Рашид Аюпов жолақыны қандай жағдайда 70 теңгеге көтеруге келісетінін хабарлады
Түркістанда қоғамдық көлік бағасының өсуі бүгінгі күннің басты назарында тұр. Бұл бойынша БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында, қымбаттаған тұста қандай жағдай жасалатыны жайлы айтылған еді. Қала әкімі Рашид Аюпов та бұл жайттан хабардар екенін айтып, әлеуметтік желідегі парақшаларында халық талқысына түскен осы мәселеге қатысты жазба қалдырды. Онда шаһар басшысы:
"Құрметті Түркістан қаласының тұрғындары! Ең өзекті мәселелердің бірі - баспана болса, енді бірі - қоғамдық көлік мәселесі. Сіздерге түсініктеме беруім қажет деп ойлаймын. Бүгінге дейін тұрғындар тарапынан тасымалдаушы компания жұмысына көптеген арыз-шағым түсті. Бұл саладағы монополист жұмысы сапасына көңілі толмайды. Жұмыс сапасын жақсарту үшін Түркістан қаласы бойынша жұмыс атқарушы көлік компания өкілі қала әкімдігінен жол ақысын 70 теңгеге көтеруді талап етуде. Мұның ең басты себебі - неше жылдан бері баға еш өзгермеген, еліміздегі ең арзан жол ақысы болып табылады. Кесіп, "жоқ" дер болсақ, көлік тоқтап, тұрғындардың қыста қиналу қауіпі бар. Бұған қоса, ол жерде жұмыс істеп жүрген, жұмыссызсыз қалу қаупіне ұшырайтын жүргізушілер де өзіміздің жерлестер. Жаңартылған келісім-шартты қолдауға даяр екенімізді білдірдік. Бірақ, халықтың сөзін ескере отырып, 10 талап қойдық. Осы талаптарды орындауға келіскен компаниямен ғана жұмыс істейтін боламыз", - деп жазған.
Түркістандықтар ол талаптармен де таныс болды. Ендеше, қала әкімі жария еткен талаптармен таныстыра өтейік. Қоғамдық көлік 40 пайызға көтерілсе, яғни 70 теңгеге қымбаттайтын болса:
1. Автобустарда балалар тегін жүреді;
2. Әр автобуста кондуктор болады және жолаушыларға билет беріледі;
3. Автобустар түнгі 10-ға дейін жүреді;
4. Әкімдікпен келісімге келген әр маршрут толықтай және өзгеріссіз орындалады;
5. Тазалық талаптары, жылу параметрлері және басқа да жол жүру ережелері сақталынады;
6. Автобустар тек тоқтауға арналған арнайы жерлерде тоқтайды;
7. Тамыз айына дейін автобустар жаңартылып, GPS орнатылып, әкімдікке басқару құқығы беріледі;
8. Мамыр айына дейін автобустарда электронды билет жүйесі енгізіледі;
9. Қаңтар айынан бастап рафик секілді көліктер қала ортасында болмайды;
10. Осы талаптар орындалуы туралы халық алдында уәде береді.
"Келісім-шарт бекітіп, шарттар орындалмаған жағдайда келісім-шарт өз күшін жойып, басқа компанияларға мүмкіндік беретін боламыз", - дейді қала әкімі Рашид Абатұлы.
Сондай-ақ, келер жылдың күз мезгіліне дейін су жаңа, үлкен автобустарды әкелу жоспарланған. Мұны жүзеге асыру мақсатында жұмыстар да басталып, ол облыс әкімі Ө.Шөкеевтің тікелей бақылауында тұр.
"Кейде, қиын да болса қаламыздың болашағы мен өркендеуі үшін ауыр шешімдерді қабылдауға тура келеді. Түсіністікпен қарайды деген үміттемін", -
деген Рашид Аюповтың бұл жазбасын халық оңынан қабылдап, тіпті бұл талаптар орындалар болса, қымбаттауы жөн деген ойларын да ортаға салуда.