Ордабасы алаңы – рухани орталық
Шымкент қаласының оңтүстігінде, «Тәуелсіздік» саябағының төменгі жағында Қазыбек Би, Төле Би, Әйтеке би көшелерінің қиылысында Қазақстан халқы үшін символдық маңызы зор Ордабасы алаңы орналасқан.
Ордабасы – қазақ халқының тарихыңда маңызы жағынан ерекше орын алатын, жоңғар басқыншыларына қарсы тәуелсіздік үшін ұлт-азаттық қозғалысты бастаудың ошағы, темірқазығы. Ордабасындағы ымыралыстық жолындағы айтулы жиын мәңгі халық жадында қалады. Жан-жақтан жау анталап, тыныштық кеткен заманда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбіршілікпен ұйымдасқан түрде жауға қарсы батылдық таныту – тарихта қайталана бермейтін ерлік.
«Ордабасыға оралу, Ордабасыны ойлану, Ордабасымен тыныстау, Ордабасымен рухтану – баршамыздың перзенттiк парызымыз» дейді белгілі жазушы-журналист, марқұм Мархабат Байғұт. Тарихтан мәлім, Ордабасы тауының қойнауында 1726 жылы Орда тігіліп, қазақтың үш жүзінің игі жақсыларының басы қосылып, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске халықты жұмылдыру жайы талқыланған.
Шымкент қаласындағы Ордабасы алаңына қойылған «Жер ана» монументі 2009 жылы бой көтерген. Биіктігі тұғырымен қосқанда 25 метр. Онда Қазыбек би, Әйтеке би және Төле бидің дана сөздері жазылған. Жалпы, бұл алаңның һәм қанатты сөздердің ерекше мәні бар. Себебі, атақты үш биіміздің көшелері осы Ордабасы алаңында түйіседі. Сондықтан да Ордабасы алаңының тарихи мән-маңызы құнды әрі орны айрықша. Айта кетерлігі, монумент 2018 жылы жаңартылды. Ескерткіштің қасбеті қымбат тастармен қапталды. Бүгінгі таңда ескерткіштің аумағы абаттандырылып тұрады.
«Жер ана» Тәуелсiздiк монументi – Шымкенттің шынайы мақтанышы. Биiктiгi – 34 метр. Шымкент қаласында бұған дейін жас ұрпақтың бойына патриоттық сезiм ұялатып, ата-бабамыздың қаншама ғасыр бойы аңсаған арманын қазiргi кездiң мақсат-мүддесiмен үйлестiре бейнелеген дәл мұндай ескерткiш болған емес.
Ел тарихы ескерiле отырып жасалған Тәуелсiздiк монументi идеясы одан әрi жетiлдiрiлiп, Ордабасы алаңы ұлттық ұстындарымызды қастерлейтiн тарихи-мемориалдық кешенге айналды. «Рәмiздер алаңы» аталатын кешенде елiмiздiң картасы бейнеленiп, Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың: «Дүниеде тәуелсiз қазақ елi бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көпұлтты ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенiмдi саяси жүйесi бар. Ең бастысы, бүгiннен нұрлы, бүгiннен кемел болашағы бар. Сол күнге берiк сенiмi бар!» – деген сөзi мен Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңынан үзiндi тасқа қашалып жазылды. Бүгiнде Тутөбенiң басында биiктiгi 50 метрлiк көк байрақ алыстан көрініп, желбіреп тұр.
Ордабасы алаңындағы аспалы көпiрдiң де үлкен шығармашылық ой мен қиялдан туғанын айтқан жөн. Ұзындығы 104 метр, енi 5,7 метр болатын көпiр темiр құрылымдар арқылы құрастырылып, тiреулерi гранит тастармен қапталған. Бұл көпiр көне Шымкент шаһарын Ордабасы алаңына қосады. Сондықтан қалың көпшiлiк оны «Алтын көпiр» деп атап кеттi. Алаңды кесiп өтетiн Қошқар ата өзенiнiң үстiне екi жерден орнатылған субұрқақтар да өз үйлесiмiн тауып, қала тұрғындарының көз қуанышына айналған.
Шымкентте Ұлы Жеңiстiң 65 жылдығына орай салынған «Даңқ» мемориалы Отан үшiн от кешкен майдангерлердi ұлықтайды. Аллеяның ұзындығы 285 метр, енi 22 метр. Аллея бойына орнатылған гранит тастарға өңiрiмізден соғысқа аттанған 140 мыңнан астам жауынгердiң есiмi қашап жазылды. Сондай-ақ, оңтүстiктен шыққан 51 Кеңес Одағының Батыры мен 8 Даңқ орденiнiң толық иегерi және бiр Халық қаһарманының аты-жөнi бөлек тақтаға қастерлеп жазылған.