Салт-дәстүр орталығы «Өрлеу» ұлттық орталығымен ынтымақтастық меморандумына қол қойды

Oinet.kz 20-08-2025 40

Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы» мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы филиалы – Шымкент қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Screenshot_9.jpg

Кездесу аясында тараптар «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде ұлттық мәдени-тарихи мұраны сақтау және насихаттау арқылы білім беру мазмұнын байыту, этнопедагогика мен этномәдени бағыттарды білім беру процесіне енгізу, сондай-ақ білім алушылардың ұлттық құндылықтарға негізделген дүниетанымын қалыптастыруға ықпал ету мәселелері бойынша өзара тиімді бірлескен іс-қимыл жасауға уағдаласты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы іске қосылады. Бұл – бұрын жүзеге асырылған «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасының жалғасы, бірақ мазмұны жаңартылып, Мемлекет басшысының «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» идеологиялық қағидасымен үндестірілген. Бағдарламаны дамыту бірнеше кезеңді қамтиды. 2025 жылы Бағдарлама аясында барлық қатысушыларды тартып, жекеменшік мектептермен жұмыс күшейтіледі. 2026 жылы Бағдарламаны қоғамға кеңінен тарату үшін пәрменді шаралар қабылданатын болады. Сондай-ақ «Адал азамат» тұжырымдамасының құндылықтарын ескере отырып, мектептердің бірыңғай дизайн-коды әзірленеді.

Тәрбие жұмысын жүзеге асыруда барлық тараптардың өзара бірлесе қызмет атқаруына ерекше көңіл бөлінеді. Мектептердегі тәрбие ісі мемлекеттік органдармен, құқық қорғау, денсаулық сақтау, ішкі саясат саласындағы құрылымдармен тығыз жүргізіледі. Ай сайын белгіленген тақырыптар сабақ пен сыныптан тыс іс-шараларды бір-бірімен сабақтастырады. Мысалы: әділдік, еңбекқорлық, патриотизм сынды құндылықтар оқу процесінің өзегіне айналмақ. Осы бағытта мектеп өміріне «Өнегелі 15 минут», күй әуенімен қоңырау соғу, ұлттық ойындар секілді жаңа форматтар енгізіледі. Сонымен қатар, оқушының мектеп қабырғасынан тыс өмірлік тәжірибесін байытуға да ерекше көңіл бөлінеді.

Бұған дейін іске асқан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Қамқор» (экология және волонтерлік), «Еңбегі адал – жас өрен» (еңбекке баулу және мамандыққа бағдар), «Smart Bala» (IT және инновациялық ойлауды қолдау), «Шабыт» (өнер мен мәдениет арқылы рухани даму), «Ұшқыр ой алаңы» (пікірсайыс пен зияткерлік ойындар), «Балалар кітапханасы» (оқу сауаттылығы мен кітап мәдениетін дамыту) секілді алты ірі жоба жүзеге асқан болатын.

Сонымен қатар, ынтымақтастық аясында бірлескен жобалар мен іс-шараларды ұйымдастыру мүмкіндіктері кеңінен талқыланды.

Ынтымақ – елдің берекесі, татулық – тұрақтылықтың кепілі
Ұлттық киім – ұлт бейнесі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу