Дәстүрді бейнелеген шебер

Oinet.kz 10-10-2025 18

Шымкент қалалық опера және балет театрының бас суретшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Күзембаев – ұлттық рух пен мәдени мұраны өнер арқылы насихаттауда өзіндік қолтаңбасы бар азамат. 

Screenshot_1.jpg

Ол әрбір қойылымның көркемдік шешімін жасағанда халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын басты негіз етіп алады. Оның айтуынша, сахна көркем ой мен тарихи танымды тоғыстыратын кеңістік, ал ұлттық құндылықтар сол кеңістіктің рухани өзегі. Бақыт Күзембаев үшін дәстүр мен мәдениет  қазақ халқының терең тамырынан бастау алатын өмір сүру салты, ұлттың жадында сақталған асыл мұра. «Киіз үйдің оюынан бастап, сахнадағы әрбір бұйым мен түстің үйлесіміне дейін  бәрі халықтың дүниетанымынан хабар береді» дейді ол. 

Суретші ретінде ол тек сыртқы безендірумен шектелмей, әр қойылым арқылы ұлттың болмысын, рухын, ішкі жан дүниесін бейнелеуге тырысады. Оның жұмыстары көрерменге қазақы рухты сезіндіреді, ата-баба аманатын жүрекке жеткізеді. Бақыт Күзембаев ұлттық нақыштағы элементтерді заманауи сахна тілімен ұштастырып, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың терең мағынасын бүгінгі буынға жаңаша жеткізудің жолын тапқан. Ол үшін сахна тек өнер емес, тәрбие мен тағылымның алаңы. «Ұлттық дүниелерімізді тек өткеннің естелігі ретінде қарамай, бүгінгі өмірмен сабақтастыра білуіміз қажет. Сонда ғана олар өзекті, өміршең болады» дейді ол. Суретші ретінде ол көрерменге ой салатын, сана сілкіндіретін жұмыстарды мақсат етеді. Кез келген театр қойылымындағы сахналық шешім, костюм, түстердің үйлесімі арқылы көркемдік қана емес, ұлттық идея да алға шығады. Бақыт Күзембаев ұлтымыздың шежіресін, тұрмысын, наным-сенімін көркем образдармен жеткізуді басты міндет санайды. Оның пікірінше, ұлттық құндылықтарды сақтап қалудың жолы оларды күнделікті өмірге енгізу, өнерде ұсыну, жас ұрпаққа үлгі ету. Ұлттық болмыстан ажырамау рухани тәуелсіздіктің кепілі. 

Осы бағытта еңбек етіп жүрген Бақыт Күзембаев өз ісімен ұлтқа қызмет етіп келеді. Театр сахнасында ол жаңаша стиль мен дәстүр сабақтастығын шебер ұштастырып, қазақы бояумен көмкерілген қойылымдар арқылы халықтың жүрегінен орын алып жүр. Оның еңбегі – ұлтқа деген сүйіспеншіліктен туған өнер. Ұлттың жаны өнерде десек, сол өнердің сұлулығын, шын мәнін танытатын тұлғалар арамызда жүргені – зор мақтаныш. Бақыт Күзембаев үшін әр сахналық туынды – ел руханиятына қосылған бір кірпіш.

Аида ӨТЕП

Молодые казахстанцы гордятся репутацией страны – результаты исследования
Дәстүрдің дауысы – сахнада
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу