Ою-өрнектермен безендірілген бұйымдар халықпен бірге жасап келеді
Шымкент қалалық Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының этноауылында ұйымдастырылған «Төрге жайдым текемет» іс-шарасы келушілерін қол өнер бұйымдарымен баурап алды.
Әсіресе келушілер тұскиіз, текемет және сырмақтың жасалу технологиясымен іс-шарада жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
Орталық директоры Бахтияр Спановтың айтуынша, орталық тарапынан этноауылда ұйымдастырылған іс-шарасына келушілер қатары арта түскен. Келушілердің дені жастар құраған.
Іс-шара барысында оларға түс кйіздің, сырмақтың қалай басудың жолдары көрсетілді. Сондай-ақ оның мақсаты түсіндірілді. «Мәселен, Тұскиізге тоқталар болсақ, ол – бөлме қабырғасын сәндеуге арналған қазақ халқының ұлттық жиһазы. Ол көп жағдайда төсектің тұсына ілінетін болғандықтан «тұскиіз» аталған. Тұскиіздің тігілу техникасына назар салар болсақ, ол ақ түсті киіз бетіне киізден, шұға, жібек немесе мақта матадан жапсырмалы әртүрлі өрнек тігу арқылы дайындалған. Жапсырма – өрнектеудің ежелгі тәсілдерінің бірі. Жалпы Ою-өрнектермен безендірілген бұйымдар халықпен бірге жасап келеді», - дейді орталық директоры.
Тұскиіз деп тігілетін кілемдерді де атаған. Оларды барқыт, жібек секілді маталардан тіккен. Олардың ою-өрнектері ретінде құйын тәрізді оралымдар, гүл мен бүршік, құстың қанаты бейнеленген. Ою-өрнектердің түстері де ашық қызыл, таңқурай түстес, қызыл сары, сары, жасыл, көк секілді алуан түрлі болған. Тұскиіздің гүлдері мен гүл тізбектері алтын жіппен кестеленген. Тұскиіз біз кестемен және тығыз ширатылған жібек жіппен әшекейленген.
Ал сырмақ дегеніміз не? Ол киізден жасалған тағы бір үй жиһазы. Сырмақ ақ және қара түсті ойылған өрнектерден тігіледі. Сырмақтың ою-өрнектері текемет композициясына ұқсас, мұнда қос мүйіз өрнектер айқастыра бейнеленеді. Өрнек шаршы ішіне салынады, ол сыртынан сызықты өрнекпен жиектеледі. Орта ою мен шет оюдың аралығы бау сызықтармен безендіріледі. Сырмаққа әшекейленетін баулар таңқурай түстес, сары, сұр, көк, ақ болған. Сырмақтың бір түрі – бітпес. Бітпес атауының өзі аяқталмайтын, шегі жоқ, қол жетпейтін деген мағына береді. Соған сәйкес ою-өрнектері де әртүрлі жүн жіптердің бастырылуы арқылы сәнделген.
Көлемі жағынан сырмақтың төрт түрі бар. Ең үлкені – көш сырмақ. Бұл сырмақты көшкенде жүк артылған түйенің үстіне жабуға арнаған, жалпы көлемі 3-5 метрдей болады. Екіншісі – төсеніш сырмақ, оның жалпы көлемі 3-3,5 метрдей болады. Мұндай сырмақтар кейде киіз үйдің төріне лайықталып тігіледі. Үшіншісі – төр сырмақ, көлемі 2-5 метр болады. Бұл жиекті, оюлы сырмақ. Мұны сыйлы қонақтар келгенде төрдегі жалпы төсеніш киіздің үстінен, қонақ көрпенің астынан салады. Төртіншісі – сек сырмақ немесе төсек алды сырмағы. Көлемі 2-2,5 метрдей болады, жер төсектің орнына немесе төсектің алдына төсейді. Сырмақтың кейде 1-1,5 метрлік шағын түрі де кездеседі. Оны бір кісілік сырмақ деп атайды.
Сырмақ түсіне қарай ақ, қара ала, жиекті және дебісек сырмақ болып бөлінеді. Ал сырмақ пен текемет – киізден жасалатын, жерге төселетін бұйымдар.