Машалкы керек пе?...
02-11-2023
«Хабар» телеарнасына берген сұхбатында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 30 жыл табысты еңбек етуінің сырымен бөлісті.
Сұхбат барысында тілшілер Елбасыдан 30 жылдық табысты еңбек етуінің сырын айтуын өтінген еді.
«Ол туралы көп жазылды, көп айтылды. Әнеугүні, жазда басшылық қызметтегі лауазымымның 30 жылдығын атап өткен конференцияда азаматтар сөйлеп, қандай жағдайда болдық, не істедік деген мәселелерді талқыладық. Шет жағасын айтып кеттім, елдің сенімін арқалап осы жылдардың ішінде менің серіктестеріммен, замандастарыммен бірге 100 жылға татитын шаруаны атқардық. Оның бәрі елге мәлім. Әл-ауқат үшін экономика керек қой. Экономика өспесе, экономиканың өсіп-өркендеуі болмаса мемлекеттің қалтасында қаржы болмайды. Ал қаржы болмаса зейнетақыны да, жалақыны да төлей алмайды», - деді Елбасы.
ҚР Тұңғыш Президенті осы жылдардың ішінде ел экономикасы 20 есе өскенін, 2 мыңға жуық аурухана мен емхана, 1500-ден астам мектеп, 1 мыңға тарта балабақша салынғанын еске салды.
«Осының барлығы халықтың жағдайы, әл-ауқаты. Осындай қамқорлықтың арқасында, елдің табысының артуының арқасында біз орташа жасты 67-тен 73 жасқа асырдық. Бұйыртса, одан да жоғарылап, 80 жасқа жетеді деп ойлаймыз. Ол бізде қашан болып еді? Ешқашан болған жоқ. Халықтың саны өзгерді. Мысалы 1991 жылы мен Тәуелсіздікті жариялар кезде Жоғарғы кеңестің депутаттарының ішінде қазақтың саны 44 пайыз болатын, Қазақстанда да солай еді. Қазір Қазақстанда қазақ саны 70 пайызға жетіп қалды. Ол біз үшін үлкен табыс. Кеңес одағы құлады, ел не істерін білмей қалды. «Осы жерде боламыз ба, болмаймыз ба«, «қазақ тілін білмейтіндердің болашағы жоқ екен« деп жан-жаққа көшкен кезде халқымыздың саны 14 миллионға төмендеп кетті. Қазір міне құдайға шүкір, 18 миллионнан асып жығыламыз. 18 млн 200 мың халқымыз бар. Оның ішінде 70 пайызы өзіміздің қазақ», - деді Н.Назарбаев.