Шымкенттік ғалымдардың зерттеулері ғылыми айналымға еніп, әдебиет әлемінде маңызды орын алды
Абай Құнанбайұлының түпнұсқа шығармаларына транскрипция жасап, қазақ әдебиеттану ғылымына өзіндік үлес қосып жүрген шымкенттік абайтанушы ғалымдардың зерттеу еңбектері бүгінде ғылыми айналымға еніп, әдебиет әлемінде маңызды орын алуда.
Бұл еңбектер Абай мұраларын терең тануға, ұлт руханиятына жаңаша көзқараспен қарауға жол ашады. Сондай ізденістегі жарық көрген кітаптың бірі – «Әуезов һәм Абай».
– Басылымды дайындауға біз негізінен Мүрсейітке сүйендік. Өйткені, Мүрсейіт Бікіұлы қолжазбасы – Абай мұрасын бүгінгі күнге жеткізуге себепші болған, ең салмақты, ең беделді дереккөз. Соның ішінде біз Мурсейіттің 1905, 1907, 1910 жылғы қолжазбаларына сүйендік. Өлеңдерді негізінен осы үш қолжазба негізінде транскрипцияладық. Сондай-ақ, салыстырып, тексеру үшін Петербургтан Кәкітай шығарған 1909 жылғы басылымды және Турағұл мен Мүрсейіттің (бұл жоғарыда айтылған үш колжазбадан бөлек) Орталық мұражайда сақталған қолжазбаларын пайдаландық. Кателеспесек 1909 жылы Петербургтан Кәкітай шығарған Абай кітабының литографиялық көшірмесі алғаш рет М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарған үш томдықта басылды. Біз соны пайдаландық. Мүрсейт пен Турағұлдың жаңа қолжазбаларының толық факсимилиесі мен транскрипциясы жоғарыда келтірілген Орталық мұражай қызметкерлері шығарған екі томдықта жарияланды. Бұл қолжазбаны Турағұлдың архивке 1927 жылы өткізгені айтылады. Ал, Мүрсейіт қолжазбасының жазылған мерзімі белгісіз. Сондай-ақ, біз М.Әуезовтің редакторлығымен 1957 жылы шыққан Абайдың екі томдығына да арқа сүйедік, - дейді абайтанушы-ғалым, кітаптың авторы Ақжол Қалшабек.
Қазақ әдебетіндегі құнды жазба туралы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, тарихы ғылымдарының докторы, профессор Дария Қожамжарова былай деп пікір білдірді: «М.Әуезов – ұлы Абайдың жарқын бейнесін өзінің «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы өшпестей етіп уақыт жадына жазып кетті.Сонымен бірге, Мұхтар Омарханұлы Абайтану ғылымының іргетасын тозбастай етіп қалады. Соның арқасында қазіргі таңда «абайтану», «мұхтартану» атты ғылым салалары бүгінгі қазақ әдебиеті мен әдебиеттанудың шамшырағы іспеттес зор рухани-мәдени локомативке айналған. Әуезов университетіндегі «Мұхтартану» орталығының ғылыми әлеуетіне қарап, абайтану орталығына айналып бара жатқанын байқағаным жасырын емес».