Шымкент қаласындағы базарлар уақыт талабына сай қызмет көрсететін болады
Шымкент қалалық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Сонымен қатар, қала тұрғындары мен кәсіпкерлері үшін маңызы зор мәселе – базарларды заманауи талаптарға сай жаңғырту жұмыстары да күн тәртібінде екендігін атап өтті.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Шымкент қаласында 19 базар жұмыс істеп тұр. Оның 10-ы әмбебап бағытта, ал 9-ы мамандандырылған түрде халыққа қызмет көрсетеді. Қала әкімдігі бекіткен Жол картасы аясында 7 ірі базарды кезең-кезеңімен қайта жаңғырту жоспарланған. Олардың қатарында «Авто-Нұр», «Алаш», «Орталық Қырғы базар», «Самал», «Жабық базар», «Назым апа» және «Жаңа Шахар» базарлары бар. Бұл жобаның басты мақсаты – сауда орындарының инфрақұрылымын жақсартып, заманауи форматқа көшіру, санитарлық талаптарды күшейту және қала тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы сауда ортасын қалыптастыру.
Әкім орынбасары жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, толық аяқталу мерзімі 2025 жылдың желтоқсан айының соңына жоспарланғанын жеткізді. Бүгінде «Авто-Нұр» базарындағы жұмыстардың 60 пайызы орындалған. Мұнда ескі ғимараттар бұзылып, олардың орнына жаңа павильондардың қаңқасы тұрғызылған. Ішкі әрлеу жұмыстары да қатар жүргізілуде. Дәл осындай қарқын «Орталық Қырғы» базарында да байқалады. Қазіргі таңда базар аумағында шатыр орнату, ішкі әрлеу және заңсыз сауда орындарын реттеу жұмыстары атқарылып жатыр. Заңсыз нысандардың орнына жаңа үлгідегі павильондар салынып, саудагерлер үшін барынша қолайлы жағдай жасалуда.
«Назым апа» базарында қазіргі уақытта сауда орындарын демонтаждау жүріп жатыр. Бұл жерде алдағы уақытта жаңа форматтағы сауда алаңдары бой көтермек. Ал «Жабық базардың» эскиздік жобасы келісіліп, құрылыс жұмыстары басталған. Бұл нысан да қала тұрғындары үшін жаңа, ыңғайлы және санитарлық талаптарға сай сауда кеңістігіне айналуы тиіс. Сондай-ақ, қаладағы «Көктем» базарына қатысты да айтарлықтай өзгерістер бар. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 20 желтоқсандағы шешіміне сәйкес, 0,2410 гектар жер телімі мемлекет мұқтажы үшін қайтарылатын болып белгіленген. Осыған байланысты, аталған базарда сауда жасап келген 56 кәсіпкер көршілес орналасқан жаңа үш қабатты «Көктем 88» сауда орталығына толықтай көшірілді. Бұл қадам да саудагерлердің қызметін жаңа деңгейге көтеріп, тұтынушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Сәрсен Құранбек базарларды жаңғырту тек сауда орындарының сыртқы келбетін өзгертумен шектелмейтінін, бұл – қаланың жалпы сәулеттік бейнесін жақсартып, экономикалық белсенділікті арттыруға ықпал ететін кешенді жоба екенін атап өтті. Оның айтуынша, заманауи сауда алаңдарының қалыптасуы санитарлық-гигиеналық талаптардың орындалуын қамтамасыз етіп қана қоймай, көлік қозғалысын реттеуге, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыруға және шағын бизнестің дамуына серпін бермек.