеу жұмыстары Қылмыстық кодекстің 202- бабы 2- бөлімі бойынша (Бөтен адамның мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) жүріп жатыр. Ол бас бостандығынан 7 жылға дейін айыруды қарастырады.