Ұлттық спорттың төресі

Oinet.kz 17-08-2025 50

Шымкентте халқымыздың ежелден келе жатқан ұлттық спорт түрі қазақша күрес кеңінен дамыған. 

Screenshot_52.jpg

Бір ғана мысал, былтыр Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында шымкенттік палуандар Ерсұлтан Мұзаппаров, Жұмажан Қожамбеков алтын алып, шымкенттіктерді қуантқан болатын. Қазақ күресінен мақтанышпен айтатын шымкенттік чемпиондар қатарында бұдан бөлек Марат Байқамұров, Абылайхан Бейсен, Албина Бахиева секілді споршыларшыларымыз бар.

«Қазақ күресі мектептері - жастарды батылдыққа, төзімділікке, әділдікке тәрбиелейтін рухани мектеп. Бұл күрес түрі тек физикалық күш емес, рухани қуат, ұлттық мінез, намыс пен ардың көрінісі саналады. Сондықтан да қазақ күресі – елдігіміздің, ерлігіміздің символы ретінде ұрпақ тәрбиесінде маңызды рөл атқарады» дейді спорт шебері, Б.Саттарханов атындағы спорт мектебінің қазақ күресінен жаттықтырушы Талғат Керімбайұлы.

Қазақ күресін бүгінде әлемнің көптеген елдері танып білді. Қазақ күресінен өткізілетін жарыстар республикалық дәрежеден асып, Азия және Әлем біріншіліктері деңгейінде өткізіле бастады. Ал елімізде қазақ күресінің мәртебесін арттыруда «Қазақстан барысы» атты жобасы қолға алынды.  

«Қазақстан Барысы» жобасы — ұлттық рухты көтеріп, төл спортымыз — қазақ күресін жаңа деңгейге шығару мақсатында 2011 жылдан бастап қолға алынған ірі спорттық бастама. Басты мақсат — еліміздің әр өңірінен үздік балуандарды анықтап, ұлттық спортқа деген қызығушылықты арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және жастарға патриоттық тәрбие беру.   Жыл сайын өтетін бұл додада әр облыстың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының мықты балуандары өзара сайысқа түсіп, ел намысын қорғап жүр. Жеңімпаз «Қазақстан Барысы» атағын алып, алтын белбеу мен бағалы сыйлықтарға ие болады. Ресми ақпараттарға сүйенсек, осы жобаға ауыл, аудан, облыс деңгейінде 100 мыңнан астам балуан қатысқан. Әр жылы турнирді 9 мыңнан астам жанкүйер, 8 миллионнан астам көрермен тамашалаған. 

Қазақша күрес – бұл тек күш сынасу емес, ол ер жігіттің нағыз болмысын, жан-жақты дайындығын, мінезін, рухын қалыптастыратын үлкен мектеп. Ертеде қазақ халқы баласын жастайынан жаугершілікке, ел қорғауға, батырлық пен ерлікке баулып өскен. Бұл тәрбиенің негізінде күрес, күш, ептілік, сабыр мен намыс жатқан. Балуан болу — тек физикалық күш емес, ол — ақыл, төзім, рух пен тәрбие. Батыр бабаларымыз Отан үшін от кешіп, ұлан-ғайыр жерімізді аманаттап қалдырды. Олар үшін күрес — тек қарсыласын жеңу емес, ұлтты, жерді, намысты қорғау жолы болды. Бүгінде қазақ күресі сол рухтың жалғасы ретінде ұрпаққа тәрбие, ұлттық бірлік пен рухтың белгісі болып келеді.

Кесте тігу: Қазақтың нәзік өнерінің қазақы болмысын жоғалтпай жаңғырту қажет
Қызды түнгі 12-де ұзату қайдан шыққан?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу