«Шым қала» тарихи-мәдени кешеніндегі ерекше жәдігер
Қаламыздағы «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінде қазба жұмыстары кезіндегі жәдігерлер сақталып, олардың әрқайсысы келушілердің қызығушылығын тудырып, тарихы таңданыс тудырмай қоймайды.
Кешендегі сондай жәдігердің бірі - сфероконус. «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінің экскурсоводы Айдана Смайлова ерекше жәдігер — сфероконус жайлы қызықты мәліметтермен бөлісті.
– Сіз бұрын парфюмерияда, медицинада, алхимияда және діни жоралғыларда қолданылған бір ғана ыдыс туралы естіген бе едіңіз? Оны сфероконус деп атаған. Ортағасырларда кең таралған бұл ыдыс домалақ бітімді, конус тәрізді түбімен ерекшеленеді. Ашық тесігінің шағын болуы мен ерекше формасының арқасында сфероконус әрдайым жанымен жатады да, ішіндегі сұйықтық ешқашан төгілмейді. Ең жиі кездесетіндері — саз балшықтан жасалған ыдыстар, алайда оларды шыныдан, фаянстан, қола мен қорғасыннан да жасаған. Сфероконус ыдысының басты ерекшелігі — оның өте мықты болуы. Бұл қабырғаларының қалыңдығы (3 см-ге дейін) мен арнайы күйдіру технологиясының нәтижесінде қол жеткізілген. Мұндай ыдысты оңай сындыра алмаған, - дейді А.Смайлова.
Ыдысты хош иісті майлар мен иіссуларды сақтау үшін пайдаланылған. Медицинада дәрілік шөптерден дайындалған тұнбалар мен майларды сақтау үшін қолданылған. Алхимияда сынап (ртуть) сияқты заттарды сақтау үшін қолданылған деген дәйек бар. Ал діни рәсімдерде қасиетті майлар мен басқа да заттарды сақтау үшін пайдаланылған.
Тарихи деректерде, Б. В. Лунина өз еңбегінде Орта Азияда сфероконустық ыдысты «симаб-кузаче», «симаб» - күміс су, яғни сынап, ал «кузача» - жұқа мойны бар саздан жасалған ыдыс деп атағанын айтады. М.Е. Массон мен В. Д. Горячеваның бірлескен еңбегінде сферокониялық ыдыстар «симаб-кузача» (сынапты сақтау үшін) ретінде беріледі. Бүгінгі күннің өзінде көптеген зерттеушілер бұл ыдыстарды қазақша «сынапкөзе», «симоб-кузача» деп атайды. Бір қызығы, бұл ыдыстың нақты мақсаты тарихшылар үшін әлі де құпия болып қалған.
Шымкент қаласының көне тарихын таныстыратын маңызды нысан - «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінде міне осындай ерекше жәдігер бар. Бұдан бөлек, кешен ортағасырлық Цитадель аумағында орналасқан және келушілерге көне қала мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін, сәулетін, қолөнерін және археологиялық жәдігерлерді көзбен көру мүмкіндігін береді. Кешен аясында ашық аспан астындағы музей, ежелгі қалашықтың фрагменттері, экскурсиялық бағыттар, сондай-ақ бірқатар мәдени-танымдық жобалар ұйымдастырылады. «Шым қала» — ұрпақты тарихын тануға, ұлттық сана мен рухани құндылықтарды насихаттауға жол ашатын рухани орын.