Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде сенбілік өтті
Шымкент қаласында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ауқымды тазалық жұмыстары ұйымдастырылуда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық кезекті тазалық акциясы ұйымшылдықпен өтті. Өткізілген тазалық шаралары қала тұрғындарының табиғатқа жанашырлықпен қарап, туған жерді көркейтуге деген жоғары белсенділігін көрсетті.
Қала әкімдігі өкілдерінің сөзінше, қаладағы барлық бес ауданда кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізіліп, көшелер, аулалар мен қоғамдық орындар күл-қоқыстан тазартылды. Мәселен, Әл-Фараби ауданының Терiскей шағын ауданындағы №33, 35 және 37 тұрғын үйлердің аулалары ретке келтіріліп, балалар ойын алаңдары мен жасыл аймақтар тазартылды. Тұрғындар мен коммуналдық қызмет мамандарының бірлесе атқарған жұмысы нәтижесінде көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы жаңа келбетке ие болды. Сенбілікке қатысушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар тек тазалықты қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамдағы бірлік пен ынтымақты арттырады.
– Табиғат – біздің аманатымыз. Әрбір аула мен көше, саябақтың таза болуы – келер ұрпаққа қалдыратын мұрамыз. Бүгінгі сенбілік – экологиялық мәдениетті қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Сондықтан мұндай бастамаларға барша тұрғындардың қатысуы қажет, – дейді акцияға қатысушылар.
Тазалық жұмыстары Шымкент қаласының өзге аудандарында да жалғасын тапты. Мәселен, Абай ауданына қарасты Ақжайық шағын ауданындағы Асфендияров көшесінің бойы күл-қоқыстан тазаланса, Еңбекші ауданында №30 мектеп маңы ретке келтірілді. Қаратау ауданынына қарасты Нұртас шағын ауданындағы Кеңжарық және Құлагер көшелерінің бойы күл-қоқыстан аршылып, Тұран ауданында Темірлан тас жолының бойындағы көпқабатты тұрғын үйлер аулалары абаттандырылды.
Атап өтерлігі, тазалық жұмыстарына қала жастары да қатысты. Олар бұл істе белсенділіктерімен көзге түсті. Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен көптеген волонтер мен қала жастары экологиялық шараға белсенді атсалысып, өз үлесін қосты.
Қала тұрғындарының айтуынша, бүгінгі күні Шымкентте тазалық мәдениеті қалыптасып келеді, ал бұл бастамаға халықтың ықыласы күн санап артуда. Шындап келгенде, мұндай бастамалар тек экологиялық ахуалды жақсартуға ғана емес, көршілер арасындағы сыйластық пен өзара ынтымақты нығайтуға да ықпал етеді. «Таза Қазақстан» акциясы Шымкент қаласында тұрақты түрде жалғасады. Болашақта басқа да аудандар мен тұрғын үй кешендерін қамту жоспарланған.