Тәуелсіздік күні қарсаңында Ордабасыда 2 мектеп, 1 балабақша пайдалануға берілді
Биыл Ордабасы ауданында оң өзгерістер көп болды. Аудан экономикасы мен тұрғындарының әлеуетін арттыру мақсатында көптеген жұмыстар атқарылды. Күні кеше ауданда бірнеше әлеуметтік нысандар ел игілігіне пайдалануға берілді. Темірлан елді мекенінде 300 орындық «Батсу» және Бірлік ауылында 200 орындық «Бірлік» жалпы орта мектебінің ашылу салтанаты өтті. Және де 280 орындық «Аққу» балабақшасы күрделі жөндеуден өтіп, көпшілікті қуантты. Қазіргі таңда балабақша толықтай пайдалануға берілді.
Аталған балабақша ғимаратын Мердігер «Айт-Голд» ЖШС-і бес ай ішінде толық жаңалап, едендерді, есік-терезелерді және сантехниканы ауыстырды. Аулада балалардың ойнауына барлық жағдай жасалып, тиісті құрылғылар орнатылған. Ең бастысы, бақша енді суық емес. Кіші топтарда - жылы едендер салынып, ыстық сумен қамтамасыз етілген. Күрделі жөндеуге республикалық қазынадан 238 миллион теңге жұмсалған. Тұрғындарды мерекемен құттықтаған аудан әкімі Әліпбек Өсербаев тәуелсіздік жылдары Ордабасы ауданында 31 мектеп, екі мемлекеттік және 40 жекеменшік балабақша салынғанын атап өтті. Таяу жылдары «Ауыл-алтын бесігім» бағдарламасы аясында басқа да мемлекеттік мектепке дейінгі мекемелерде жөндеу жұмыстары жоспарланған.
Сондай-ақ мереке қарсаңында Темірландағы шағынаудан тұрғындарына спортпен шұғылдануға мүмкіндік жасалған ашық спорт алаңы пайдалануға берілді. Аудандық бюджеттен 17 миллион теңге бөлінген спорт нысанында жүгіру, футзал, волейбол және баскетболдан жарыстар өткізуге болады. Бұл күні, сонымен қатар, Бөржар, Қажымұқан ауылдық округтерінде облыстық және республикалық бюджет қаражаты есебінен салынған жаңа мектептер ашылды.