30 жылдық белес: ЕҰУ жаңа даму кезеңіне қадам басты

Oinet.kz 22-05-2026

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жоғары оқу орнының  30 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар өтті. 

1000607694.jpg

Мерейтойлық бағдарлама аясында халықаралық Лу Бань шеберханасының ашылуы мен мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, шетелдік серіктестердің, ғалымдар мен түлектердің қатысуымен Ғылыми кеңестің салтанатты отырысы ұйымдастырылды. Сонымен қатар студенттерді, оқытушыларды және университет қонақтарын біріктірген мәдени-көпшілік шаралар жиынның шырайын кіргізді.

Лу Бань шеберханасының лентасын қию рәсіміне Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті басқарма төрағасы – ректоры Ерлан Сыдықов, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь қатысты.
Лу Бань шеберханасы – Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан, жоғары білікті техникалық мамандар даярлауға арналған инновациялық білім беру орталықтарын құру бойынша бірлескен қазақстандық-қытайлық жоба.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Лу Бань шеберханасы Тяньцзинь кәсіптік институтымен бірлесіп жүзеге асырылды және техникалық әрі IT-білім беруді дамытуға, сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық шешімдер саласында сұранысқа ие мамандар даярлауға бағытталған. Лу Бань шеберханасы халықаралық тәжірибе алмасу мен университеттің инновациялық экожүйесін дамытудың жаңа алаңына айналды.
Шеберхананы аралау барысында қонақтарға автоматтандырылған өндірістік желілер, жоғары өнімді есептеулер, ұшқышсыз жүйелер, машиналық көру және робототехника зертханалары таныстырылды. ЕҰУ студенттері мен IT-мамандары жасанды интеллект саласындағы жобаларын ұсынды. Олардың қатарында үлкен тілдік модельдерге негізделген білім платформасы, көру қабілеті нашар адамдарға арналған навигациялық жүйе, интеллектуалды бейне талдау технологиялары, Industrial AI және басқа да әзірлемелер бар.
Ғылыми кеңестің салтанатты отырысы театрландырылған пролог, бейнепрезентация және мерекелік флешмобпен жалғасты. ЕҰУ-дың басқарма төрағасы-ректор Ерлан Сыдықов жиналған қауымды және осы оқу орнында еңбек етіп, еліміздің білім, ғылым саласына айрықша үлес қосып жүрген ғалымдарды, оқытушыларды мерейлі 30 жылдық мерекемен құттықтады және мерейлі белеске университет үлкен табыстармен жеткендігіне тоқталды.
«Университетіміздің басты байлығы – ол университетіміздің ұжымы.Білім ордасының іргесін қалап, бүгінгі биікке жетуімізге өлшеусіз үлесін қосқан ардагерлеріміз бен ұстаздарымызға алғысымыз шексіз.Сіздердің тәжірибелеріңіз бен тәлім-тәрбиелеріңіз біз үшін әрқашан үлгі. Жыл сайын үлес қосып жүрген профессор-оқытушылар құрамына, қызметкерлерге және студенттер мен жас ұстаздарға шынайы ықыласымды білдіремін», - деді ректор.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді. Онда университет алғаш құрылған күннен бастап тәуелсіздікпен бірге жасасып келе жатқаны және еліміздің бетке ұстар білім ұясына айналғаны айтылған. Құрылғанына 50 жыл толмаған әлемдік университет арасында ЕҰУ-дың көш бастағанын жеткізіп, алдағы уақытта білім мен ғылымның көшбасшысы болып, ұлттық университеттің беделін арттыра беретініне және университет тү¬лек¬тері еліміздің барлық саласында жемісті еңбек ететініне сенім білдірген. Отандық жоғары оқу орындарының арасында алды екені аталып, ЕҰУ алдағы уақытта да жоғары білікті мамандарды даярлауда маңызды ғылыми-білім беру орталығы ретінде қала бе¬ретініне үміт артқан.
«Сіздерді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Осыдан 30 жыл бұрын құрылып, ЕҰУ Еуропа, Азия, АҚШ, тағы басқа шетелдік жоғары оқу орындарымен, түрлі ғылыми-зерттеу орталықтарымен, шетел мем¬лекеттерінің елшіліктерімен, халықаралық білім беру ұйым¬дарымен  қарым-қатынас жасайтын жетекші  университетке айналды», - делінген Президент құттықтауында.
Сондай-ақ жиын барысында Ресей, Беларусь және Әзербайжан президенттерінің құттықтау хаттары оқылды және университет ұжымын ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжіліс төрағалары, дипломатиялық корпус өкілдері, шетелдік серіктестер, ҚР Бас прокуратурасы, Жоғарғы сот, жоғары оқу орындарының ректорлары және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті түлектері құттықтады.
«Бүгін отандық ғылым мен жоғары білім саласында айтулы мереке. Университет бүгінде тек Орталық Азия кеңістігінде ғана емес, әлемдік деңгейдегі іргелі жоғары оқу орнына айналды. 30 жылдық тарихы бар ЕҰУ бүгінде заман сұранысына жауап бере алатын, біліктілігі мен білімі, тәжірибесі мен таланты бір арнаға тоғысқан сала иелерін даярлауды айқын мақсат етіп келеді. Ұлттық университет ғылым мен білім айдынында жүктелген міндеттерді жоғары нәтижемен жүзеге асырып отыр. Бүгінгі нәтижелі жұмыс пен іргелі белестер  университет ұжымының табанды еңбегінің арқасы деп бағамдаймын», - деді ЕҰУ түлегі, ҚР Ғылым және  жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Университеттің 30 жылдығын мерекелеу кампус аумағында студенттерді, оқытушыларды, түлектер мен қонақтарды біріктірген мәдени-көпшілік іс-шаралармен жалғасты. Қатысушылар үшін палау фестивалі, мерекелік концерт, ұлттық ойындар, көрме және интерактивті алаңдар, сондай-ақ ЕҰУ түлектерінің слеті өткізілді.Мерекелік бағдарламаға қазақстандық өнерпаздардың шығармашылық қойылымдары, спорттық шаралар мен университеттің көпұлтты мәдениеті мен студенттік рухын айшықтайтын халықтық серуендер енді.
Бүгінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – Қазақстан мен Орталық Азиядағы жетекші зерттеу университеттерінің бірі. Университетте 27 мыңнан астам студент білім алады, ал білім беру және ғылыми үдерісті шамамен 3 мың оқытушы мен қызметкер қамтамасыз етеді. Университет 200-ден астам білім беру бағдарламасын жүзеге асырып, халықаралық ынтымақтастықты, цифрлық технологияларды және жасанды интеллект, инженерия, ядролық физика, биотехнология және басқа да бағыттар бойынша ғылыми зерттеулерді белсенді дамытуда. QS World University Rankings 2026 қорытындысы бойынша ЕҰУ әлемнің жетекші университеттері арасында 317-орынға ие.
Казахстан получил статус страны, свободной от ящура на 93-й Генеральной сессии ВОЗЖ
Шымкентте киберқылмысқа қарсы түсіндіру жұмыстары күшейтілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу