Еңлік Әбдіқадыр: «Орта есеппен айына 15 000 000 теңге табамын»

Oinet.kz 23-10-2019 6464

5263d20b-740d-4837-a2ec-66a95ca99729.jpg

Төрт кәсіпті дөңгелетіп жүрген қазақстандық миллионер қыз Еңлік Әбдіқадыр құпиясымен бөлісті. 24 жастағы арудың басты мақсаты – бұрынғы дана қыздардың үлгісі мен замануи қыздардың үлгісін қосып, идеалды тұрғыдан қазақ қыздарын тәрбиелеп шығу. Бұл туралы ол OINET.KZ сайтына берген сұхбатында айтты.

- Сіздің бірнеше істі қатар алып жүретініңіз мәлім. Бірақ әйедер қауымы, қыздар әлемімен көбірек жұмыс жасайсыз. Неге осы бағытты ұстандыңыз? Қыздар қауымына көңіл толмаушылық бар ма?

- Қазіргі таңда қыздардың уақытты дұрыс жұмсамауы, еріншектік, жалқаулық бар, өзін дамытпауы, оқымауы деген сияқты нәрселер мені алаңдатады. Қоғамда әйел адам білімді, ақылды болса, біздің ұрпақ та саналы болады. Мен әйелдер қауымына алдымен отбасы құндылықтары туралы айтамын, одан соң барып кәсіп ашу жайында сөз қозғаймын. Себебі, үйде асхананың төңірегінде ғана жүрген әйелге өзінің ер адамы да ұзақ уақыт қызықпайды. Әйел адамының білімді, дана болуы міндетті. Тарихтың өзіне көз жүгіртсек, Ұлпан, Зере, Ұлжан аналарымыз барлығында да әйел адамының даналығы бірінші орында тұрады. Ал қазір тәрбие өзгерген. Сондықтан қыздардың бойындағы даналық, тектілік, ар-иба, адалдық деген қасиеттер өшіп барады. Менің бірінші мақсатым – бұрыңғы қыздардың үлгісі мен замануи қыздардың үлгісін қосып отырып, идеалды тұрғыдан қазақ қыздарын тәрбиелеп шығу.

- Отбасы немесе карьера, мансап әлде махаббат?

- Мен үшін отбасы маңызды. Мен дайынмын,қабілетімнің барлығын ұрпағыма беруге. Мен барымды саламын, даналығымды ер-азаматымның абыройын асқақтатуға жұмсауға. Мен әзірмін, үлкен әулеттің ақ жаулықты келіні болуға. Мен тырысамын, ата-енемнің алдында үлгілі келін болуға. Мен міндетімді жақсы білемін. Қазақилықтан ауытқып, кәсіпті қуалап кеткен, ақшаның соңынан жүрген адам емеспін. Алдымен қазақ қыздарын тәрбиелеп алуым керек. Себебі ертең бұл қоғамға қызғалдақтай қыздарым, ар-ожданды ұлдарым келеді. Олардың да текті болғанын қалаймын. Кейін олар жар таңдаған кезде мен тәрбиелеп кеткен қыздармен қызын келін қылғым келеді. Дана ана азайып, ақыл айтатын әженің жоқтығынан қаншама отбасылық өмір қирап жатыр.

- Тұрмыс құрмағансыз, бірақ әйелдер қауымына отбасы жайлы кеңес бересіз. Осы тұрғыдан сізге сын айтушылар бар ма? 

- Адамды жасымен емес, басымен сынаққа алу керек. Иә, жиі айтылады. Менің ол сынға етім де үйрене бастады. Алла қаласа, мен бәріне қырсыққанда керемет келін боламын. Амал әрекетке қарағанда ниет қайырлы. Қалай ниеттенесің солай болады. Және бес балалы анаға қарағанда таразы басына қоятын болсақ, менің білімім артық болады. Өйткені мен оны тәжірибе жүзінде көрмегеніммен кәсіби тұрғыда білім ретінде алғанмын. Ең алдымен, Аманжол Рысмендиевтің тренингтеріне қатыстым. Содан соң Алматыға арнайы іссапармен Киевтен келген мамандардан НЛП практик, яғни нейролингвистикалық программа бойынша адамның ішкі жағдайы мен миымен жұмыс жасайтын бағыт бойынша тренерлерден сабақ алдым. Украинадан келген Ирина Дорогуштың жеке консультациясынан өттім. Және ТМД бойынша НЛП саласынан сабақ беруге толықтай құқығым бар. Куәлік берілген. Ал қазіргі уақытта Мәскеу психоаналитика институтында жалпы психология және коучинг мамндығының 1-курс магистрантымын. Биыл үшінші жыл осы психология саласын зерттеп, біліп жатқаныма. 

- Бизнес тренингтерде қатысқан адамдар басында алып-ұшып тұрады да, екі күннен соң сөніп қалады. Сіздің де арнайы курстарыңыздан соң еш нәтиже болмағанын айтып, шағым түсіргендер бар ма?

- Қыздар менің жеке бағдарламаларымды алғаннан кейін, менімен байланыс үзбеуге тырысып, жабысып алады. Қай тренердің сабағын алса да, 70 пайыз адамның өзіне байланысты. Біз оларды әрекетке бағыттаймыз, ал ары қарай адамның өзіне байланысты. Ол 100 мың теңгесін бізге берген соң екі есе қылып шығарып алмай ма? Неге бізден көмек күтеді? Ол – ақымақтық. Оқыған бөлек, тоқыған бөлек қой. Жетістікке жеткісі келетін адамның өзінен асқан жауы жоқ. Мүмкіндікті де ашып беретін өзі, жауып тастайтын да өзі. Бұл жерде білім берген тренердің кінәсі емес, ары қарай әрекет жасамаған адамның өзі кінәлі. Ал біздің тренингтерден нәтиже шығарып жатқандар өте көп. Айтпақшы, менің билеттерім қазір ондай қымбат емес. Бірақ жуырда бағасын көтереміз. Себебі менің білімім артқан сайын, тренинг бағасы да өседі. Ол адамының өзіне деген бағасы. 

- Қыздарға жеке консультация бересіз. Қанша қыз өтті алдыңыздан? Қазіргі таңда оларды мазалап жүрген не екен?

- 3000-ға жуық қыз алдымнан өтті. Бір күнде жоқ дегенде 5-7 адам қабылдаймын. Ең жиі қозғалатын тақырып: адасушылық, өзін таппаушылық, мамандығына реніш, жігітпен қарым-қатынас, отбасылық мәселе және ажырасу. Маған көбіне «Еңлік ханым мен кім боламын?» деп келеді. 30-40 жасқа келгенше өзін таппай жүргендер бар. Айналысатын сүйікті ісі жоқ. Күйеуімен ортада береке жоқ. Өмірде өзін тапқан адам, отбасында да өзін табады. Осы нәрсені ұмытпау керек. 

- Тренинг, жеке консультацияда өзіңізді қалай ұстасаңыз, өмірде де сондайсыз ба?

- Мысалы, мен инстаграм желісіне тек шынайы өмірімді саламын. Себебі ол жерде менен қаншама қыз үлгі алып отыр. Мен артымды бағамдаймын. Күнімді де өмірімді де мағынаға толтырғым келеді. Бір рет жұмысқа джинсы шалбар киіп, құлаққап тағып кетіп бара жатсам, көшеден бір қыз мені ұстап алды. «Сіз наушник тыңдайсыз ба? Джинсы киесі ба? Сағыз шайнайсыз ба?,-дейді. Сол кезде түсіндім маған қалай болса солай жүруге болмайтынын.

- Демеушіңіз кім? 

- «Ол біреудің тоқалы шығар, бай әкенің ерке қызы шығар» деп көпшілігі ойлайды. Менің демеушім – Алла! Тығырыққа тіреутін де, тығырықтан шығарып алатын да бір Алла. Әулетімізде ешқандай мықты аға-көкеміз жоқ. Әкем – көлік жүргізушісі, анам тіс емханасында мейірбике. Қарапайым отбасының қызымын. Бірақ берген тәрбиелерінің арқасында осы жетістікке жетіп отырмын.

- Еңлік Әбдіқадыр десе, көз алдымызға 2-курсында алғашқы миллионын тапқан студент қыз келеді. Қалай таптыңыз? Одан бері біршама уақыт өтті. Қазіргі табысыңыз одан қанша есе көп?

- 2014 жылы «АЕН» атты продюсерлдік орталығымды ашып, алғашқы табысымды той-томалақтан тауып жүрдім. Бір күн 20 мың, екінші күні 30 мың осылай жүріп қалай миллионға шығып кеткенімді байқамай қалдым. Мен алғашқы аренданы студиямды туыстарыма көрсетіп жүріп, көрімдікпен жапқанмын.  Жарыс болсын, президенттік шәкіртақы ешқайсысын жібермейтін едім. Қазір Аллаға шүкір, мен Қазақстандағы миллионерлер қатарына кіремін. «Армандар орындалады» атты журналым бар. Ол - менің имиджім. Кезінде қаншама рет минусқа кіргізсе де, қазіргі таңда жақсы пайда түсіп отыр. Алматыда «ART crystal» би және сұлулық студиям бар. Шымкент, Ақтау, Астана және Қызылордадан ашу ниетім бар. Және Алла қаласа қарашада кірген кезде адамға позитив сыйлайтын ерекше «Motivation» атты кафе ашылайын деп жатыр. Мен кәсіпкерлердің бал өнімі, киім бутиктерін дамыту, дәріхана, типография саласында бизнестерін дамытып беремін. Мені қаржыландырып отырған тренинг қана емес. Сахнаға шығып сөйлеу ол тек менің хоббиім секілді. Осы төрт кәсібімнің кірісін қосқанда орта есеппен айына 15 000 000 теңге табамын. 

- Мотивацияны, энергияны қайдан аласыз?

Армандарымнан... Мен армандап жазамын ба, орындалғанша тыным таппаймын. Армандарыма ғашықпын.

- Әйел ретінде неден қорқасыз?

- Жалғыз қалудан. Қанша жерден күшті болып ақыл айтқыныммен, кейде уайымдаймын, ер-азаматымды таппай қаламын ба деген секілді. «Сенің ой-өрісін, табысын, барлығы да өсіп бара жатыр. Саған лайықты жігіт қайдан табылады?» деп сұрап қалған кезде жасқанып қалатыным рас.

dea1226f-fba9-47b2-b859-34699652ef69.jpg

- Сонда сізге қандай жігіттер ұнайды? Болашақ жарыңызға қандай талаптар қоясыз?

- Мен мың рет ойланып, он рет толғанып «анау бүйтіп айтты, мынау бүйтіп айтты» деп әйелдердің тірлігін істеп жүрген еркектерді суқаным сүймейді. Өкінішке орай қоғамда ондай еркектер қаптап барады. Біріншіден, менің өмірімен және балаларымыздың өміріне жауапкершілігі маңызды. Ол материалдық тұрғыдан емес, моральдық тұрғыдан да қамтамасыз ету керек. Жауапкершілікті сезінбесе, одан адам шығару қиын. Ер-азаматты сөзімен емес, іс-әрекетімен бағалаймын. 

- Он жылдан соң Еңлік Әбдіқадыр...

- Он жылдан соң мен 34-те боламын. Ең алдымен, сүйікті жар, үлкен әулеттің келіні, 5 баланың анасы боламын. Еңлік Әбдіқадыр брендін қалыптастырамын. Мен оны бастап та кеттім. «Бриллиант Леди» деген матасын арнайы италиядан алдыртып жатқан мойын орамалдарын шығарып жатырмын. Мұны таққан әр қызда менің энергиям болады. ТМД елдерінде Қазақстанда бір мықты қыз бар деп айтып жүретіндей тұлғаға айналамын. Және қаласам да, қаламасам да мен билік басына баруым керек. Ол жақ мені елеп, өздері шақырады. Одан кейін бестселлер болған 5 кітаптың авторы боламын. 2019 жылы өзімнің кітабыммен қосқанда мен 7 кітап жазып шығыппын.

- Қазақ қыздарына берер кеңесіңіз

- Бірінші өзіңді, ішкі әлеміңді зертте. Тіпті, қандай гүл ұнататынына дейін, қандай әтір ұнатасың, қандай түс ұнататынын білмейтін қыздар бар. Өз өзіңді қалыптастыр, эмоцияңмен жұмыс жаса. Біліміңді дамыт. Даналыққа бет бұр. Өзіңді қалыптастырып алғаннан соң барып, тұрмысқа шық. Және қанша махаббат болып тұрса да, түбінде даналық жеңіп шығады. «Анау мықты, мынау осал» деп өмір сүрмей, өз әлеміңмен өмір сүр. Біреудің өмірін емес, өзіңнің өміріңді зертте.

Сұхбаттасқан Мария Сәулебекқызы


Қаржы министрлігі алдағы үш жылдың бюджет жоспарымен таныстырды
Қазақстанның барлық аумағында ауа температурасы көтеріледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу