Дін мен ұлттық дәстүр – егіз ұғым

Oinet.kz 19-08-2025 7

Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен мәдениет басқармасына қарасты әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен «Дін мен ұлттық дәстүр – егіз ұғым» атты дөңгелек үстел өтті. 

Screenshot_41.jpg

Оған қала жастары, имамдар мен орталық қызметкерлері қатысты. Онда ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып пен дін арасындағы байланыс сөз болды.

– Дәстүрді туғаннан бастап білеміз. Кішкетайымыздан ата-анамыз олай істеме жаман болады, бұлай істеме обал болады деп отырады. Міне, сол ырым-тиымдар біздің дәстүріміз. Ата-бабамыз осы үш-ақ нәрсемен: обал болады, жаман болады, ұят боладымен бүкіл ұрпағын тәрбиелеген. Сол тәрбиенің шекпенінен президент те, академик те, қысқасы ұлтымыздың бүкіл қаймағы шықты. Ал шариғатты, яғни дінді кәмелет жасқа толғаннан кейін немесе өзімізді-өзіміз тани бастаған соң біліп, амалға асыра бастаймыз. Соған қарағанда салт-дәстүрдің тамыры тереңде жатыр, – деді жиынды ашып берген орталық директоры Бахтияр Спанов. 

Мешіт имамы салт-дәстүр орталығымен бірлесе көп іс-шаралар ұйымдастырып жүргенін айтты. «Ұлттық рухани тамырымыз – ұлттығымызды ұлықтау, дәстүрімізді дәріптеу, ата-ананы ардақтау, үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеуден бастау алады. Өз тарихыңнан, тіліңнен, салт-дәстүріңнен, мәдениетіңнен қымбат ештеңе жоқ. Сондықтан, да ұлтымызға тән қасиеттерді, дәстүрдің озығын қызғыштай қорғауымыз керек. Рухани тәрбиенің ордасы – отбасы. Біз осы бағыттар туралы салт-дәстүр орталығында отырып шариғат айтып, жастарды еліміздің патриоты болуға, отанды сүйуге, ата-ананы қадірлеуге үндейміз. Біз шариғат маманы бола тұра, жастарға салт-дәстүрден көп хабар береміз. Сондықтан дін мен дәстүр адамның тәні мен жаны сияқты бір-бірінен ажырамайтын түсініктер», - дейді дін өкілі. 

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Түрлі жаңа технологияларды тез меңгеретін, жаңашылдыққа икемі бар, жаңалықтар мен тың идеяларға серпін беретін қоғамның ең өзекті бөлігі жастар. Жастардың діни сауаттылығы – қазіргі қоғамда күрделі әрі өзекті мәселенің бірі. Жастардың рухани санасын оятуда діннің және ұлттық салт-дәстүрдің алар орны ерекше. Ұлттың бүгіні мен келешегі – білімді жастың қолында. Анығырақ айтқанда, тарихын терең білетін, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ қана ел болашағын қалыптастыра алады. Адам діни сауаттылығын арттыру арқылы қоғамға, қоршаған ортаға деген көзқарасы қалыптасып, кемелдену құбылысы жүзеге асады. «Жастардың рухани және діни сауатты болуы – кезек күттірмес мәселелердің бірі. Көп нәрсе білімсіздіктен туатыны даусыз» деген тоқтамға келді дөңгелек үстел қатысушылары.

Жиынды орталық директоры, «Әдет-ғұрып – қазақпен бірге ықылым заманнан біте қайнасып келе жатқан ұстанымдар. Сол себепті мұның халыққа берер пайдасы өте көп. Осындай асыл дәстүрлерімізге жастардың мойнын бұра білсек нұр үстіне нұр болар еді. Сосын келешекте олар өз балаларына аманаттап, насихаттап кетсек, ұрпақ сабақтастығы ешқашан жоғалмай, ұлтымыз мәңгі жасай бермек», деп қорытындылады. 

Ұлттық қол өнерін бойына сіңірген қыз
Ұлттық асық ату ойыны – мергендікке баулиды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу