Қазақ әйелінің парасаты – ұлттың рухани тірегі

Oinet.kz 29-08-2025 21

Қазақ әйелінің даналығы мен парасаттылығы — ұлттың рухани байлығы мен тәрбиесінің негізі. Асыл ана, аяулы жар, ибалы келін болып қалыптасқан қазақ әйелдері ғасырлар бойы отбасы мен ел бірлігінің ұйытқысы, тәрбие мен өнегенің тірегі болып келеді. 

Screenshot_15.jpg

Шымкент қаласында қазақ әйелінің осындай асыл қасиеттерін ұрпақ бойына сіңіп, қоғамның өркендеуіне қызмет етіп келе жатқан асыл жандар қатары артып келеді. Солардың бірі – қала тұрғыны Ақмарал Құдайбергенова жуырда Ұлы Абайдың 180 жылдығы мерейтойының аясында өткен «Жеті қазына» атты мәдениет, спорт және туризм фестивалінде «Сұлу әйел» байқауында бас жүлдені жеңіп алды. 

– Абайдың 180 жылдық мерейтойы – барша қазақ үшін рухани мереке. Осы айтулы шара аясында Абай облысы, Қарауыл ауылында өткен «Жеті қазына» ұлттық мәдениет, спорт және туризм фестивалінде республикалық «Сұлу әйел – 2025» байқауының бас жүлдесін иеленіп, ел мерейін асқақтатқаныма шүкіршілік айтамын. Бұл байқауда қазақ әйелінің сұлулығы тек сыртқы келбетімен емес, парасаты, мейірімі, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі орны арқылы бағаланды. «Ана бейнесі» мен «Ана дәмі» кезеңдерінде біз ата-баба дәстүрін, ұрпақ тәрбиесіндегі ананың айрықша орнын айшықтап көрсетуге тырыстық. Әрбір сайыс – халқымыздың тереңде жатқан салт-дәстүрін қайта жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналды. Таныстыру, ұлттық киім үлгісін көрсету, бесік жырын орындау, ұршық иіру, табақ тарту, бауырсақ пісіру секілді кезеңдер – барлығы да ата-баба мұрасын бүгінгі буынның санасына сіңірудің, ұлт болмысын ұлықтаудың жарқын көрінісі болды. Бұл жеңіс – жеке менің еңбегім емес. Артымда тілеулес болған үлкен қауым бар.олардың әрқайсысына алғысымды айтамын. Бас жүлде – 5 бас жылқы. Бірақ одан да үлкені – ел мерейін көтеріп, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау. Мен үшін осы жеңіс – туған елімнің абыройын асқақтатқан қуаныш, - дейді А.Құдайбергенова. 

Қазақ әйелінің бет-бейнесі, ұлттық салт-дәстүрлер, ұлттық киімдер, қазақ халқының қонайжайлылығы, дастархан дәстүрлері бойынша сынға түскен кейіпкеріміз барлық талаптардың үддесінен шығып, оқ бойы оза шықты. 

Қазақ әйелі тек отбасы ішінде ғана емес, қоғамда да белсенді рөл атқарған. Елге үлгі болар аналарымыз дауды шешіп, ауылға жөн сілтеп, салт-дәстүрді сақтауда алда болды. Мысалы, Домалақ ана – ел арасында бітімгер,Ұлжан ана – Абайдай кемеңгерді тәрбиелеген парасат иесі, Айғаным ханым – Шоқан сынды ғалымның болашағына жол ашқан ана. Бүгінгі күні де қазақ әйелінің осы ұлы болмысын дәріптеп, жас ұрпаққа үлгі ету — біздің басты міндетіміз. Даналығымен елді ұйыстырған ана бейнесі — қазақтың мәңгілік құндылығы. Шымкенттік Ақмарал ел аналарының жолын қуған жан деп нық сеніммен айта аламыз. 

«Шымқала» қоры тарихи маңызы зор құжаттармен толықты
«Жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыру мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу