Ұлттық қол өнерін бойына сіңірген қыз
Саз балшықтан бұйым жасау өнері өте ертеден келе жатыр. Сондықтан, өлкемізден табылған керамикалық құмыралар біздің тарихымызды танытатын негізгі жәдігер ретінде археологиялық зерттеуге жиі алынады.
Оның философиялық мәні де өте тереңде. Арада қаншама жыл, тіпті, ғасыр өтсе де қолданыстан шықпаған тұрмыстық заттар жасаушы қолөнершілердің жаңа легі өсіп келеді. Солардың бірі – Шымкент қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №65 гимназия мектебінің 10-сынып оқушысы Дина Тұрдыбай.
Ол қыштан түрлі бұйым жасаудың жолдарын «Нұрсәт» шағынауданында орналасқан Оқушылар сарайындағы керамикалық бұйымдар үйірмесіне қатысып жүріп, жетекшісі Әзиза Бақтыбайқызынан үйренген. Бүгінде ол көненің көзін жаңғыртуға өз үлесін қосып келеді.
Керамика тарихы он мыңдаған жылдарды қамтиды, ол адам қолданған алғашқы материал болып саналады. Керамикалық ыдыстардың пайда болуы мен таралуы адамдардың отырықшы өмір салтына көшуімен тікелей байланысты. Зерттеушілер алғашқы ыдыстарды тұрмыстық мақсатта, сақтау және тамақ дайындау үшін пайдаланған деп болжайды. Кейіннен қыш ыдыстар салтанатты және діни рәсімдерде қолданыла бастады. Жаңа материалды меңгеру процесі бір мыңжылдықтан астам уақыт бойы жетілдіріліп, біртіндеп дами түсті. Керамиканың артықшылығы – төзімділігінде болды.
Осы төзімді бұйымды жасап жүрген Дина екі жылдан бері халықаралық, республикалық, облыстық және қала көлемінде өткізілген байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрінуде. Атап айтсақ, былтыр ол «Қазақстан таланттары» байқауында Гран-при иегері атанды. Одан кейін Ташкент, Катар, Грузия, Бішкек, Түркия елдерінде өнер көрсетті. Ал «Жұлдыздар әлемі» байқауында Бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар, Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласында ұйымдастырылған «Дарынды жұлдыздар» халықаралық фестивальде І орыннан көрінді. Дина биыл Біріккен Араб Әмірліктерінде – Дубай қаласында, Түркияның – Стамбул қаласында, Өзбекстанның – Ташкент қаласында өтетін халықаралық байқауларға қатысып, жүлдегер атанды.
Дина болашақта ата-бабамыздан мұра болып жеткен асыл өнерді қатарластарына үйретіп, ары қарай тереңірек меңгеруге күш салуды мақсат етіп отыр.
«Құмыра жасау үшін адамға ең алдымен шыдамдылық, ыждағаттылық және үлкен ниет керек. Сырт көзге қыштан құмыра жасау оңай дүние секілді көрінгенімен, шын мәнінде оның өзіндік қиындықтары жетерлік. Құмыра жасау үшін бізге ең алдымен көзеші ұршығы, одан кейін су, қармақ бауы қажет. Іске кіріспес бұрын сазды жақсылап июін қандырып, дайындап алу керек. Мұндай кезде саздың ішінде ауаның қалмауына айрықша мән берген жөн. Егер де ауа қалатын болса, онда бұйымның күйдіріліп жатқан кезде жарылып кетуі мүмкін. Одан кейін саз балшықты көзе ұршығының ортасына қойып, дөңгелек формаға келтіреміз. Құмыраның жасалу технологиясы өзгешелеу. Сазды цилиндр тәріздес етіп созуымыз қажет. Оған форма беріп, өнімді айналдыра отырып, жан-жақтарын тегістейміз. Осы кезде саусақтың қимылдап кетпеуі керек. Олай ететін болсақ, құмыраның пішіні өзгеріп аламыз. Ұршықпен жұмыс істеп отырған кезде ары-бері қозғалып, тыпыршып кетуге де болмайды. Ыдыстың не құмыраның пішіні мінсіз болуы – қақ ортасына байланысты. Сондықтан, барынша ыждағаттылық танытқан дұрыс. Осы процестердің барлығын жасап болғаннан кейін құмыраны түбіне қылмен кесіп алып, өнімді сумен шаямыз. Кептіріп, қызып тұрған пеште 90-120 градус аралығында күйдіреміз. Міне, осыдан кейін ыдысты тұрмыста еркін қолдана беруге болады. Ал, сыртын әркім өз қиялына қарай безендіреді» – дейді ол.