Тыйым арқылы қоғамдық өмірдің үйлесімділігін реттейтін дәстүрлер қалыптасқан

Oinet.kz 28-08-2025 16

Қазіргі таңда қоғамда қыз-келіншектердің шашын жайып жүруіне қатысты түрлі көзқарастар қалыптасқан. Бірі бұл – ұлттық тәрбие мен инабаттылықтың белгісі десе, енді бірі – заман ағымына сай жеке таңдау мен еркіндіктің көрінісі деп санайды. 

Screenshot_7.jpg

Алайда бұл мәселе тек сыртқы бейнеге қатысты емес, тереңде жатқан ұлттық құндылықтар мен мәдениетке, тәрбиеге, қатысты екенін ескеру маңызды. М.Әуезов атындағы ОҚУ-нің ғалымы, ұлтымыздың сәндік қолданбалы өнерін зерттеп жүрген Айнұр Абдрахманованың келтірген дерегінше, ұлтымызда тыйым белгілері арқылы жүріс-тұрыс, қарым-қатынас жасау, киім кию, шаруашылық бастау, тіпті қимылға дейін мән-мағына беріліп, қоғамдық өмірдің үйлесімділігін реттейтін нормаларға айналған дәстүрлер қалыптасқан. 

– Әр нәрсеге мән бере қараған ойлы халқымыз сұлудың көркі – шаш, шаштың көркі – шаштеңге деп есептеген. Ұлт мәдениетінде бойжеткенді шашы мен бойына қарап бағалаған. Тіпті, қыз баланың шашына екінің бірінің қолын тигізбеген. Қалыңдықтың шашын ұстау анасы, әжесі, құрбы қыздарына ғана рұқсат етілген. «Адам жаны шашта орналасатыны немесе жанды жер болып табылатыны және өткір көзге оңай түсетіні» үшін шашқа тиісуге тыйым салынған. Әсіресе, шаш ер адамдардың көзінен қорғайтын: олардың жанында шашты жаюға немесе  тарауға тыйым салынған. Қызбала кезінде өрілген бір бұрым шаш, тұрмысқа шыққанда екі бұрымға ауыстырылған. Қалыңдықтың шашы өрілгенде аналық бақыт, сәттілік және амандық-саулық тілеу ырымдарымен өрілген, - дейді ғалым. 

Қазақ халқында шашқа қатысты салт-дәстүрлер мен тыйымдардың түп-төркіні — адамды құрметтеу, тазалық пен тәрбиені дәріптеу, рухани байланысты сақтау. Бұл дәстүрлер ұрпақ тәрбиесінде үлкен рөл атқарып, ұлттық болмысымызды сақтауға қызмет етіп келеді. Шаш — тек көрік емес, ұлттың сана-сезіміне, әдеп-ғұрпына сіңген қасиетті нышан. Дәстүрлік танымда қыздың бұрымын қадірлеу – қыз баланың тәрбиесі мен көркі шашынан көрінеді деген түсінік кең таралған. Ұзын, ұқыпты өрілген бұрым — инабаттылықтың, тәртіптің белгісі. Қазақта «шашың ұзын болсын, ақылың да соған сай болсын» деген тілек жиі айтылады. Келін болып түскен әйелдің шашын үнемі жинап жүруі – инабаттылықтың, үлкендерге деген құрметтің белгісі. Босаға аттаған келін шашын жаймайды, бұл — тәрбиенің көрінісі.

Шашты отқа жағуға болмайды – бұл жаман ырым саналған. Шашты отқа тастаса, адамның бағы кетеді, өмірі қысқарады деген наным бар. Сондықтан кесілген шашты арнайы жинап, жерге көму немесе ағын суға ағызып жіберу дәстүрі сақталған. Шашты кез келген жерге тастауға тыйым – шаш адам энергиясының бір бөлігі ретінде қаралғандықтан, оны аяқасты етуге, қоқысқа тастауға болмайды. Бұл – адамға деген құрметсіздік деп саналған. 

Шымкент автобустары жаңарып жатыр
Әрбір туындысы ұлтты сүюге үндейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу