Қызды түнгі 12-де ұзату қайдан шыққан?
Шымкент қаласындағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының – ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру, дәстүрді насихаттау және ғылыми тұрғыда зерделеу бағытында жұмыс істейтін мәдени мекеме.
Бұл орталықтың басты мақсаты – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұрасын жүйелеу, зерттеу және қазіргі қоғамға бейімдеп жеткізу. Орталықта келеген қала тұрғындары мен қонақтарына ұлтымыздың бай мұрасымен танысуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, мұндағы мамандары ұмытылған дәстүрлер туралы толық мәлімет береді.
Бүгінде ұлтымызда «қыз ұзату» тойы ерекше сән-салтанатпен және дәстүрлеріміздің жөн-жоралғыларымен ерекше өтіп жүр. Қыз ұзату – қуаныш пен қимастық қатар өрілген дәстүрлі той. Қыз ұзату – қазақ халқының ерекше маңызға ие, терең мағынасы бар ұлттық дәстүрі. Бұл – ата-ананың ақ бата беріп, қызын ақ жолмен шығарып салатын қуанышты әрі толқынысқа толы салтанатты сәті. Бұл той – қыздың бой жетіп, жаңа өмірге қадам басар тұста бүкіл ағайын-туыстың бас қосып, шаттықпен өткізетін мерекесі. Қыздың ата-анасы барын салып, абыроймен шығарып салуға тырысады. Бұл – бір жағынан елдің қызына деген құрметтің белгісі. Қыз ұзатудың негізгі ерекшелігі – қуанышпен қатар, ата-ананың, бауырдың, ағайынның қимастық сезімі қатар жүреді. «Қызы бар үйдің назы бар» дегендей, үйдің гүлі болған қызды ақ бата, ақ тілекпен шығарып салу – ата-ана үшін үлкен сын әрі мәртебе. Той барысында қызға арнап ақ тілектер айтылады, анасы мен әжесі ұлттық тәрбиені, болашақ келіндік міндетін ескертіп, жүрекжарды сөздермен шығарып салады. Бұл – қыздың келешек өміріне жол сілтеу, отбасыға деген жауапкершілігін ұғындыру. Қыз ұзату тойында беташар, құда-жекжат арасындағы сый-құрмет, ұлттық тағамдар, сән-салтанат – бәрі халқымыздың салт-дәстүрімен өріледі. Сонымен қатар, бұл кеш – ұлттық киім мен ән-күйдің, өнер мен әдептің де көрінісі.
Алайда дәстүрмізде бойжеткенді күннің қай уақытында ұзатқанын Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғылыми қызметкері Ақмарал Леубаева тарихи мен көнекөз әжелердің келтірген деректеріне сүйеніп былай жеткізді:
- Біз ес біліп етек жинап шашымызға шашбау тағып, қыз салтанатын құрып жүрген уақтарда бойжеткен қызды таң ата шолпан жұлдыз туғанда ұзататын еді. Ұзатпас бұрын қыздың ата-анасының үйінде болашақ күйеуімен некесін қиятын. Ұзатылатын қыздың сәукелесі қымбат бағалы алтын күміспен тігілетін. Соның өзінде астары бар екен. Барған жерінде бөтен ортада қызымыз қиналып қалмасын, қажет болса сол алтын-күмісті пайдалансын деп жасайды екен. Ертеңін ойлаған қайран аналар-ай десеңші. Таң ата Шолпан жұлдыз туғанда ұзатылған қызға айтылар тілектер көл-көсір болушы еді. Ал бүгінгі қыз ұзату тойы тойханада өтеді. Сағат 12:00-де қызды шығарып салу керек деп шулап жүрген бір адам. Жапа-тармағай қыздың бетінен сүйіп жабыла түскен жұрттың қайсысы жақын, қайсысы алыс екенін жүрегі толқып тұрған бойжеткен біліп те үлгермес. Ақ мата біткен жерде күтіп тұрған күйеу жігіт қалыңдығын көтере-мөтере ала жүгіреді. Көтере алмай баспалдақтан сүрініп құлағаны қаншама. Ал бұрын қызды күйеудің атына ағасы көтеріп мінгізген. Міне, осы жерде «ағаның мінті» деген жоралғы туындап қыздың ағасына ат мінгізген. Жүгіріп жүрген жеңгелері ентігін бассын деп «Ентікпе» деген сый-кәдесін жасайтын құдалар жағы. Заманның талабына қарсы емеспіз, тойханада тойлай берсін, әлгі сағат тілі 12:00 болғанда жастарды қыздың ата-анасының шаңырағына апарып ет-жақын туыстары таң ата Шолпан жұлдыз туғанда ұзатса деген ой ғой біздікі.
Қыз ұзату – қыздың жаңа өмірге бет бұрғандағы ең алғаш аттайтын ақ босағасы. Бұл тек той емес, ата-ананың аманаты мен ұрпақ жалғастығына деген сенімі. Осы бір салт арқылы қазақ халқының ұрпағына деген жауапкершілігі, отбасыға деген көзқарасы мен рухани құндылықтары айқын көрінеді.