Astana AI Film Festival халықаралық AI-фильмдер байқауы креаторлардан өтінім қабылдауды бастады

Oinet.kz 25-05-2026

Astana AI Film Festival фестивалінің ресми сайты aaiff.ai  әлемнің түкпір-түкпіріндегі креаторлардан халықаралық AI-фильмдер байқауына қатысуға өтінім қабылдауды бастады.

Screenshot_6.png

Астанада өткен баспасөз конференциясында жобаның тұжырымдамасы, байқау бағдарламасы және іске қосу кезеңі таныстырылды.

Фестиваль ұйымдастырушысы Алмас Жәлидің айтуынша, байқау бағдарламасы екі секциядан тұрады: «The future worth living in» («Өмір сүруге тұрарлық болашақ») тақырыбына арналған негізгі секция және үздік режиссура, визуалды тіл, оқиға, концепция және кейіпкер номинациялары бойынша ашық секция.

Байқаудың негізгі талабы — фильмнің full AI технологиялары арқылы жасалуы. Яғни, жасанды интеллект қосымша құрал ретінде емес, туындыны жасаудың негізгі инструменті ретінде қолданылуы тиіс. 

«Фестиваль 2026 жылғы 28 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Астанада Astana AI Week — жасанды интеллект апталығы аясында өтеді. Бұл AAIFF-ті елдегі ірі технологиялық іс-шаралармен байланыстырып, фестивальдің халықаралық мәртебесін күшейтеді», — деді Алмас Жәли.

Байқауға қатысу тегін және жас ерекшелігіне немесе кәсіби тәжірибесіне қарамастан барша ниет білдірушілерге ашық. Қатысушылар ұзақтығы 10 минутқа дейінгі қысқаметражды AI-фильм әзірлеп, оны жобаның сипаттамасымен бірге aaiff.ai фестиваль платформасына жүктеуі қажет.

«Өтінім фестивальдің ресми сайты арқылы қабылданады. Жұмысты екі жолмен жіберуге болады: YouTube платформасына жүктеп, сілтемесін көрсету немесе Google Drive сервисіне жүктеп, сілтемесін жолдау. Барлық өтінімдер ұйымдастырушылардың бірыңғай базасында тіркеледі және жүргізіледі. Сондықтан авторларға өтінім мәртебесін бақылауда ұстаудың қажеті жоқ», — деді жоба авторларының бірі Айзатулла Хуссейн.

YouTube платформасына жүктелген видеолардың сипаттамасында міндетті түрде «Special for Astana AI Film Festival» тіркесі, автордың аты-жөні және #SpecialForAAIFF хэштегі көрсетілуі тиіс.

Іріктеу қорытындысы бойынша AAIFF командасы мен халықаралық сарапшылар негізгі секциядан 10 және ашық секциядан 15 жұмысты таңдап алады. Финалистерді киноиндустрия, AI-қоғамдастық және creative tech саласының өкілдерінен құралған халықаралық қазылар алқасы бағалайды.

Өтінім қабылдау 2026 жылғы 15 тамызға дейін жалғасады. Байқау финалистері қыркүйек айында жарияланып, көрсетілімдер мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Astana AI Week аясында Астана қаласында өтеді.

Аталмыш жоба - жасанды интеллект технологияларының көмегімен жасалған фильмдерге арналған халықаралық фестиваль. Алаң авторларды, digital-креаторларды, технологиялық компаниялар өкілдерін, сарапшылар мен инвесторларды біріктіреді. Фестивальдің жалпы жүлде қоры 1 миллион АҚШ долларын құрайды.

Фестиваль аясында көрсетілімдер, AI-контентке арналған конференция, панельдік пікірталастар, сондай-ақ авторлар мен продюсерлерге арналған pitch-сессиялар ұйымдастырылады. Ұйымдастырушылар фестивальді жыл сайын өткізіп, оны AI-кино мен цифрлық шығармашылықтың жаңа бағыттарын дамытуға арналған тұрақты халықаралық платформаға айналдыруды жоспарлап отыр.

Молодежь выбирает закон и порядок: масштабный слёт «Жас сақшы» и волонтёров прошел в Шымкенте
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу