Ұлттық киім – ұлт бейнесі
Шымкент қаласындағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында «Жәдігерлер сыры» айдары жұмыс істейді.
Осы айдар аясында орталықта арнайы көрме ұйымдастырылып, келушілерге оның шығу тариқы мен маңызы жан-жақты түсіндіріледі. Жуырда «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығында «Ұлттық киім – ұлт бейнесі» тақырыбы аясында ер азаматтар киген ұлттық бас киімдер көрмесі өтті.
Орталық директоры Бахтияр Спановтың айтуынша, «Жәдігерлер сыры» айдарымен орталықта мұндай іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады. «Негізінен ұмыт бола бастаған дәстүрімізді орталыққа арнайы келген жастарға мекеме қызметкерлері үйретіп, әрбір жәдігермен таныстырып, ұлт тарихынан ақпарат беруден, ұлттық мұрамызды насихаттаудан жаңылған емес» дейді орталық жетекшісі.
Ұлттық киім – кез келген халық мәдениетінің ажырамас бөлшегі. Ол жай ғана киім емес, бүтін ұлттың бет-бедерін айқындар ұлан-ғайыр тарих. Ұлттық киімнің негізгі құрамдас бөлігі ретінде бас киім аса мәнді, сәнді де ерекше көрінеді. Онда жас, жыныстық және аймақтық ерекшеліктер берік сақталған. Қандай да бір бас киімді киген адамның әлеуметтік мәртебесін немесе діни ерекшелігін анықтауға болады. Қазақтың ер азаматтарының бас киімі жыл мезгіліне қарай өзгеріп отырған. Мысалы ер азаматтар көктемде және жазда бөрік киген, қыста тымағын басынан тастамаған. Ерлер киген бөрік пен тақия қыздардың бас киіміне қарағанда қарапайым болған, ешқандай бағалы тастармен көмкерілмеген, алайда мүйіз, шырмауық секілді өрнектер салынған. Негізіне қазақ халқының ерлерге арналған бас киімінің басым бөлігі киізден тігілген.
Солардың ішінде ең ежелгі және дәстүрлі түрінің бірі – қалпақ. Ол қазірге дейін Қазақстанда сақталған бас киім.
– Біздің орталықта ата-бабаларымыз тұтынған бас киімдер бүгінгі көрмеге шығарылып отыр. Соның бірі – тақия. Тақия – қазақтың ұлттық ою-өрнектерімен безендіріліп жасалған. Тақия – барқыттан, қамқадан тігілген жазғы жұқа бас киім. Ертеректе оның жиегі ақ тиіннің, сусар мен бұлғынның үлбірімен көмкерілген, күміс және алтынмен әшекейленген. Екінші – бөрік. «Бөріктінің намысы бір» - деген қазақ ауыз әдебиетінде сөз тіркесі қалып қойған. Бұрынғы заманда құда түсіп, қызды алып кетуге барған кезде күйеу жігіт бір топ жігіттермен келе жатқанда соның арасында күйеу жігіт бөркін қисайтып киетін болған екен басына. Міне содан, қайссының күйеу жігіт екенін анықтаған екен. Міне осындай ата-бабаларымыз тұтынған бөрік. Одан кейін қыс айларында ата-бабаларымыз шаруашылықпен, мал шаруашылығымен айналысқан жігіттер киген, түлкі тымақ. Бұл түлкі тымақ, түлкінің терісінен жасалған. Басты – суықтан, аяздан, бораннан, жауын-шашыннан сақтаған, - дейді орталық директоры.
«Жәдігерлер сыры» айдары аясында орталықта ұйымдастырылған бас киімдер көрмесі әсіресе жастардың қызығушылығын оятты. Олар әр бас киімнің дайындалу, қолдануымен танысты. Орталық қызметкерлері әр баскиімді жастарға тәптіштеп түсіндіріп берді.