Құдықхана суы туристерге эстетикалық ләззат сыйлайды

Oinet.kz 02-08-2019 957

Screenshot_9.jpg

Осы уақытқа дейін миллионнан аса турист келген Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – қазандық, үлкен Ақсарай, кіші Ақсарай, құдықхана, кітапхана, асхана, көрхана, мешіттен, жалпы 8 бөлмеден тұрады. 

Кесенедегі құдықхана бөлмесінде аты айтып тұрғандай, мұнда құдық бар. Тарихи дереккөздерде құрылыс кезінде су алу үшін қазылған, кейіннен дін иелері құдықтан тартылған суды да шипалы деп жариялаған деп айтылады. Құдық айналасы дөңгелене кірпіштен қаланған, диаметрі - 80 см. Бұрын су 7-8 метр тереңдіктен шығатын болса, ал қазір жер асты суларының көтерілуіне байланысты су 5-6 метр тереңдіктен алынады. Біз музей әкімшілігі туристерге арнап құдық суы құйылған ыдыстан пластик стақанға құйып ішіп көрдік. Арыстанбаб кесенесі маңындағыдай ащы емес, шөл қанатындай тұщы. Ми қайнатар шіліңгір шілдеде мейрамханадан емес, құдықханадан ішкен су туристерге эстетикалық ләззат сыйлары анық. Құдық суын іше отырып, олар ойша ортағасыр әлеміне саяхаттап, сол заманның аурасын сезіне алады.   

Айта кетейік, Қожа Ахмет Иасауи кесенесінде ХІV ғасырда негізі қаланған құдықтан «жамағатхана» бөлмесіндегі алып Тайқазанға су толтырылып, зияратшыларға арнайы тарқатылып отырғаны тарихтан белгілі. Құдық ХІХ ғасырдың бастапқы ширегіне дейін жұмыс жасаған. 1992-1999 жылдар аралығында Түркияның «Вакф Иншаат» фирмасы кесенеге жүргізілген реставрациялық жұмыстарға байланысты құдық суы мүлде жабылған болатын. 

- 2018 жылдың қазан айында Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Түркістан қаласына ресми сапары барысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы ат басын бұрып, ортағасырлық құдықты халық игілігіне жаратып, іске қосу туралы тапсырма бергені белгілі. Осыған орай, құдық суына тазарту жұмыстары жүргізіліп, су құрамы барлық тиісті сараптамалардан өтіп тиісті құжаттар дайындалды. Сол жылы 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай аталмыш құдық қайта іске қосылды, - дейді қорық-музей директоры Нұрболат Ахметжанов. 

Қазіргі таңда құдықханаға келуші адам қарасы мол. Олар міндетті түрде құдықтан бір ұрттам су ішіп кетеді. Бұл бөлмеде су ішуге арналған көптеген ыдыстар бар. Мұнда кезінде кең қолданыста болған «көзе» ыдысын көруге болады. Көзені ғылыми тілде – сұйық зат құю үшін балшықтан күйдіріліп жасалған қыш ыдыс деп атайды. Шығыс елдерінде «кувшин» деп атайды. Кувшин – жеміс шырынын ішуге арналған ыдыс дегенді білдіреді. Кувшинді Араб елдері жиі пайдаланады. 

Қара қарғаның миы қайнайтын сырттағы жазғы шілденің ыстығына қарамай, құдықхана бөлмесінің іші сап-салқын. Осы бөлмеден жер астынан шыққан суды сіміріп ішіп алсаңыз жан сарайыңыз рахат сезімде болады. 

Шетелдіктерге Орта ғасырдағы Шығыс асханасы таңсық
Туристер құжырада дем алып, кітапханада білім көкжиегін кеңейтеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу