Солтүстікте «Ашық әкімдік» фронт-кеңсесі ашылды
Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданында «Ашық әкімдік» фронт-кеңсесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасаған OINET.KZ.
«Ашық әкімдік» фронт-кеңсесі аудан орталығы Смирнов елді мекенінде жұмыс істейді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, Аққайыңдықтарға мемлекеттік қызметтерді және мамандардың кеңесін алу жеңілдемек. Енді әкімдік қызметкерлеріне кіріп, мәселесін шешу үшін кабинет алдында кезек күтудің қажеті жоқ.
Фронт-кеңсенің жұмысымен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев және СҚО әкімі Құмар Ақсақалов танысты.
Бұл жерде тоғыз мемлекеттік органның қызметкерлері жұмыс істейді. Тұрғындарға ыңғайлы, кең залда қызмет көрсетіледі. Олар құжаттарын тапсырып, мемлекеттік қызметтің барлық түрлері бойынша көмек алады, сондай-ақ арыз-шағымдарын айтып, осы жерде жұмысқа орналасу мәселесін шешуге мүмкіндік бар.
«Бұл тәжірибені басқалары да енгізулері керек. Барлық керекті мамандар бір жерде отыр. Тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнату бағытында қазір трансформация жүріп жатыр. Уақыт өте келе әкімдіктер жемқорлықтан толық арылуы керек», - деді Алик Шпекбаев.
«Ашық әкімдік» қоғамдық қабылдау форматында жұмыс істейді. Егер де тұрғынның мәселесін шешу үшін аудан басшысының не болмаса орынбасарларының көмегі қажет болса, оны азаматтарды қабылдауға арналған 1 қабаттағы кабинетке кіргізеді. Сондай-ақ кеңсе қызметкерлері елді мекендердің жағдайын жақсартуға бағытталған тұрғындардың ұсыныстарын жинап, сараламақ.
«Фронт-офистер қалалық, аудандық әкімдіктерде ашылған. Жыл соңына дейін тағы үш ауданда іске қосылады. Бұл тұрғындар үшін жасалып жатыр. Олар бір жерде жұмыстарын бітіріп, уақыттарын үнемдейді», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Тұрғындар фронт-офистің өзіне-өзі қызмет көрсету аймағында электрондық үкіметтің порталына кіріп, мәселесін шеше алады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның мәліметінше, елімізде 686 мемлекеттік мекеме «Open space» форматында жұмыс істеп жатыр.