Қазақтың наным-сенімінде өмірлік мән-мағына жатыр немесе «қазан жарыс» қандай ырым?

Oinet.kz 18-08-2025 54

Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан наным-сенімдері тек діни ұстаныммен ғана емес, терең тәрбиелік негізімен ерекшеленеді.

Screenshot_54.jpg

Ата-бабаларымыздың ұрпақ тәрбиелеуде қолданған әрбір наным-сенімінде белгілі бір өмірлік мән-мағына, тәлім-тәрбиелік ұстаным жатқан. Қазақтың наным-сенімдері – өмірлік тәжірибеден өткен, әрбір іс-әрекеттің астарында тәрбие жатқан рухани құндылықтар. Олар арқылы ата-бабаларымыз ұрпағын жамандықтан сақтап, жақсылыққа жетелеген. Бүгінде бұл сенімдер ұлттық тәрбие құралы ретінде өзектілігін жойған жоқ. Сондай ырымның бірі – «Қазан жарыс». Бұл дәстүр туралы бала кезімде апа-әжелеріміз жиі айтатын. Тіпті, мына оқиғаға да куә болған жағдай бар. Жеңгем тоқсаныншы жылдардан үйде босанып, шақырған жедел жәрдем уақытында жете қоймады. Толғақ өте ауыр өтті. Сол кезде жеңгемді босандырып жатқан апалар «қазан жарыс» ырымын жасады. Далада тұрған қазанды даусын шығарып, шыңылдатып ұрды. Артынша-ақ жеңгем босанып алды. Оны кейінірек сұрағанда анам «толғақты жеңілдететін ырым» деп жауап берді. Ал қазан жарыстың Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғылыми қызметкері Ақмарал Леубаева былай түсіндіріп берді:

– Қазақ дейтін елдің балаға деген ерекше мейірімі, ұрпағы үшін жанын аямайтын жанкешті ықыласы - тектілігін терең танытатын қасиеттерінің қаймағы десе де болар. Келіннің құрсағындағы шарананы білген күннен бастап апа, әжелердің қуанышы "Құрсақ шашу" дейтін ырымның өзін тойға айналдырады. Қазақтың алтын құрсақ аналарының ниеті қандай тамаша. 

Біздің айтпағымыз сәбиін тоғыз ай он күн көтерген жас ананың толғағы келгендегі жасалатын жөн-жоралғылар. Айы-күні жеткен жас келін ененің бақылауында болады. Толғағы піскен кезде келіннің екі беті алаулап ұшып-қонып жүреді. Сол сәттен бастап қарбалас басталады. Үйдегі сандық, кебеженің аузы ашылып, түйіншектелген орамалдың бәрі шешіледі. Құлын, бұзаудың ноқтасын босатып еркіне жібереді. Енелердің тағы бір әрекеті қазанға ет салып ас қайнатады. Бұл дәстүр «қазан жарыс» деп аталады. 

«Қазан жарыстың» мақсаты - жас ананың толғағын тезірек пісіру. 

«Қара қазан бұрын ба, қара қатын бұрын ба?» дейтін бұрыңғы әжелеріміз. Қазандағы ас бұрын піссе, толғатқан анаға ұсынып әлдендіреді, ал кейін піссе сорпасын беріп босанған әйелді терлетеді. Айтпақшы көп балалы әжелер толғағы қысқан келінді көйлегінің етегімен қағатын болған. Бұл ырым жоралғыларды жасаудағы  әжелердің ниеті – жас келіннің толғағы жеңіл болып, аман-есен қол-аяғын бауырына алуына жағдай жасау.

Қызды түнгі 12-де ұзату қайдан шыққан?
Соғым сойғанда «қол үздік» бересіз ба?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу