«Шымқала» қоры тарихи маңызы зор құжаттармен толықты
«Шым қала» тарихи-мәдени кешенінде жүргізіліп жатқан ізденіс жұмыстары аясында кешен қызметкерлері Шымкент қаласының бай тарихын мұрағаттық деректер негізінде терең зерделеуде.
Ағымдағы жылы өңірлік архив саласының өкілдері тарапынан тарихи маңызы зор құжаттар мен сирек кездесетін материалдар кешен қорына табысталды. Бұл бастама – өткенді тануға, тарихи жадымызды жаңғыртуға және келер ұрпаққа құнды мұраны жеткізуге бағытталған маңызды қадам болып отыр.
Мамандар солардың бірқатарын атап өтті. Олар - Шымкент қалалық мемлекеттік архивінің мамандары Ресей Мемлекеттік әскери тарих архиві қорынан әкелген 1866 жылғы Чимкентъ бекінісінің сызбалары, 1875 жылғы Чимкентъ бекінісінің бас жоспары, 1883 жылғы Чимкентъ бекінісінің негізгі жоспары, «Оқ дәрі» жерасты қоймасының сызбасы және «Азық-түлік» қоймасы мен Казарма қасбетінің көрініс сызбалары, 1909 жылы 21 сәуірде бекітілген Сыр-Дарья облысы, Чимкентъ уездінің Гербі тағы басқа құнды деректер қалалық архивтің 370 қорынан кешен қорына тапсырылған.
– 1868-2021 жылдардағы Шымкент қаласының өнеркәсіп орындарының тарихы жайында архив құжаттарының 2 томдық жинағын Шымкент қалалық Мемлекеттік архивінің директоры Айпар Шажалықызы арнайы сыйға тарту етті. Түркістан облысының Мемлекеттік архивінің директоры Айдын Кеңесбайқызы Өзбекстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві мен Ресей мемлекеттік саяси тарих архиві және Омбы облыстық мемлекеттік архиві мен Орынбор облыстық мемлекеттік архиві қорларынан жинақталған ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі оқу – ағарту ісі жайлы құжаттар жинағын, 1918-1994 жылдар аралығындағы Оңтүстік Қазақстан облысы совхоздарының тарихы бойынша анықтамалық мәліметтер жазылған және 1928 жылғы Сырдария округіндегі байлардың мал-мүлкін тәркілеу кезеңіне байланысты құжаттар жинағы мен 1928-2011 жылдар аралығындағы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік –аумақтық құрылымы туралы мәліметтер жинағымен т.б. құнды тарихи архивтік құжаттар жинағын кешен қорына сыйға тартты. Архив құжаттарымен дәлелденген тарих ғана дәйекті. Аталған кешен қорына тапсырылған құнды құжат музей қорына өткен жәдігерлердің барлығы кешен қызметкерлерінің жан-жақты зерттеуімен құжатталып, сан ғасырлар бойы көздің қарашығындай сақталып, экспозиция залдарына көрме ретінде қойылып, оның тарихы өскелең ұрпаққа насихатталатын болады, - дейді қорларды ғылыми зерттеушілік және қамтамасыз ету бөлімінің ғылыми қызметкері Азия Нурпейсова.
«Шым қала» тарихи-мәдени кешені өңір тарихын жаңғыртып, ұрпақ сабақтастығын жалғауда үлкен рөл атқарып отыр. Архивтік деректермен толыққан әрбір жәдігер – халқымыздың өткені мен мәдениетінің айғағы. Бұл бастамалар болашаққа тағылым боларлық рухани қазына екені сөзсіз.