Кесте тігу: Қазақтың нәзік өнерінің қазақы болмысын жоғалтпай жаңғырту қажет

Oinet.kz 17-08-2025 58

Шымкент қаласындағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы еліміздегі дәстүрімізді ұлықтайтын бірден-бір орталық. 

Screenshot_51.jpg

Орталық мамандары ұмытылып бара жатқан дәстүрлерімізді зердеп-зерделеп, жаңғыртып ұрпаққа жеткізуде көптеген іс-шараларға ұйытқы болып келеді. Мәселен, орталықта әдет-ғұрыптарымызға байланысты жан-жақты ғылыми-зерттеу және әдістемелік жұмыстар жүргізіліп, ғасырдан ғасырға жеткен ұлттық құндылықтарымыз кеңінен насихатталады. Со¬нымен бірге, тарихшы, өлке-тану¬шылармен бірлесіп зерттеу, зерделеу жұмыстарымен де айналысады. Текемет басу, кесте тігу, алаша тоқу, сырмақ басу секілді іс-шараларға қала тұрғындары, қонақтары мен туристер өз қолдарымен жасауға мүмкіндік беріледі. Сондай іс-шараның бірі «кесте тоқу» өнерін үйрету.   

Кезекті бір осындай шараға шымкенттік қолөнер шебері Э.Шермуханбетова шақырылды. «Ата-бабаларымыз бізге орасан зор байлық – ұлттық өрнектер әлемін аманаттап қалдырды. Онда табиғаттың тынысы, философия мен математиканың негізі көрініс табады. Ұлттық ою-өрнектердің мән-мағынасын, әрбір сызық пен бедердің астарлы сырын зерттей бастағанда, алдыңнан дана халқымыздың өмірге деген көзқарасы мен рухани әлемі ашылады. Бұл – терең даналық пен үмітке толы таңғажайып әлем, – деген пайым айтады Эльмира.

Расында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен рухани мәдениетінің айнасы болған қолөнердің бірі — кесте тігу. «Ұл туса — ат ұстар, қыз туса — кесте тігер» деп халқымыз тегін айтпаған. Бұл сөздің астарында терең мән жатыр: ұл — ел қорғар, қыз — өнер мен нәзіктіктің иесі. Кесте — тек әдемілік үшін тігілетін өрнек емес, ол — әр үйдің шежіресі, ананың қолының жылуы, ұлттық болмыстың көрінісі. Кесте тігу — мата, киіз, тері бетіне түрлі-түсті жіппен өрнек салып, қолмен тігу арқылы жасалатын әшекейлі өнер. Әрбір кестенің өз мәні, өз өрнегі бар. Мысалы, қошқармүйіз, гүл, жапырақ, шеңбер тәрізді ою-өрнектер арқылы халық өмір, махаббат, береке, батырлық сияқты ұғымдарды жеткізген.  Кестенің біз кесте, айқас тігу, қайып тігу сияқты көне түрлері бар. Бұлардың ішінде қазаққа ең жақыны — біз кесте. Бұл әдіс дәлдік пен шеберлікті қажет етеді. 

Мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан ұлттық кесте өнеріміз күні бүгінге дейін өзінің эстетикалық құндылықтарын өз бойына сақтап, қасиетін жоғалтпай жақсы сақталған. Бүгінде ұлттық кесте өнері жаңа заман талабына сай өзгеріп, сән әлеміне, заманауи тұрмысқа лайықталып келеді. Дегенмен оның қазақы болмысын, ұлттық нақышын жоғалтпай жаңғырту — басты мақсат.

«Сырмақ сырудың» тәрбиелік мәні зор
Ұлттық спорттың төресі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу