Боқаевтың адвокаттары ағаштарды заңсыз кесу ісі бойынша залалды өтеуге арналған шот ұсынуды сұрады

Oinet.kz 26-11-2026

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Санжар Боқаевтан алаяқтық және ақша қаражатын заңдастыру эпизодтары бойынша жауап алынды. 

Блогер айыптау тарапының бірқатар негізгі уәждерін растады. Атап айтқанда, «BM Trust» ЖШС-ін іс жүзінде өзі басқарғанын, компанияның мөрін өз кабинетінде сақтағанын және қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру жөнінде тапсырмалар бергенін мойындады. Сот отырысының соңында оның адвокаттары ағаштарды кесу эпизоды бойынша келтірілген залалды өтеуге арналған шот ұсынуды сұрады.

Сонымен бірге Боқаев «ҚазТрансГаз» АҚ бас директорының кеңесшісі әрі халықаралық автошерудің үйлестірушісі қызметін атқарған кезде кәсіподаққа «BM Trust» және «We Can» компанияларын байқау рәсімін өткізбей-ақ тартуды өзі ұсынғанын растады. Сондай-ақ, 2017 жылдан бастап «BM Trust» компаниясына тапсырыстар алуға көмектескенін айтты.

Жиені Мадияр Қалменовтің атына рәсімделген компаниядағы өз рөлін Боқаев ашық сипаттады: «Мен өзімді іс жүзінде осы компанияның иесі ретінде сезіндім».

Боқаев компанияның мөрін өзінде сақтағанын, ал Қалменовтен істің егжей-тегжейін әдейі жасырғанын мойындады. Оның айтуынша, «Әрине, Мадияр шотты көрген жоқ. Ол компанияны іс жүзінде басқарған жоқ». Сонымен қатар ол сметаға түзетулер енгізуге қатысқанын және 5 млн теңгені қоса алғанда, қаражатты қолма-қол шешіп алу жөнінде өзі тапсырма бергенін растады. Мердігерлер арасындағы міндеттер мен үнемделген қаражатты бөлу мәселелерін ауызша шешіп отырған да өзі.

Боқаев халықаралық автошеруге жұмсалған шығындардың нақты есебін келтіре алмады және бұл мәселеге қатысты Қалменовтің сотта берген жауабына қайшы мәлімет айтты. Жиені Қытайдағы делегация мүшелерінің тұру шығындарын Қытай тарапы төлегенін айтса, Боқаев бұл мақсатқа Қалменовтің өзі шамамен 4 млн теңге жұмсағанын мәлімдеді.

Деректі фильм туралы сөз болғанда, айыпталушы оның қандай форматта түсірілгенін де, ұзақтығын да есіне түсіре алмады. Ал бұған дейін куәгер Сұлтанов сотта аталған фильмнің іс жүзінде түсірілмегенін, оны түсіруге келісімшарт бойынша бөлінген қаражаттың қолма-қол шешіліп, тікелей Боқаевқа берілгенін айтқан болатын.

Боқаевтың адвокаттары ағаштарды кесу эпизоды бойынша «Медеу Парк» өкілдерімен медиациялық келісім жасасу мәселесін көтеруге тырысты. Жәбірленуші тарап бұдан бас тартқаннан кейін, адвокаттар келесі күні сағат 9:00-ге дейін залалды өтеуге арналған төлем шотын ұсынуды сұрады.

Мұндай қадам іс жүзінде келтірілген залалды өтеуге дайындықты білдіреді. Бұған дейін де Боқаевтың қорғаушылары «ҚазТрансГаз» кәсіподағына келтірілген 42 млн теңге көлеміндегі залалды өтеу мәселесі бойынша медиация жөнінде келіссөз жүргізуге уақыт сұраған болатын.

Адвокаты Бокаева запросили счет на оплату ущерба по делу о вырубке деревьев
Жаңа азаматтық кодекс: Бұрын жасалған шарттардың құқықтық тұрақтылығын сақтау маңызды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу