Ынтымақ – елдің берекесі, татулық – тұрақтылықтың кепілі

Oinet.kz 20-08-2025 51

Дана қазақта «Бірлік берекеге бастайды», «Ынтымақ бар жерде – ырыс бар» деген қанатты сөз бар. 

Screenshot_8.jpg

Бұл сөздердің астарында терең мағына жатыр. Өткенге қарайтын болсақ, күллі қоғамның дамуы қай кезде де оның біртұтастығына, ішкі татулығына байланысты.

Біздің басты байлығымыз қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық. Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету әр отандасымыздың қастерлі міндеті. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары Қазақстанды жаңа деңгейге шығаруда және елдің әлемдік қоғамдастықтағы құрметі мен беделін одан әрі арттыра түсуде. 

Шымкент қаласын мекен еткен ынтымағы жарасқан жүз отыздан астам этнос өкілдері ортақ Отанымыздың тыныштығы мен тұрақтылығын нығайтуға атсалысуда. Тарихқа көз жүгіртсек, халқымыз бірлігі жарасқан кезде небір қиындықты жеңіп, елдігін сақтап қалған. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген тұста қазақ халқының еңсесі тіктеліп, рухы асқақтады. Керісінше, алауыздыққа ұрынған шақта ел әлсіреп, тұтастығына сызат түскен. Демек, ынтымақ – өткеннің ғана емес, болашақтың да берік кепілі.

Қоғамдағы тыныштық пен бейбіт өмір – ең алдымен адамдардың бір-біріне құрметпен қарап, ортақ мақсатқа ұмтылуынан басталады. Әділеттілік үстемдік еткен, әрбір азаматтың еңбегі бағаланған қоғамда сенім артады. Сенім бар жерде – бірлік, бірлік бар жерде – тұрақтылық орнайды. Ал тұрақтылық – ел дамуының басты шарты. Қазақстан бүгінде жүзден аса этнос өкілін бір шаңырақ астына біріктірген бірегей мемлекетке айналды. Түрлі ұлт пен мәдениеттің жарасымды өмір сүруі – татулық пен келісімнің нақты көрінісі. Бұл тәжірибе – еліміздің басты жетістігі әрі әлемге үлгі боларлық құндылығы.

Қазақ халқы ежелден қонақжайлылығымен, кең пейілімен танылған. Бүгінгі Қазақстан да осы дәстүрді жалғастырып, түрлі ұлттарды бауырына басып отыр. Олардың барлығы ортақ Отанымыздың дамуына үлес қосуда. Бұл – достықтың, бірліктің, ынтымақтың айқын нәтижесі.

Достық пен татулық – кез келген мемлекеттің ең үлкен байлығы. Өйткені табиғи ресурстар сарқылуы мүмкін, ал халықтың ынтымағы мықты болса – кез келген қиындықты еңсеруге болады. Бейбіт өмірдің қадірін бізден бұрынғы ұрпақ жақсы біледі. Соғыстың зұлматы мен қиыншылығын көрген ата-бабамыздың ең басты арманы – бейбіт аспан астында еркін ғұмыр кешу еді. Біз сол арманға қол жеткіздік. Бірақ бейбіт өмірді сақтау үшін әрқайсымызға жауапкершілік жүктеледі.

Ынтымақ – тек бүгінгі күннің емес, ертеңнің де кепілі. Ол жастардың жарқын болашағына жол ашады, елдің іргесін бекемдейді, мемлекет қуатын арттырады. «Ынтымақ бар жерде – ырыс бар» деген дана сөз әр қазақстандықтың өмірлік ұстанымына айналуы тиіс. Қоғамдағы әрбір ісімізде, жұмысымызда, қарым-қатынасымызда осы қағида көрініс тапса, еліміз өркендей береді. Ынтымақ – елдің берекесі, татулық – тұрақтылықтың кепілі, бейбіт өмір – болашақтың негізі. Біз осы құндылықтарды сақтай отырып қана баянды болашаққа сенімді қадам баса аламыз.

Тәуелсіздігіміздің тірегі – бірлігіміз, бірлігіміздің кепілі – Конституциямыз!
Салт-дәстүр орталығы «Өрлеу» ұлттық орталығымен ынтымақтастық меморандумына қол қойды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу