Бір реттік әлеуметтік көмек мұқтаж жандарға Конституция күніне орай төленуде

Oinet.kz 21-08-2025 16

Шымкент қалалық өңірлік коммуникациялар қызметі баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай Шымкент қаласында әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға бір реттік әлеуметтік көмек төленіп жатқанын жеткізді. 

Screenshot_17.jpg

Оның айтуынша, бұл бастама Шымкент қаласы мәслихатының 2024 жылғы 19 наурыздағы №14/123-VIII шешімімен бекітілген «Шымкент қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидасына» сәйкес жүзеге асырылуда. Аталған шешімге сай, мүгедектігі бар балаларға 5 айлық есептік көрсеткіш (19660 теңге), ал жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 20 айлық есептік көрсеткіш (78640 теңге) көлемінде төлем қарастырылған. Бұл мақсатта «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қалалық филиалы ұсынған 8323 мүгедектігі бар балаға және Білім басқармасы жолдаған 673 жетім балаға төлем жүргізілуде.

Әлеуметтік қолдаудың бұл түрі қалада бұрыннан дәстүрлі түрде жалғасын тауып келеді. Мәселен, өткен жылы Наурыз мерекесі қарсаңында осындай төлемдер берілсе, биылғы жылы ҚР Конституциясы күніне орай ұйымдастырылды. Айта кету керек, төлемді алу үшін ата-аналарға немесе қамқоршыларға арнайы өтініш берудің қажеті жоқ. Барлық төлемдер автоматты түрде, мемлекеттік ақпараттық жүйе арқылы аударылады. Мүгедектігі бар балаларға арналған қаражат олардың аналарының әлеуметтік есепшоттарына түссе, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тиесілі қаражат заңды қамқоршысының атына аударылады.

Сонымен қатар, тіркеу мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Егер азаматтың мемлекеттік база бойынша тіркеуі Шымкент қаласында болмаса, онда жергілікті бюджеттен берілетін осындай төлемнен қағылуы мүмкін. 

– Реті келіп тұрғанда тағы бір мәселені айтқым келіп тұр. Бұдан былай әлеуметтік көмек енді мұқтаж отбасыларға әділ түрде берілетін болады. Бүгінгі күні елімізде әлеуметтік қолдаудың жаңа тәсілі енгізілуде. Жаңа жүйе бойынша көмек әр отбасының нақты жағдайына қарай беріледі. Ол үшін «скоринг» әдісі енгізіліп отыр. Бұл тәсіл отбасының табысын, баспанасы мен көлігінің болуын, сондай-ақ жалпы материалдық жағдайын есептеп қана қоймай, материалдық емес факторларды – отбасылық әлеуетті, өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндігін де бағалайды. Нәтижесінде отбасылар әл-ауқат деңгейіне қарай алты санатқа бөлінеді. Мемлекеттік қолдау бірінші деңгейден бесінші деңгейге дейінгі санаттағы отбасыларға көрсетіледі. Ал алтыншы деңгейге жататын, табысы жоғары отбасылар жергілікті бюджеттен көмек алмайды, – дейді қала әкімінің орынбасары.

Қазіргі уақытта жаңа жүйе пилоттық жоба ретінде Қарағанды облысында және Шымкент қаласында іске асырылуда. Жүйенің ерекшелігі – азаматтардан өтініш талап етілмейді. Ақпараттық база отбасын автоматты түрде тексеріп, егер көмек қажет деп танылса, азаматқа SMS-хабарлама жібереді. Көмек алу үшін тек SMS арқылы келісім беру жеткілікті.

Пилоттық жоба аясында 11 қызмет автоматтандырылған түрде көрсетіледі. Олардың қатарында мектеп оқушыларына тегін тамақтану, студенттерге жатақхана және тегін ас беру, жазғы лагерьге жолдама ұсыну, тұрмысы төмен отбасыларға тұрғын үй көмегі, жалдамалы пәтер үшін субсидия төлеу, мүмкіндігі шектеулі балаларды үйде оқыту шығындарын өтеу сияқты әлеуметтік қолдау түрлері бар.

Шымкент қаласындағы базарлар уақыт талабына сай қызмет көрсететін болады
Жаңа қабылданып жатқан шаралар қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті арттырады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу