Ұлт бірлігінің символы – Тәуелсіздік саябағы
Шымкент қаласында ел тәуелсіздігінен сыр шертетін, ұлттың рухты көтеретін, өткен тарихымызды бейнелейтін орындар көп. Соның бірі – Тәуелсіздік саябағы.
Шымкенттіктер үшін Тәуелсіздік саябағының салынуы да теңдессіз, тамаша құбылыс болды. Қазір ондағы түрлі-түрлі маңызды да мәнді орындар тұрғындардың да, жан-жақтан, шетелден келетін меймандардың да назарын ерекше аударады. Рәміздер алаңы сияқты таңғажайып алаңдардың тағылымдық, тәрбиелік рөлі орасан зор.
Тәуелсіздік саябағының өзі де, күллі кешенге кіретін бөліктері де, саябаққа апаратын аспалы жолдар мен көпірлері де таңғалдырады. Қалай десек те, бүгінгі күні шаһардағы Тәуелсіздік саябағы көпшіліктің сүйікті демалыс орнына айналған.
Тәуелсіздік саябағы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған іс-шаралар аясында ашылды. Саябақ қаланың Қабанбай батыр көшесіндегі төбенің жазығында орын тепкен. Саябақтың триумфті – 15 метрлік қақпасын аттаған тұста, 1991 жылдан – күні бүгінге дейінгі елімізде орын алған тарихи маңызды оқиғалар тасқа қашалып жазылған. Көлемі 5,8 гектар алқапты құрайтын аумаққа «Ел бірлігі» монументі орналасып, «Тәуелсіздік шежіресі» аллеясы салынды. Онда еліміздің әр жылдардағы жарқын тарихы мәрмәр тастарға ойып жазылған. Сондай-ақ саябақтан күн сайын су ағысын заманауи және классикалық ұлттық музыканың сүйемелдеуімен орындайтын ерекше субұрқақты көруге болады
Саябақта көкейге елжандылық сезімін ұялатар тағы бір нысан ол – «Алтын шаңырақ» ел бірлігі тәуелсіздік монументі. ол Қазақстан Республикасындағы 137 түрлі ұлттарды бейнелейтін 137 металл элементтерден құрылған. Сонымен қатар, ел өмірінің Тәуелсіздік кезеңіндегі жарқын оқиғалар бейнеленген гранит тақталарын, үлкен ту алаңын көруге болады.
Шымкенттіктердің тағы бір мақтан тұтар нысаны ол – «Жер-Ана» тәуелсіздік монументі. Бұл архитектуралық композициялар туған жердің кеңдігін, бейбітшілік пен халықтар келісімін бейнелейді. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би көшелерінің қиылысында орын тепкен, биіктігі 34 метрді құрайтын бұл монументпен «Тәуелсіздік» саябағының арасын «Мемлекеттік рәміздер» алаңы мен ұзындығы 104 метрді құрайтын «Алтын көпір» жалғастырып тұр.
«Тәуелсіздік» саябағы 2014 жылы мемлекеттік сыйлыққа лайық деп танылды. Саябақ шымшаһардың ең биік жеріне орын тепкен. Әрі бұл жер қаланың тарихи-рухани бастау алған жері саналады. Аумағы 8 гектардан астам жерді құрайтын саябақта ұлтаралық татулықты білдіретін «Ел бірлігі» монументі мен аллея бойындағы граниттен жасалған 21 тақтайша бар. Ал, «Отан ана» сәулеттік монументі дархан даламыздың кеңдігін және халқымыздың татулығы мен бейбітшілігін бейнелейді.
Рәміздер алаңында орын тепкен 25 метрлік найзалардың ортасында көлемі 128 шаршы метрді құрайтын өңірдегі ең үлкен көк туымыз желбіреп тұр. Шаһар тұрғындары сәулет өнерінің жетістігі саналатын саябақты Тәуелсіздіктің жемісі деп бағалайды.