Тілеуберді Бинашев: «Асанәлі Әшімовтің өзіне үш мүсін жасадым»

Oinet.kz 19-04-2017 1165

Тілеуберді Бинашев.jpg

Тілеуберді Бинашев, мүсінші

-       Бұрынғы мүсін өнері мен қазіргі мүсін өнерінің нендей айырмашылықтары бар?

- Көбісі қазақтың мүсін өнері кейін дамыған деп жатады. Шын мәнісінде ұлтымыздың мүсін өнері сонау б.з.д IV ғасырдағы Күлтегін ескерткіші, қазақ даласында сақталған балбал тастардан басталады. Кейіннен бұл өнер атадан балаға мирас болып, бүгінгі ұрпаққа дейін жетті. Енді бұрынғы мүсін өнері мен қазіргіні салыстырып айтар болсақ, бұрынғы мүсін өнерінде еркіндік бар еді. Шеберлер әрбір туындысын жан қалауымен жасайтын. Ал қазіргілер мүсінді тек әкімқаралардың, бай-бағландардың нұсқауымен жасайтын болды. Қалталы азаматтардың тапсырысы болғасын мүсінші қиялына ерік бере алмайды. Соның салдарынан сапасыз дүние пайда болады. Оның үстіне бүгінде мүсіншілерді оншалықты елемейтін болды. Тапсырысты суретші, дизайнерлерге береді. Олар мүсіншілерге қарағанда арзандау жасаса керек. Қазақтың «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген мақалын ескеріп жатқан олар жоқ.   

- Қазақстанда мүсіншілерді қай оқу орны дайындайды? 

- Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын мүсіншілерді оқытатын бірден бір оқу орны деп айтар едім. Оқытушылар құрамы да баяғыдан қалыптасқан. Әрине өзге өңірлерде де мүсіншілерді оқытып жатыр. Алайда олар жастарға толыққанды білім беріп жатқан жоқ. Курстар секілді жедел-желпі бірдеңелерді үйретеді әйтеуір.  

- Тәжірибеңізде тірі адамға мүсін жасатқандар болды ма?

- Қайсыбірін айтайын. Мұндай оқиғалар басымнан көп өтті. Бірде маған арбаға көк тасын салып алып, бір ақсақал келді. «Айналайын балам, мен көршің боламын. Көк тасқа мына жазуды қашап берші» деп біреудің аты-жөні жазылған бір жапырақ парақты ұстатты. «Жарайды» дедім де, жұмысыма кірісіп кеттім. Тасқа аты-жөнін, туған жылын жаздым да «ақсақал қайтыс болған жылын айтыңыз» десем, әлгі кісі бетіме қарап «ол мен ғой» дейді. Қатты таңқалдым. «Қазір балаларымның жағдайы мәз емес. Бүгін-ертең олай-бұлай болып кетсем басыма көк тас қояма, қоймай ма белгісіз. Ешкімге салмақ салғым келмейді» деп күрсінді шал. Арада ек-үш жыл өткесін бір кемпір келді. «Балам, есіңде ме, баяғыда саған шалым келіп тасын қашатқан еді. Ол да өмірден өтті. Енді қайтыс болған жылын жазып бер» деп әлгі ескерткішті алып кетті. Осылай өтініш айтып келгендер аз болған жоқ. Одан кейін көзі тірі тұлғаларға да талай мүсін жасадым.  Өзім оқыған мектепке Мұхтар Шаханов атауы  берілген кезде ақынның мүсінін жасау маған бұйырған болатын. Сондай-ақ,  Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдинов, жазушы Шыңғыс Айтматовтардың көзі тірісінде мүсіндерін жасадым. Ақын Жүрсін Ерманға да 60 жылдық мерейтойында, сондай-ақ Асанәлі Әшімовтің өзіне  үш мүсін жасадым. 

- Көңіліңізден шықпай қалған туындыларыңыз болды ма?

- Әрине болды. Орыс халқында «Гений тоже ошибаются» деген мақал бар ғой. Мүсін жасау барысында ең қиыны оны аяқтау. Бастауын бастап қоясың. Содан кейін оның ана жері, мына жері ұнамай қалады. Ондай жағдайда жұмысымды сындырып тастаймын немесе қайта жасап шығамын. Мүсін жасау уақытпен шектелмейді, шабытқа байланысты. 

