Қазақстанда жұмыс істеу тиімсіз бе?

Oinet.kz 03-12-2019 1521

Бүгінде, әлеуметтік жағдайын көтеруді ойлап мұхит асып жұмыс істеп жатқан қандастарымыз қаншама. Бәрінің ойлағаны отбасының, бала-шағаның қамы. Бүгінгі асы мен киер киімі, ертеңгі білімі үшін барын салуда. Ал, өз елінде білім-алып, дипломын сандықтың түбіне тастап, өздері шет елге кетіп, ондағы қара жұмыстың басы қасында жүргені бар. Бәрі де құр құлқынның қамы үшін. Ал, жастардың кеше ғана оқуын бітіріп, бүгін еліміздің шекарасынан асып, өзге елдің топырағын басуына не себеп болуы мұмкін? Осы тақырып төңірегінде жастарға сауал тастап көрген едік. 

    шетел.jpg

Мақсаттың жасы 22де. Ауылдың қарапайым баласы. Жоғарғы білімі де жоқ. Соған қарамастан ел қатарлы жұмыс істеп нәпақасын тауып жүрген жігіт. Соңғы екі жылдың ішінде үйленбек ниеті де бар. Сол үшін бір айдан соң Кореяда жұмыс істеп біраз қаражат жиып келемін дейді.

Қазір Мақсат сияқты ойлайтын жастар өте көп. Екінің бірінен еститініміз «пәленшенің баласы Ресейге немесе Кореяға кетіп бара жатыр екен» деген қауесет. Кезінде қызға қырық үйден тұсау салып, қатаң ұстаған қазекем бүгінде бойжеткендерін өздері шет мемлекетке шығарып салуда. Бұрындары басқа елге саяхат пен оқу үшін баратын жастар бүгінде қара жұмыс істеу үшін ағылуда. Еліміздің болашағы деп білетін үміткерлер неліктен шетел асып ақша табуға құмар? Өз елінде жұмыс істеу оларға тиімсіз болғаны ма? Бұл сұрақтың жауабын өздерінен сұрап көрелік. 

Мұрат, Кореяда (1995ж)

Иә, шынында да маған Қазақстанда жұмыс істеу тиімсіз. Олай дейтін себебім айлық аз. Мен Кореяда алған бір айлық қаржымды мұнда бірнеше ай жүріп табамын.  Ол жақта еңбекақы сағатына төленеді.  Қарапайым жұмыскерлерге де жақсы қарым-қатынас жасайды. 

Нұрлан, Ресей (1999ж)

Ресейде бар болғаны екі ай жұмыс істедім. Аз уақыт болсам да жақсы қаражатпен оралдым. Енді тағы да бармақ ниетім бар. Жалпы шыны керек, басқа елмен салыстырғанда еліміздегі жалақы мөлшері аз. Өз басым көңілім толмайды. 

Жоғарыдағы екі жігіттен де қандай жұмыс істейтіндерін сұрадық. Бірі ірі ғимаратта құрылысшы, екіншісі фабрикада жүк тасушы болғанын айтты.  Екеуінің сөзіне сенсек бәрі керемет. Шетел ас та, мол қаржыға кенеле бер. Дегенмен таяқтың екі ұшы болатыдай әр нәрсенің пайдасы мен зияны бар. Жауап алған үшінші кейіпкеріміз жоғарыдағы жігіттердің сөзіне мүлдем керағар пікір білдірді. 

Айнұр, Корея (1991ж)

Мен алты ай кореяда белгілі ресторанда ыдыс жуушы болып істедім. Бастапқыда бәрі дұрыс болып көрінгенімен кейіннен өктемдік жасай бастады. Әртүрлі себептермен ақшамызды қысқартып тастайтынды шығарды. Мен алты ай онда қаржыны қырып тапқандықтан емес, ата-анамнан жолға деп қинап алып кеткен ақшамды өндіріп алу үшін амалдың жоғынан жүрдім. Қанша табыс тапсаң да өз еліңе жетпейді. Әсіресе, қыз бала үшін ол жақта өмір сүру өте қиын.  

Қалай десек те оңай жерде нан жоқ. Өзге елге оқуға барсаңыз бір жөн, ал сіз қара жұмыс істеу үшін шетелге шығар ма едіңіз?  Немесе  біздің мемлекет халықтың шетелдегідей өмір сүріп, қаржы табуына ықпал ете алмай жүр ме? Қазір адамды  көк қағазға тәуелді еткен мына заманда өмір сүру оңай емес. Қағазым аз еді деп сыртқа қарай телміргеннен асқан қорлық жоқ.  Көңіліңіз тоқ, қалтаңыз көп болса амалсыздан өзге елдің қаржысына көз салмас едіңіз.       

Қуатты ел боламыз десек Мақсат сияқты жастардың ойын өзгерту керек. Қызық, ал ол үшін ең бірінші не істеу қажет.

Ғалия БИСЕЙІТ

Қожа Ахмет Ясауи атындағы  ХҚТУ-дің 3 курс студенті

Месси «Алтын доп» жүлдесін алтыншы рет жеңіп алды
Қыз баласы неше жасында тұрмысқа шығуы керек?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу