«Түркістанның рухани керуенінің» жалғасы киелі шаһарда өтті
Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы мен ҚМДБ Түркістан облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет сарайында «Түркістанның рухани керуені» тақырыбында кездесу өтті.
Екі күнге созылған кездесудің алғышқы күнінде облысымыздың барлық дерлік аудан, қалаларының тұрғындары және жастарымен елімізге танымал өнер жұлдыздары, спорт шеберлері кездесу өткізген болатын.
Кездесудің мақсаты жастардың бойындағы патриоттық сезімді ояту, өнер және спорт жұлдыздарын үлгі ете отырып, бабадан қалған салт дәстүрімізді насихаттау болып табылады. Дәстүрлі дінімізді түсіндіре отырып, өзге де діни ағымнан аулақ болуға шақыру да кездесу мақсаттарының бірі болды.
Басқосу барысында Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, еркін күрестен Қазақстанның 4 дүркін чемпионы Ақжүрек Таңатаров, Армрестлинг спортынан әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Мағжан Шәмиев, Армрестлинг спортынан әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Қыдырғали Оңғарбаев, қазақ күресінің спорт шебері, қазақ күресінің ҚР чемпионатының қола, күміс жүлдегері, қазақ күресінің ҚР чемпионы Жұманазар Ерсұлтанов, әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Саят Медеуов сөз сөйледі.
Шарада Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін!» деген ұлағатты сөзін негіз еткен «Түркістанның рухани керуені» мүшелері жастарға ой саларлық әңгіме айтып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Еліміздің келешегіне зор үмітпен қарап, сол жолда аянбай еңбек етуге шақырды. Үнемі спортпен шұғылданып, қазақы салт-дәстүрді ұстанып, өнерді қатар алып жүру - бүгінгі буынның басты міндеті екенін де тілге тиек етіп өтті.
Түркістан жастарымен өткен кездесуде ашық әңгіме өрбіп, бүгінгі буынның қонақтарға қойылған сұрақтарына анық та айқын жауаптар берілді.
Кездесу соңында «Түркістанның рухани керуені» мүшелеріне Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының атынан алхыс хаттар табысталды.
Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі