Қазақ мәдениетінде берекенің белгісі саналған жәдігер кешен қорында

Oinet.kz 29-08-2025 17

«Шым қала» тарихи-мәдени кешеніндегі жәдігерлер — Шымкент қаласының терең тарихынан сыр шертетін, көне мәдениеттің айғағы болып табылатын бірегей мұралар. 

Screenshot_12.jpg

Бұл кешеннің басты мақсаты – келушілерге көне қаланың рухын сезіндіру, ортағасырлық Шымкенттің өмірін, тұрмысын, сауда-саттығын және қолөнерін жан-жақты таныстыру. Кешендегі жәдігерлер қорында келі-келсаптар сақталған. «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің қорларды ғылыми зерттеушілік және қамтамасыз ету бөлімінің ғылыми қызметкері Азия Нурпейсованың айтуынша, келі бүгінгі таңда қолданыстан қалып қойған қазақтың көзіндей көне жәдігер деуге болады. Оны тек мұражайларда ғана көріп жүрміз. Алыс шетелде тұратын, ауылды жерде келі әлі де қолданыста бар бұйым. Базарларда көрнекілік ретінде сатылады екен.

– Келі – қазақ халқының дәнді дақылдар - бидай, тары, арпа, бұршақтарды қауызынан арылтып, ақтап қызылдайтын, тарыны қаралайтын, науат тағы басқа да қатты заттарды түйгіштеп, түйіп ұнтақтайтын тұрмыстық, отбасылық дән-дақылдарға қолданатын, өз қолдарымен жасап алған ыдыс құралы. Қазақ шеберлері келіні қарағай, қайың, самырсын, қарағаш сынды қатты ағаштардан, тас, темір, шойын материалдардан жасайды. Келінің іші қуыс болады, дәнді түюге арналады.

Қазақ шеберлері ағаш келіні - қатты ағаштың жуан діңінің ортасын 30-35 см тереңдікте ұңғуырмен ойып қашап жасаған.Екі не бір келі дән-дақылы сыйятындай мөлшермен есептеп ойған. Қазақ келінің жасалу пішініне қарай: шүңғыл келі, тақта келі, нар келі, қыз келі, орта келі, ою келі, бала келі, балапан келі, қынама бел келі, сүйір келі, қатын келі, орама келі, табақ келі, астау келі, құрама келі тағы басқа түрлерге бөледі. Келі-келсап тұрмыстық құрал ғана емес, ол адамды шеберлікке,ептілікке, мергендікке,шыдамдылық пен табандылыққа үйретеді. Сонымен қатар әл-қуатты арттырып, денені шынықтырады, - дейді жәдігермен таныстырған ғылыми қызметкер.

Келі мен келсап — тек тұрмыстық зат қана емес, қазақ мәдениетінде берекенің, еңбектің, ырыс пен молшылықтың белгісі ретінде қаралған. Келіні мен келсабы бар үй – тірлігі тоқтамайтын еңбекқор шаңырақ деп бағаланған. 

Кей өңірлерде келі түю — салттық, тәрбиелік мәнге де ие. Мысалы, ұзатылатын қызға «келі түйгізу дәстүрі» болған. «Келі түймеген келін, түк білмеген келін» деген сөз бар. «Жақсы жерге түскен келін - келін, жаман жерге түскен келін – келсап» деп бұрынғы ата - аналарымыз айтып кеткен екен. «Келін келсап болмай, піспейді» деп тағы айтады. Келі түйген келіннің құрыс-тырысы жазылып, қолтығы созылып, жауырыны жабыспай денсаулығы мықты, екі білегі күшті болады. Келі әрекеті - үлкен дене шынықтырудың таптырмас әдісі еді. Амал қанша келіден қол үзіп, көз жазып қалдық, - деген пікірімен бөлісті маман.

«Шым қала» тарихи-мәдени кешеніндегі ерекше жәдігер
«Шым қала»: туристердің назарын аударатын мұрағаттар бар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу