Экс-басшы Әнуар Маймақов үйқамақта отыр
Түркістан облыстық балалар ауруханасының бұрынғы бас дәрігері Әнуар Маймақовқа айып тағылды. Айыпталушыны үйқамаққа алу туралы санкцияны Шымкент қаласының тергеу соты берген. Шымкенттегі бірнеше емдеу мекемелеріне басшылық жасап, уақтысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы қызметін атқарған азаматқа өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті талан-таражға салды (Қылмыстық кодекстің 189-бабы) деген күдік келтіріліп отыр.
vera.kz сайтының жазуынша, Әнар Маймақов аурухананың бас дәрігері қызметін атқарып жүріп, екі адвокатпен келісім жасап, оларға ақша аударып берген. Біреуіне 400 мың теңге, екіншісіне 280 мың теңге. Екіарада қызмет көрсету жөнінде келісім болғанымен, адвокаттар ештеңе істемей, ақшаны иеленіп кеткенге ұқсайды. Айыпталушының адвокаты Сапар Әміртаевтың айтуынша, қазір осы факті бойынша ауруханада тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
Әнуар Маймақовты үйқамақта ұстау санкциясы екі айға берілген. Егер оған тағылған айып дәлелденетін болса, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Былтыр қазан айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Шыңғыс Қабдулла аталған аурухананың басшылығының 38,5 миллион теңгені талан-таражға салды деген күдікке ілінгенін жазған болатын. Алайда бұл істің мән-жайы әлі белгісіз.