Қазақстан мен Ауғанстан іскерлік әріптестікті тереңдетуде
Шымкент қаласында Қазақстан мен Ауғанстан кәсіпкерлерінің басын қосқан халықаралық бизнес-форум өтуде. Бұл жиынның басты мақсаты – екі ел арасындағы сауда және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтіп, жаңа серіктестік бағыттарын айқындау. Форумға ауыл шаруашылығы, логистика, жеңіл өнеркәсіп, көлік және қаржы салаларында жұмыс істейтін бизнес өкілдері қатысты.

Іс-шараның ашылуында Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин құттықтау сөз сөйлеп, екі ел арасындағы достық пен экономикалық қарым-қатынастың маңызын атап өтті.
— «Қазақстан Үкіметі атынан Ауғанстаннан келген меймандарға алғыс білдіремін. Соңғы жылдары біздің елдер арасындағы сауда және экономикалық байланыстар қарқынды дамып келеді. Ауғанстан – Оңтүстік Азиядағы сенімді серіктесіміз әрі стратегиялық бағыттағы маңызды ел. Біз өзара тиімді ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге дайынбыз», — деді министр.
Жұманғариннің айтуынша, соңғы жылдары екі ел арасындағы экономикалық байланыс айтарлықтай нығайған. 2023 жылы Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 545 миллион АҚШ долларына жеткен. Ал 2024 жылдың алғашқы сегіз айында бұл көрсеткіш 280 миллион долларды құрап отыр.
Министр атап өткендей, кейбір өнім түрлерінде аздаған төмендеу болғанымен, бидай экспорты 2,9 есеге артқан, ал мұнай өнімдері мен көлік құралдарының жеткізілімі екі есеге көбейген.
Ауғанстанға негізінен қазақстандық бидай, күріш, май және қант жеткізіледі. Екі ел арасындағы тұрақты экспорттық бағыттар өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Қазақстан тарапы бұл бағытты одан әрі кеңейтуге және жаңа логистикалық тізбектерді қалыптастыруға мүдделі.
Форум барысында ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері де талқыланды. Серік Жұманғарин өз сөзінде Бейнеу логистикалық терминалының әлеуетін тиімді пайдалану арқылы екіжақты тауар айналымын арттыруға болатынын айтты. Сонымен қатар, өнеркәсіп және көлік инфрақұрылымы бағытында ортақ жобалар қолға алынатынын жеткізді.
Форум аясында кәсіпкерлер өзара келіссөздер өткізіп, ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою жоспарланған. Сарапшылардың пікірінше, бұл кездесу тек сауда емес, мәдени және гуманитарлық қатынастарды да күшейтеді.
Іскерлік форумның Шымкентте өтуі де кездейсоқ емес. Үшінші мегаполис бүгінде еліміздің ең белсенді өндірістік және логистикалық орталықтарының бірі саналады. Осы тұрғыда қаланың географиялық орналасуы Ауғанстанмен тікелей экономикалық байланыс орнатуға қолайлы мүмкіндік береді.
Жиын соңында қатысушылар екі ел арасындағы серіктестік әлеуетін жоғары бағалап, ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығару үшін нақты іс-шаралар жоспарын талқылады. Форум нәтижесінде сауда мен инвестиция салаларындағы қарым-қатынас жаңа серпін алып, Орталық Азия мен Оңтүстік Азия арасындағы экономикалық көпірдің нығая түсуіне жол ашпақ.


