Әрбір туындысы ұлтты сүюге үндейді
Шымкентттік белгілі суретші, мүсінші, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, «Ерен еңбегі» медальінің иегері Абылаев Әлімжан Бейсенұлының әрбір туындысында ұлтты сүю, туған жерге тағзым, батырларымызды дәріптеу, салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттау жатыр.
Шебердің ұлттық болмыстан тамыр тартқан әр туындысы адамның жанына рухани азық, бойына күш-қуат сыйлап, ұлттық рухты көтеруге жетелейді.
Әлімжан Абылаевтың қолынан шыққан өнер туындыларының ішінде, мүсін саласында Қазақстанда, Түркістан облысы және Шымкент қаласында ескерткіштері көптеп бой көтерген. «Қазақ елі» эпопея-картинасы, «Қазақ ханы» (Абылай хан), «Алпамыс батыр», «Алатау батыр» ескерткіштері және «Қазақ композиторларының Құлагері» қабырға стелласы елімізге танымал туындылар.
– Шымкент-Ташкент автожолының бойындағы «Алпамыс батыр» ескерткіші – мүсінші Абылаев Әлімжанның туындысы. Батырларға ескерткіш орнату – бұл тек тарихи тұлғаны еске алу емес, ұлт рухын көтеру мен жас ұрпаққа үлгі көрсету жолы. Ерлік пен отансүйгіштікке баулуда мұндай ескерткіштердің тәрбиелік мәні зор. Батырлар ескерткіші арқылы балалар мен жастар ата-бабамыздың ерлігі, ел қорғаудағы қайсарлығы жайлы нақты дерекпен танысады. Бұл – өткенін тану арқылы болашаққа деген жауапкершілікті арттырады. Ескерткіш жанында өткізілетін танымдық іс-шаралар, тағзым ету рәсімдері оқушы мен студенттердің бойында отанға деген сүйіспеншілік пен құрмет сезімін қалыптастырады. Әлімжан Абылаевтың мүсін ғана емес, қылқаламмен жеткізілген картиналарының дерлігінде патриоттық сезім жатыр, - дейді ҚР Дизайнерлер Одағының мүшесі Д.Болысбеков.
Әлімжан Бейсенұлының туындыларын Шымкент қаласындағы көркем сурет галлереясында, жоғарғы оқу орындарының көрме залдарында жыл сайын өнерсүйер қауым тамашалап келеді. Түрлі жанрдағы кескіндемелері, графикалық жұмыстары және мүсіндері әрбір келушіге ой салмай қоймайды.
– Студенттер мүсіншінің жұмыстарына қарап, сәулет, сән өнерінде жаңа технологиялармен, әдістермен және идеялармен танысады. Олар шығармашылық әлеміндегі оқиғалардан хабардар болуға және кәсіби дамуға көмектесетін соңғы тенденциялар мен инновациялар туралы білуге мүмкіндік алады, - дейді дизайн саласының жас өкілі Ақерке Дөненқызы.
Өнер – ұлт рухының айнасы. Осы рухты оятып, халықтың жүрегіне елге, жерге деген махаббат ұялататын туындылардың иесі – мүсінші-суретшілер. Солардың бірі – әрбір еңбегімен ұлтты сүюге үндейтін, ұлттық болмысты терең сезініп, оны көркем образ арқылы сөйлете алатын шебер. Солардың бірегейі біз атап өткен кейіпкеріміз, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі – Абылаев Әлімжан Бейсенұлы.