Қыз баласы неше жасында тұрмысқа шығуы керек?
Қазіргі таңда жайлы адам бойынан сын мен мін іздейтін қаншама жас азаматтар жар іздеп, шаңырақ көтеруге асықпайды. Қызмет жолында ісі табысты болып, «оң босағада» отырған аруларымыздың да саны аз емес. Біреу «жақсы қыз жоқ» десе, екінші жақ «жақсы жігіт» жоқ деп жарысады. 25 жастан асқан соң қыз да, ұл да адамның жаман жағын көруге бейім келеді. Мінсіз адам болмайтыны белгілі, алайда өмір заңдылықтарынан қашпай, бақытты ғұмыр кешуге ұмтылу керек.
Қыз баласы қанша жасында тұрмысқа шығуға дайын болады?
Мамандардың айтуынша, күйеуге шығуға ең ыңғайлы уақыт 23-25 жас аралығы. Қолында дипломы бар, жұмысы дайын бойжеткен отбасының шаруасына да, қаржылық жағдайына да төтеп беруге дайын болады. Сонымен қатар психологиялық, физикалық жағдайы да дәл келеді. Осы уақытта қыздар ана болудың не екенін жақсы түсініп, сезінеді. Аналық инстинктері оянып, кішкене балаға деген жауапкершіліктері арта түседі.
Статистиканың көрсеткіші бойынша 23-25 жаста тұрмыс құрған қыздардың отбасында бақытты екені, әрі өз таңдауларына өкінбейтіні дәлелденіпті. Осы бір ыңғайлы жасты күту керек пе, әлде тұрмысқа ерте шыққан дұрыс па?
Дін шеңберінде пайғамбарымыз с.а.у «Үйленіңдер, көбейіңдер. Мен сендердің үмметтеріңмен мақтанайын» деген. Жасы үлкен бе, кіші ме, бай ма, кедей ме бәрібір, ер мен әйелге үйленіп, үй болу парыз. Мәселе жаста емес, баста. Отбасының бүтіндігін сақтау үшін, иман, сана, ақыл, парасат керек. Бүгінде ерте үйленсең ерте ажырасып кетесің немесе 18 жасыңда тұрмысқа шықсаң сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығатындай үйренісіп кетесің деп екі түрлі пікірді айтып жатады. Шын мәнісінде, ол адамның жасына байланысты емес. Ол адамның ақыл-ойы, сана сезіміне байланысты.