«Шым қала»: туристердің назарын аударатын мұрағаттар бар

Oinet.kz 29-08-2025 13

«Шым қала» тарихи-мәдени кешеніндегі қорда қазақтың киіз үйінің жәдігерлер сақталған. Аталған жәдігерлер әсіресе, шет елдік туристердің назарына еркше ілігеді.

Screenshot_13.jpg

Мекеменің ғылыми зерттеуді және экспозициялық-көрмелік қамтамассыз ету бөлімінің ғылыми қызметкері Слухан Исабекова Слухан кешен қонақтарына «Қасиетті қара шаңырақ – киіз үй»  тақырыбында лекция өткізді.

– Киіз үй  – «Атамыз  – Алаш, керегеміз – ағаш», «Киіз туырлықты, ағаш уықты қазақпыз» деп, аталы сөз айтып қалдырған ата-бабамыздың негізгі баспанасы. Киіз үй – тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі, тіпті оған көршілес елдердің де тұрақ-мекені. Шығу тарихы біздің заманымызға дейінгі ғасырларда пайда болған киіз үйді біздің халық қасиетті, киелі қара шаңырағымыз деп дәріптейді. Қасиетті қара шаңырақ киіз үйді қастерлеп ұстап, ғасырдан ғасырға оның мән-маңызын өзгертпей жеткізген біздің қазақ халқы екенін әрдайым мақтанышпен айтамыз, - деді таныстырылымда. 

Шынтуайтында, киіз үй – қазақ халқының ұлттық болмысы мен мәдениетінің айнасы. Ол – тек баспана ғана емес, ұлттың дәстүрі, салты, өмір салты мен дүниетанымын көрсететін киелі нышан.  Қара шаңырақ ұғымы – ата-бабаның, әулеттің, тұтас бір рудың рухани өзегі саналатын үй. Ол – ұрпақ сабақтастығының белгісі, үлкенге құрметтің, ата жолын жалғастырудың нышаны. Қара шаңырақ иесі – кенже ұл, ол ата-ананы бағып, әулет мұрасын жалғастырушы ретінде танылған.  Киіз үйдің әрбір бөлшегінде терең мағына бар:  «Шаңырақ – бірліктің, тұтастықтың белгісі»;  «Уық пен кереге – қоғам мен отбасының негізі»;  «Туырлық, үзік, түндік – тыныштық пен жылылықтың символы».

Киіз үй көшпелі халықтың табиғатпен үйлесімді өмір сүргенін, шеберлік пен эстетиканы жоғары бағалағанын дәлелдейді. Ол – желге төтеп беретін, жазда салқын, қыста жылы, экологиялық таза, ыңғайлы баспана.   Қазақ үшін киіз үй – қасиетті орын. Бұл жерде өмір басталып, ұрпақ өрбіп, дәстүр жалғасады. Сондықтан да киіз үй – ұлттық рухтың, отбасылық құндылықтың және мәдени мұраның алтын діңгегі.

Беларусь Ғылым академиясының доценті, тарих ғылымдарының докторы Елизавета Николаевна Квилинкова «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің жылжымалы көрмесінде қазақтың қолөнер бұйымдары, жәдігерлері жайында өз пікірін былай білдірді: «Мұндағы әрбір жәдігер тарихымен, көнелігімен таңқалдырады. ХІІІ ғасырдағы қолжазба кітаптар, ұлттық киімдер, зергерлік бұйымдар бәрі-бәрі ұлттық мәдениеті, салты, дінінен хабар береді».

Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған жәдігерлерді жинақтап, жүйелеу, оларды сақтап, келешекке жеткізуде  тарихи кешенде жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Қазақ мәдениетінде берекенің белгісі саналған жәдігер кешен қорында
«Шымқала» қоры тарихи маңызы зор құжаттармен толықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу