Жаңа қабылданып жатқан шаралар қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті арттырады
Шымкент қалалық өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қоғамдық тәртіп пен білім саласына енгізілген жаңа өзгерістермен таныстырды.
Қала әкімінің орынбасары өз сөзінде жаңа оқу жылына дайындық барысына, спорт және мәдениет саласындағы жетістіктерге, жарнама кеңістігін ретке келтіру ісіне, сондай-ақ қайтарымсыз гранттарға өтінім қабылдау мен жұмыссыздықты азайту бағытында қолға алынған шараларға жан-жақты тоқталды.
– Бүгінгі күні елімізде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік ортадағы тәртіпті нығайту бағытында маңызды қадамдар жасалуда. Ағымдағы жылдың 12 шілдесінен бастап «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңға енгізілген толықтырулар күшіне енді. Жаңа нормаға сәйкес, қоғамдық орындарда тұлғаны тануға кедергі келтіретін киім киюге тыйым салынады. Бұл талап діни сенім бостандығын шектеу емес, қауіпсіздік шараларын күшейтуге бағытталған. Тыйым тек бетті толықтай жауып тұратын балаклава, никаб, маска және бет-әлпетті тануға мүмкіндік бермейтін өзге де киім түрлеріне қатысты. Мұндай өзгеріс бейнебақылау арқылы азаматтардың жеке басын дер кезінде анықтауға жағдай жасайды және қоғамдық тәртіптің сақталуына ықпал етеді, – дейді Сәрсен Абайұлы.
Жалпы алғанда, қабылданып жатқан шаралар қоғамдағы тәртіпті сақтауға, қауіпсіздікті арттыруға және білім беру инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған. Бұл өзгерістер азаматтардың күнделікті өмірін жеңілдетіп қана қоймай, болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына да кең мүмкіндік ашады.
Сонымен қатар, Шымкент қаласында білім беру саласында да айтарлықтай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Құрылыс басқармасының мәліметінше, биыл 17 білім нысанының құрылысы қолға алынған. Оның ішінде жаңа ғимараттар мен мектептер, оқушылар сарайлары және жатақханалар бар. Ақпан айында Тұран шағын ауданында 500 орындық Оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы бес нысанның құрылысы аяқталмақ, атап айтсақ, №19 және №50 мектептерге қосымша ғимараттар, Тельмандағы 1200 орындық мектеп, С.Рахимов атындағы мектеп және Сайрам колледжінің жатақханасы. Ал №16 мектепке қосымша ғимараттың құрылысы 2026 жылға өтпелі жоба ретінде жоспарланған.
Бұдан бөлек, қаладағы он білім ошағы күрделі жөндеуден өткізілуде. Қазіргі таңда тоғыз мектептің жұмысы толық аяқталып, жаңа оқу жылына дайын тұр. Ал «Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернатының» жөндеу жұмыстары қыркүйек айында бітіреді деп күтілуде.