Шымкент жастары ұлт ұстазының туған күнін атап өтті

Oinet.kz 15-09-2025 45

Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесіне орай, Шымкент жастары ерекше мазмұнды әрі тәрбиелік мәні зор іс-шара ұйымдастырды.

Screenshot_1.jpg

Әуезов университеті «Филология» факультетінің Журналистика БББ 1-2 курс белсенді студенттерінің қатысуымен өткен «Тіл – ұлттың жаны. Ахмет – Алаштың ардақтысы» тақырбындағы іс-шара мемлекеттік Әнұранмен ашылды. 

Ақпараттық білім беру орталығының басшысы И.Қобланқызы құттықтау сөзінде тілдің мәртебесін көтеру, оның қолданылу аясын кеңейту – болашаққа салынған берік негіз екенін айтты. Тілімізді ұлықтау арқылы біз ұлттығымызды сақтап, ұрпақ санасына елдік пен ерлікті сіңіреміз десе, «Журналистика және қазақ тілі» кафедрасының меңгерушісі Г.Танабаев мерекенің тарихына тоқталып, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың қазақ журналистика тарихындағы еңбектеріне баста тоқталды. Жастардың бұл бастамасы тілге деген құрметті арттырып қана қоймай, студенттердің шығармашылық қабілетін дамытуға үлкен мүмкіндік берді. Іс-шара барысында қазақ халқының ұлы ағартушысы, тіл жанашыры, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың тұлғалық бейнесін ашатын көрініс қойылды. Студенттердің сомдауындағы көрініс көрермендерге ұмытылмас әсер қалдырды. Ұлт ұстазының ел үшін атқарған еңбегі мен оның қайраткерлік жолы жастарға өнеге ретінде ұсынылды. Ахмет Байтұрсыновқа арналған студенттердің өз арнауы мен жүрекжарды жырлары әрбір тыңдаушыға терең ой салды. Бұл бөлімде студенттер тек өлең оқып қана қоймай, тіл мен әдебиеттің құдіретін сезінуге шақырды. Мерекелік кештің ерекше сәттерінің бірі – «Рухты би» атты ұлттық нақыштағы би болды. Би қойылымы жас буынның жігері мен рухын бейнелеп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Жалпы, бүгінгі шараның басты мақсаты мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, жастардың тілге деген сүйіспеншілігін арттыру және ұл тұлғасының асыл мұрасын кеңінен насихаттау болды. 

Студенттердің белсенділігі мен шығармашылық ізденісі бұл мақсатты толық жүзеге асыруға мүмкіндік берді. М. Әуезов атындағы университет қабырғасында өткен бұл мерекелік іс-шара қатысушылардың жүрегіне ерекше әсер қалдырып, олардың тілге деген құрметін одан әрі нығайтты.

Қазақ тілі – халқымыздың тарихы мен тағдыры, қуанышы мен қайғысы, арман-мақсаты тоғысқан шежіресі. Ел боламыз десек, ең алдымен, тілдің қадірін түсініп, оны құрметтеу – әр азаматтың борышы.

Акмолинская область: промышленность и бизнес движут экономику вперёд
Қазақ этнопедагогикасы негізінде тәрбие берудің маңызы зор
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу