Түркістанда таксиге мінген әйел тоналып, 300 мың теңгеге шығынға ұшырады
Түркістан облысының тұрғыны дәрігерге тексеріліп шығып, ауруханадан үйіне қайтпақ болып жолдан өзіне маркасы, мемлекеттік нөмірі белгісіз таксиді тоқтатып, тоналып қалғанын жеткізген, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Төлеби аудандық полицейлерінің анықтауынша, жәбірленуші таксимен үйіне дейін баруға келіседі. Алайда, көлік біршама уақыттан соң, арызданушының айтқан мекенжайына бармай басқа жаққа бұрылып кетеді. Ауруханадан шамамен 800 метр қашықтыққа барған сәтте, көлік жүргізушісі мен қасында жолаушы ретінде отырған қыз екеуі бетперде киіп бұл «тонау» деп жәбірленуші әйелді қорқыта бастайды. Осылайша, әйелдің құлағындағы алтын сырғасы мен жүзігін, қолындағы сөмкесін тартып алып, өзін жол бойына түсіріп кетеді. Жәбірленушінің айтуынша, қол сөмкесінің ішінде алтын бұйымдары мен құны 80 000 теңгелік ұялы телефоны болған. Жалпы жәбірленушіге келтірілген шығынның көлемі 300 мың теңгеден асқан.
Оқиға ҚР ҚК-нің 191-бабы «Тонау» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Бұл қылмысты ашу және күдіктілерді ұстау мақсатында Төлеби АПБ КПБ-ның тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер оқиға орнын тыңғылықты тексеріп, куәгерлерден сұрастырып, жақын аралықтағы бақылау камераларын көріп шықты. Нәтижесінде бейнебақылау камералары арқылы күдіктілер басқарған көлікті тапты. Тәртіп сақшыларының анықтауынша, тонаушылар небәрі 25 жастағы қыз бен жігіт болып шыққан. Күдікті қыз -Төлеби ауданының, ал жігіт Шымкент қаласының тұрғыны. Екеуі қыздың үйіне бара жтқан. Жолда тоқтатқан адамды тонаймыз деген жымысқы ойлар келіп, соны іске асырады.
Күдіктілер жігіттің үйінде ұсталды. Жәбірленушіден алынған бағалы бұйымдар заңды иесіне қайтарылған. Олар өз кінәларын толық мойындап отыр. Екеуі де қамауда. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өз кезегінде тоналған әйел аудандық полицейлерге алғысын білдірді.