- Шымкентте тарихи тұлғалар, батырлардың ескерткіш, мүсіндері көп. Қалай ойлайсыз, егер осындай мүсіндер көбейе берсе Шымқала тасмүсіндердің қаласына айналып кетпей ме?

- Бұл мәселе мені де көптен бері толғандырып жүр. Расында да соңғы уақытта Шымкентте ескерткіштер көбейіп кетті. Мәселен қалада Тұрар Рысқұловтың бір емес үш бірдей ескерткіші бар. Ал «вальс королі»  Шәмші Қалдаяқовқа  бір бюст, екі ескерткіш қойылған. Сол секілді Қабанбай батырдың да ескерткіші көп. Батырдың суреті сақталмаған, оның нақты бет-бейнесін ешкім білмейтіндіктен біреу әкесіне, біреу бабасына ұқсата жасатып, әйтеуір ескерткіштердің санын көбейтіп жатыр.  Өз басым Шәмшіні қатты құрметтеймін. Алайда оған ескерткіш жасатқан сайын қадірін түсіріп жатырмыз. Шетелде мұндай үрдістің бәрі тоқтаған. Ол жақта мүсіншілерге үкімет, әкім-қаралар тапсырыс бермейді, олар тек өз қалағандарын жасайды. Яғни тек таза шығармашылықпен айналысады. Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысының  әкімі Жансейіт Түймебаев зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан болатын. Сонда мына бір ұсынысымды жеткізе алмай қалған едім. Осыдан он бес жылдай бұрын «Мұңлық-Зарлықтың» мүсінін жасаған болатынмын. Туынды қазір Арыс қаласында тұр. Осындай мүсінді Шымкент қаласына да қою керек. Себебі «Мұңлық-Зарлық» тарихы тереңде жатқан дастан. Ғашықтар туралы жыр-дастандар көп болғанымен «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» мен осы «Мұңлық-Зарлықтың» ғана зираттары сақталған. Егер аталған ескерткішті Шымкент қаласында  орнатар болсақ бұл шаһар халқына, жастарға үлкен рухани сыйлық болар еді. Халыққа қоғам қайраткерлерінен гөрі осы секілді рухани байлық сыйлайтын дүниелер қажет.        

- Көздің қарашығындай сақтап жүрген жәдігерлеріңіз жинақталған жеке мұражайыңыздың бүгінгі ахуалы қандай?

- Мұражайды ашқаныма 15 жылдай уақыт болып қалыпты. Онда қазір XIII ғасырдан бастап бүгінгі күнге дейін тарихи жәдігерлер, экспонаттар сақтаулы тұр. Жазушы Дулат Исабеков мұражайыма бір бас сұққанында бүй деп еді: «Мына мұражайың керемет екен. Неге осыны ақылы етіп қоймайсың?» деп. Сонда «егер ақылы қылсам мұражайымның есігі мүлдем жабылып қалатын шығар» деп жауап бердім. Менің мақсатым пайда табу, баю емес. Керісінше жастар рухани байыса екен деймін. Тегін жердің өзін келіп тамашалайтындар өте сирек. Он бес жылдың ішінде бірер-саран болмаса тарихқа үңіліп, жәдігерлерге қызығып келген бір қазақтың төбесін көргенім жоқ. Қазақтар байыса дүние жинап, шетелге демалуға барады. Базарын аралап, киім-кешек, кәдесыйлар алуға тырысады. Санасы бар адам Египетке аяқ басса пирамидаларды, Нью-Йоркке барса Бостандық ескерткішін, Италияға Микеланджелоның, Францияға Леонардо да Винчидің туындыларын көруге асығу керек.  Шетелдіктер өзге елдерге саяхаттап бара қалса бірінші кезекте мұражай, тарихи орындарды аралайды. Олар рухани дүниені іздейді. Айтып айтпай не керек,  «елу жылда ел жаңа» демей ме?. Мұражайға да адамдар ағылатын кез енді келер. Ал әзірге мұражайымды жауып тастауға немесе ондағы құнды дүниелерді сатып жіберуге қимаймын. Бәрі іштен шыққан бала секілді мен үшін  жаныма жақын, қымбат.   

- Қазақтың тұңғыш мүсіншісі Хакімжан Наурызбаев «менің қандай мүсінші екенімді шәкіртім Тілеубердінің өнерінен бағамдай беріңдер» деген екен. Ал сіздің қандай мүсінші екеніңізді қай шәкіртіңізден бағамдай аламыз? Жалпы шәкірттеріңіз бар ма?

- Мен Хакімжан ағаны қатты құрметтеймін. Ол кісі бүкіл еңбектерін, құрал-сайман, жұмыс істеген станоктарына дейін маған аманат етіп тастап кеткен болатын. Шеберханамнан Наурызбаевқа арнап бұрыш ашып қойғанмын. Алайда мен ешқашанда оның салған жолымен жүрген емеспін және жүрмеймін де. Себебі әр мүсіншінің өзіндік стилі, өзіндік жолы болуы керек. Егер мен оның жолымен кетсем «екінші Наурызбаев»  болып шыға келер едім. Хакімжан ағаның өзі де маған «мені қайталама, біреуге еліктеме» деп ылғи айтып отыратын. Оның мені шәкірт  санаған себебі өнер атаулының бәрі тұнған өлке ауылдан шыққандығым. Сондықтан біреуді ұстазым деп мойындап, оған еліктеу - өзіңді өзің жоғалту. Менің ұстазым - әуелі Алла, одан  кейін табиғат. Сол себепті мен де жастарға өз жолымен жүруге үйреткен емеспін.   

- Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

- Менің бойдағы талантымды шыңдап, шабытымды қоздырған туған жерімнің табиғаты. Бала кезімнен бастап Арысқа  қарасты Байырқұм ауылының жайлауында қой бағып жүріп, таудың тастарын қашап, мүсіндік өнерге жақын бола бастадым. Ауылым Сырдарияның жағасында болғандықтан, сырлы Сырдың саз балшықтарынан түрлі мүсіндер жасайтынмын. Мектеп бітірген соң академияға түскім келген. Ол кезде Қазақстанда академия болған жоқ, тек көркемсурет училищесі болатын. Сонда замандастарымның көбісі шетелге, соның ішінде әсіресе, Ресейге оқуға түсіп жатты. Ал мен жағдай болмағандықтан академияға түсе алмадым.  Сол кезде өкініп, қатты жыладым. Қазақтың біртуар азаматы Өзбекәлі Жәнібековпен бірнеше рет жүздескенім бар еді. Үйіме, шеберханама келіп тұратын. Сонда марқұм маған былай дейтін «Тілеу, сенің оқымағаның жақсы болды. Әне, шетелде оқып келгендердің қаны бұзылды. Сен – ауылдың академиясын бітірген азаматсың».   Расында да сол Ресейдің менмін деген жоғары оқу орындарын бітіріп келген мүсіншілердің бірін де қазір халық танымайды. Себебі олар шетелде жүріп ұлттық болмыстарынан айырылып қалды. Еуропаға еліктеп кетті. Қанша дегенмен ол жақта қазақтың өнерін, салтын оқытпайды ғой. Олардың туындыларынан қазақтың иісі сезілмейді. Менің өмірлік ұстанымым – қазақилықты жоғалтпау, ұлттық салт-дәстүрден айырылмау. Әрбір мүсінімнен қазақтың иісі аңқып тұрса деймін.  

- Арманыңыз не?

- Кеңес Одағынан бастап тәуелсіз Қазақстанның түкпір-түкпіріне қойылған мүсіндерім көп. Оларды саусақпен санаған емеспін. Арманым – сол еңбектерім мені өлтірмесе екен деймін. Менің «Адам көп дегенде жүз жасайды, ал мүсін аз дегенде мың жасайды» деген сөзім бар.  Өзім өмірден өтсем де мүсіндерім мың жасаса, болашақ ұрпаққа тым болмаса бір дүнием болса да жетсе екен деген ниетім бар. 

Сұхбаттасқан Айнұр Оңғарбай, 

«Рейтинг» газеті №14, 13 сәуір 2017 жыл

Түркістан туризмінің көкжиегі
Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының жұмысы сараланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу